Рингте шыңдалған рух

Рингте шыңдалған рух

Бұдан отыз жылдай бұрын оның атақ-даңқы жер жарып тұрды. Өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз: кезінде әлем әуесқой боксында көш бастаушы елдердің бірі болған Кеңес Одағы чемпионатының үш дүркін жеңімпазы атанды. Еуропа біріншілігінде алтыннан алқа тақты, Әлем Кубогы мен Ізгі ниет ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізіп, Қарағанды бокс мектебінің мықтылығын күллі әлемге мағлұм етті. Сол тұста оның «Нұрқазов» деген тегі кенді өлке боксының бренді болды десе де жарасатындай…
Қарағанды іргесіндегі Абай қаласының даңқы әдебиет айдынын шиырлаған ақын­дары­мен емес, шаршы алаңды шаңдат­қан боксшыларымен шықты. Са­най берсеңіз, сірә, саусақ жетпес: Бақтай Сәпиев пен Олег Маскаев, аға­йынды Аманбаевтар, Данияр Мұңайт­басов, Наталья Рагозина, Серік Сәпиев. Міне, Абай қаласы дегенде, облысымыз бен еліміздің даңқын жер-жаһанға жайған осы жерлестеріміздің есімі ауызға алдымен ілігеді.
Әлбетте, бокс әлемінің кө­гін­­де жарқыраған бұл шоқ­жұл­­дыздың ішіндегі Серік Нұрқа­зовтай аты аңызға айналған саң­лақтың алар орны тіпті де ерекше. Уақыт шіркін не деген зымыран десеңізші, кеше ғана шаршы алаңда қайрап салған көк семсердей жарқылдап, қарсыласына жауар бұлттай түйілген жас жігіт бүгін жігіт ағасы шағына жетіп қалыпты.
Абай қаласында тұратын қатардағы кеншінің отбасында дүние есігін аш­қан Серіктің боксқа келу тарихы кездей­соқтыққа толы болды. Бала күнінде қаладағы бокстың негізін қалаған Андрей Райштың мектебінде, алғашқы жаттықтырушысы Виктор Петышиннің қарамағында жаттықты. Ойын баласы емес пе, бірде сырғанақ теуіп жүр­генінде иығын шығарып алып, бокстың қолғабын балконға лақтырған. Жарақаты жазылған соң, доп қуып, тіпті футболдан өткен қала біріншілігіне де қатысты. Тастап кетпегенінде, өзінен тәп-тәуір футболшы шығар ма еді, кім білсін?! Содан, несін айтасыз, бағын сынап көрмеген спорттың саласы қалмады десе де болады: баскетболға да барды, жеңіл атлетикамен де әуестенді. Сөйтіп, жүйрік көңілі дес бермей, әр тарапқа ала қашып жүргенінде, Абайдағы №2 орта мектептің 8-сыныбын бітірер уақыт та жеткен. Әкесі Төкен азаматтық борышын Әскери-Теңіз флотында өтеген матрос еді, соған еліктеп, теңізшінің оқуына барғысы келген. Бірақ ол ойынан бір-ақ сәтте айныды. Құдай тілеуіңді бергір Қайсаров деген азаматтың ақылына құлақ түріп, Қарағанды дене тәрбиесі және спорт техникумына құжат тапсырды.
Техникумда оқып жүргенінде қа­ла­ның «атышулы» ауданындағы жатақ­ха­нада тұрды. Дәл осы жерде бала күнінде ермек қылған боксты қайыра еске алуына тура келді. Қараңғы көшеде, тар жерде достың намысын жыртып, болмаса қыз алдында қыр көрсеткен тентектермен ерлерше ырғасып, жұдырығы жойқындардың үстемдігі жүретін ортадағы тартыстың дәмін талай татты.
Содан не керек, өмірдің өзі был­ғары қолғапты қайта кигізген. Біржан Жахин сынды білікті бапкердің қол астында жаттыға бастады. Бұл кез­дері техникумның директоры Ғалым Жарылғапов-тұғын. Дарынды бозба­ланың қарымын байқап жүрген Ғалым ағаның бұған деген ағалық қамқорлығы да кемерінен асып-төгіліп жататын. Қыл аяғы үйіне шақырып алып, күнделікті жаттығулардан сілікпесі шыға шаршайтын студентті тамаққа тойдырып та жіберуші еді. Кейіндері облыстық спорт комитетінің төрағасы болған жылдары да Ғалекең Серік Нұрқазов секілді сирек талант иесін алақанында ұстады. Жаны жайсаң ағаның өзіне көрсеткен осыншама қамқорлығын бүгінгі күнде жиі еске алып, аруағына бас иіп отыратыны да содан.
