Сарапшы Батыр Жүкембаев үшін алдағы айқастағы үлкен қауіпті атады
Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаевтың (18-0, 14 КО) пуэрторикалық Сабриэль Матиаспен (16-1, 16 КО) өтетін алдағы жекпе-жекте басымдығы бар. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында BoxRec.com редакторы Филипп Сен-Мартен осындай пікір білдіріп, қазақстандық боксшы үшін жалғыз қауіпті атады.
"Жүкембаевтың бұл турнирде басымдығы бар сияқты. Оның шеберлігі өзге қатысушыларға қарағанда жоғары екені анық. Дегенмен Матиастың соққылары жойқын. Жекпе-жектердің бірінде оның қарсыласы көз жұмған (Максим Дадашев). Ал Жүкембаев бірнеше рет нокдаунда болған. Басты қиындық осы. Егер қазақстандық ауыр соққы өткізіп алса, турнирден шығып қалады. Алайда Жүкембаевтың шеберлігі мен тәжірибесі жеткілікті деп ойлаймын. Ол өз мүмкіндігін көп күтті, енді оны жібере қоймас", - дейді Сен-Мартен.
Батыр Жүкембаев 29 мамыр Лос-Анджелесте Showtime ұйымдастыратын бокс кешінде жұдырықтасады. Бұл айқас IBF ұйымының "төртеудің турнирі" жарысының бір бөлігі болады. Екінші жартылай финалдық жұп британиялық Льюис Ритсон (21-1, 12 КО) мен аргентиналық Йеремиас Понсе (27-0, 17 КО). Турнир жеңімпазы IBF чемпионымен жекпе-жекке шығады.