Серік Нұрқазовтың былғары қол­ғап­тың теңдессіз шебері болып қалып­тасуына еңбек сіңірген бірден-бір жан әйгілі жаттықтырушы Леонид Тілеу­баев еді. Әу баста Серік жаттығу залына келіп-кетіп жүрген көптің бірі ғана болған екен. Өзі оңқай, дене бітімі де әлжуаздау дегендей… Бапкердің сұңғылалығы да сонда ғой, қатардағы боксшының бойындағы бұйығып жатқан бұла күшті байқап қалған. Тәуекел етіп, оңқай боксшыны солақайдың «стойкасына» тұрғызып көрген еді, құданың құдіреті, Серік табан астында түлеп шыға келген. Аз ғана уақыттың ішінде оның рингтегі жұдырықтасу мәнері де түбірімен өзгеріп, сол қолының соққысы сақпанның тасындай тиетін боксшыға айналып жүре берген.
Бокстағы ең алғашқы ірі жеңіс Серік Нұрқазовқа КСРО халықтарының спартакиадасында келді. Одақ чемпионатына бара-бар бұл жарыста ол қарсыластарын жапыра жеңіп, чемпион атанды. Одан кейін жастар арасындағы КСРО чемпионатын ұтып алды. 1978 жылы Серік Нұрқазов КСРО жастар құрама командасына қабылданып, 57 кило салмақ дәрежесінде сынға түсе бастады. Бір жылдан кейін ересектер құрамасына ауысып, содан он жылға тарта уақыт командада КСРО-ның намысын жыртқан сайыпқырандардың сапында болды.
Серіктің құрама командада жүріп, армянның атақты боксшысы Самсон Хачатрянмен арада ұзаққа созылған спорттық тайталасын аға буын өкілдері әлі естен шығара қоймаған. Күні бүгінге дейін жыр ғып айтатындары бар. Бір қызығы, шаршы алаңда бітіспес қарсылас саналған екеуі, былайғы өмірде дос пейілді адамдар болған. Күні бүгінге дейін телефонмен хабарласып, хал-жағдайларын білісіп тұрады екен. Спорт шіркіннің жұрт түсініп болмас көп сиқырының бірі де осы-ау.
«Жақсыда жаттық жоқ» деген, үлкен спортта жүргенінде шаршы алаңның небір хас шеберлерімен достығы жарас­ты. Камиль Сафин, Серік Қонақбаев, Василий Ширшов, Асылбек Қилымов сынды Олимпиялық додаларда, әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлде алып жүрген жігіттермен дос-жаран болды. Сол достықтың жүлгесі күні бүгінге дейін үзілмей келе жатыр.
Сөз жоқ, Серік Нұрқазовтың үлкен спортта бағындырған ең биік асуы Еуропа чемпионаты болды. 1983 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен осы біріншіліктің ақтық айқасында ринг иесі Пламен Камбуровпен қолғап түйістірді. Қарсыласын айқын басымдықпен ұтпаса, жеңістің ауылы алыс болатынын жақсы ұққан. Содан да болар, бойдағы күш-қайраттың бәрін салып, қарсыласын қуалап жүріп сабаған. Абдырап қалған төрешілерде Серіктің қолын көтеруден басқа амал қалмап еді-ау, сонда…
Үлкен спортта жеңіс пен жеңілістің кіндігі бір егіздердей қатар жүретіні бар. Серіктің де спорттық жолы алма-кезек ауысқан сәттіліктер мен сәтсіздіктерге толы болды. Еуропа чемпионатын ұтып алғаннан кейін Мюнхенде өткен әлем біріншілігіндегі өзекті өртеген өкініш әлі күнге дейін естен кетпейді. Ширек финалда қарсыласын тықсырып, екі аяғын бір етікке тығып жатқанында, қырсық шалып, қабағы жарылды да, жарыстан шығып қалды. Дәл осындай бармақ шайнатқан өкінішті сәт тура төрт жылдан кейін де қайталанған. Әлем чемпионатының жартылай финалында америкалық боксшымен айқасқа түсіп жатқан. Қоян-қолтық келіп қалған бір тұста қарсыласының басы тиіп, кеңсіріктен жарақат алды. Төрешілерге де керегі осы болатын: жекпе-жектің аяқталуына тура 15 секунд қалғанда жеңіп тұрған жігітті америкалық боксшыға жығып берген.
Олимпиада чемпионы болуды құді­реті күшті бір Алла Серік Нұрқазовтың маңдайына жазбады. 1984 жылы ол нағыз спорттық бабына келіп, өз салмағы бойынша құрама командадағы ең үздік боксшы болған. Өкінішке қарай, АҚШ-пен арадағы қырғи-қабақ соғыстың салдарынан кешегі КСРО-ның спортшылары бұл Олимпиадаға қатыса алмады. Есесіне, социалистік лагерьдегі елдер Олимпиадаға балама ретінде Кубада өткізген «Достық» халықаралық жарысында қарсыластарын қирата жеңіп, финалға шықты. Бұған дейін ширек финалда венгр Роберт Гончиді, жартылай финалда болгар Димитар Славчевті 5:0 деген есеппен айқын жеңіп келген Серік финалда алаң иесі – кубалық Адольфо Ортамен шайқасты. Шын мәнінде де буралардың шайқасындай болған бұл жекпе-жектің ақырында төрешілер Бостандық аралының өкіліне қарай таразы басын аударды да жіберді. Есеп – 3:2. Ұрыс үстінде қазақ қабыланы соққысынан бір рет ұшып түсіп, нокдаун алғанына қарамастан, Куба боксшысы осылай жеңісті алып кете барды.
«Мен жетпеген биікті немерем Әлімжан бағындырса, арман жоқ», – дейді ол ағынан жарылып. «Әке көрген оқ жонар» деген ғой, кіп-кішкентай Әлімжан да бокспен әуестенеді екен, оның рингтегі алғашқы қадамына бұл күнде үмітпен қарайды атасы.
Сүйіп қосылған жары Рашида Секеңе үш бала сыйлады. Үлкені Ойрат әке жолын қуып, боксқа барған. Қазақстанның чемпионы атанып, спорт шебері ретінде үміт күттірген боксшының бірі еді, денсаулығы сыр беріп, спортпен ерте қоштасты. Спорттағы сияқты өмірдегі жолы да тартысқа толы болған Секеңе тар жерде тірек болған осы ұлы екен. Бүгінгі күнде Ойраттан туған екі қыз, бір ұл дегенде ағамыздың шығарға жаны жоқ.
Бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін де Серік Төкенұлы спорт маңайы­нан алысқа ұзай қоймады. Астана мен Қарағанды қалаларындағы бір­қатар спорт мекемелерінде басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, өзінің ұйымдастырушылық қабілеті зор екендігін де таныта білді. Осы­дан біраз бұрын жоғары спорт шебер­лігі мектебінің директоры болып тағайындалып, жаңа қызметті білек сыбана атқарды. Қазіргі таңда бұл жерде беделі мықты жаңа басшының пәрменімен күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қырық жылғы тарихы бар бұл мектеп болашақта спортшыларға әлемдік стандарт бойынша қолдау-көмек көрсететін заманауи мекеме болмақ.
Зады, Секең қолға алған шаруасын аяғына дейін жеткізбей қоймайтын адам. Қарағандыдағы Олимпиялық резервтерді даярлау орталығының басшысы болғанында, бюрократтық кедергілермен күресе жүріп, жаңа бассейн мен жаттығу залы сынды тамаша ғимараттарды салдырып біткенше тыным таппаған шаруақорлығын жұрт жақсы біледі. «Жақсыдан – шарапат» деген емес пе, бүгінгі күнде бұл спорт нысандары Қарағанды халқының игілігіне айналған.
Иә, Серік Төкенұлы Нұрқазовтың есімі қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазылған. Өзінің атақ-даңқын төрткүл дүниеге танытқан қай­сар ұлымен қазыналы қаламыз да лайық­ты мақтанады. Жыл сайын оның туған қаласында еңбек сіңір­ген жаттықтырушы Андрей Райш пен ең­бек сіңірген спорт шебері Серік Нұрқа­зовтың жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында бокс жарысы өтіп тұрады. Халқы қадірлеп, Абай ауданының құрметті азаматы атағын берген. Қарағандының қайсар ұлы Серік Нұрқазовтың боксшы ретінде ел спортына қосқан үлесі ұшан-теңіз болса, бүгінгі күнде оның облыс спортының дамуына сіңіріп жүрген еңбегі де орасан.
Қарағанды боксы дегенде, ауызға алдымен Серік Нұрқазовтың ардақты есімі ілігеді. Бес күндік мына жалғанда жұмыр басты пенде баласына бұдан артық мәртебенің керегі бар ма десеңізші?!

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
журналист.
ҚАРАҒАНДЫ.
etjendi.egemen.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста