Спортшыға құрмет көрсету керек-ақ, бірақ олардың босаңсып кетуіне мүмкіндік бермеген жөн

Спортшыға құрмет көрсету керек-ақ, бірақ олардың босаңсып кетуіне мүмкіндік бермеген жөн

Марат МӘЗІМБАЕВ, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, «Жамбыл» бокс клубының директоры:

– Спортсүйер қауым сізден көз жазып қалған сияқты. Елге белгілі азаматтар Астана мен Алматыны жағалайды. Ал сіз туған өлкеге оралыпсыз…

– Мен спортқа он үш жасымда келдім. Қолыма былғары қолғапты киген күннен бастап өзім туып-өскен ауылым Қордайдан Алматыға көшіп кеттім. Сонда білім алып, спорттың қайнап жатқан қазанына топ ете түстім. Алатаудың баурайында талай жеңіске жетіп, жеңілістің де ащы дәмін таттық қой. Кәсіби боксқа біржолата бет бұрған соң елден кетіп, жырақта өмір сүруге тура келді. Мәскеу қаласында біршама уақыт тұрып, одан әрі мұхит астым. Өзімнің сүйікті ісім – боксқа жастық шағымды арнадым, жанкешті еңбек еттім. Құдайға шүкір деймін. Спорттың арқасында халықтың ақ батасын алып, көсегем көгерді, ұлтымның бір ұлына айналдым. Ал Таразға атбасын бұруымның бірінші себебі – туған жерге тағзым етіп, перзенттік парызымды өтегім келді. Екіншісі – осындағы ағаларым ілтипат білдіріп, облыс боксының дамуына септігімді тигізуді өтініп, қызмет ұсынды. Мен бас тартпай, қуана-қуана келістім. Міне, көзді ашып- жұмғанша үш жыл да өте шығыпты.
Бастапқы бір жылда Тараздағы №3 облыстық мамандандырылған Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарсам, соңғы екі жылда «Жамбыл» бокс клубын басқару мәртебесіне ие болдым.
– Бүгінде Жамбыл өңірінің боксына тікелей жауап беретін лауазымды қызметте отырсыз. Өткен жылы әулиеаталық былғары қолғап  шеберлері жоғары жетістікке қол жеткізді. Ел біріншілігінде командалық есепте бірінші орын еншілеп, Федерация кубогын да жеңіп алды. Бұл серпілістің сыры неде?
– Жеңістің сыры ауызбіршілікпен атқарылған өнімді еңбекте деп білемін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жігіттермен бірлесе отырып, чемпиондардың мекені саналатын – Жамбыл өңірінің боксын қайта жандандыру туралы келісімге келдік. Алла амандық берсе, алдымызға қойып отырған мақсаттарымыз аз емес. Жоғарыда айтқан сөздеріңіздің жаны бар. Өткен жыл біздің боксшылар үшін өте табысты болды.
Тараз төрінде өткен Қазақстан чемпионатында үш бірдей батырымыз алтыннан алқа тақты. Оған бір күміс пен бес қоланы қосыңыз. Бұл жеңістің ізін суытпай, әулиеаталық оғландар тұңғыш рет Федерация кубогына қол жеткізді. Біз бұл жетістіктерімізге тоқмейілсімейміз, келесі жылы Олимпиаданың лицензиялары сарапқа салынады. Осы сынға тыңғылықты дайындалатын боламыз.

– Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Қ.Бозымбаев жергілікті боксшылардың шеберлігін шыңдау үшін бас бапкерлікке кубалық маман Мануэль Элизандо Кастильоны шақырған болатын. Жалпы, шетелдік жаттықтырушыдан не үйрендік?
– Жамбыл боксының шоқтығы әу бастан жоғары, әлі де асар асуы алда деп сенемін. Кубалық маман Таразда тура бір жыл жұмыс істеді. Қанат Алдабергенұлы шетелдік бапкерді Жамбылға еріккеннен шақырған жоқ. Сол тұста бокстың айналасында жүрген азаматтардың алауыздығы спорттың осы түрінің дамуына өз кесірін тигізгенін жасыруға болмайды. Ал сіздің сауалыңызға тоқталатын болсам, білікті маманмен тәжірибе алмастық, бірлесе отырып көптеген оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бір сөзбен айтқанда, өзімізге пайдалы жақтарын ала білдік…
– Бапкерлік – өте күрделі әрі жауапты жұмыс. Бір кездері облыс құрамасының бас бапкері болған Н.Ақүрпеков иісі қазаққа Бақтияр Артаевтай Афины Олимпиадасының чемпионын тәрбиелеп берді. Көзді ашып-жұмғанша, арада 11 жыл уақыт өтіпті. Содан бері Бақтиярдың ерлігін қайталаған батыр шыққан жоқ бұл өлкеден. Ал қазір облыс құрамасын кімдер жаттықтырып жүр?
– Қазір облыс құрамасының бас бапкері – Көпбосын Сыдығалиев деген азамат. Бұл кісінің терең білімі, мол  тәжірбиесі бар. Кезінде Н.Ақүрпековпен бірге жұмыс істеп, Бақтияр Артаев пен Ғани Жайлауовтың қол жеткізген жетістіктеріне өлшеусіз үлесін қосқан. Сонымен қатар астаналық бірқатар жаттықтырушымен де қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Біздің бапкерлер құрамы осал емес.
– Өзіңізді бапкерлік қырыңыздан байқап, шәкірт тәрбиелеп көрмедіңіз бе?
– Жылдар бойы шаршы алаңда жиған-тергенімді, көрген-білгенімді жігіттерге үйретіп, ақылымды айтып отырамын. Қолымнан келгенше жан-жақты қолдау көрсетуге де барымды салып келемін. Нақты бірнеше баланы қоластыма алып, шәкірт тәрбиелеп жатқан жоқпын. Жауапты қызмет мойныма артылған соң, облыс құрамасында өнер көрсететін баһадүрлердің барлығына ұстазбын ғой (күліп).
– Марат аға, сіз кезінде кәсіпқой бокста атой салып, елге талай жарқын жеңістер сыйладыңыз. Спортшының асығы алшысынан түсуі үшін физикалық дайындықпен қатар ұлттық рухтың да жоғары болуын жоққа шығармайтын шығарсыз? Біздің кейбір жігіттер осы жағынан ақсап тұрғандай көрінеді…
– Дұрыс айтып отырсыз. Әрине, бұл мәселеге келгенде, қол қуысырып отырған жоқпыз. Барлық боксшының басын қосып, жиын жасап тұрамыз. Рухани әңгімелер айтып, әрбірінің жан-дүниесіне үңіліп, сыр шертісеміз. Көп спортшылар жеңіліс тапса, бірден сағы сынып, кішігірім ішкі күйзеліске ұшырайды. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында психолог мамандардың қызметтеріне жүгініп келеміз. Қазіргі таңда былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңда алаңсыз айқасулары үшін барлық жағдай жасалған.
– Сіздің есіміңіз қазақ спорты тарихына кәсіпқой бокстан тұңғыш әлем чемпионы деп жазылды. Бүгінде кәсіпқой боксқа әлемнің қызығушылығы, сұранысы өте жоғары. Тіпті, бұл спорт бизнеске де айналып кетті. «Сәл жастау болғанымда, талай жерде топ жаратын едім» деген ойлар кейде қылаң беретін шығар?..
– (Марат аға жылы жымиды) Жоғарыда тілге тиек еткенімдей, мен бағымды спорттан тапқан адаммын. Құдайға шүкір, өзегімді оттай өртейтін ешқандай өтінішім жоқ. Десе де әуесқой боксқа ден қойып, Олимпиадаға баруды армандадым. Өкінішке қарай, бұл мақсат-мұратыма қолым жетпеді. Соның салдарынан да кәсіпқой боксқа кештеу келдім. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деп бекер айтылмаған. Өзімнің кәсіпқой бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы екенімді мақтан тұтамын әрі еліме осындай сый тарту еткенім үшін шексіз бақыттымын.
– Спорттық бабыңызды сақтап жүретін сияқтысыз. Бокс залына жиі бас сұғасыз ба?
– Міндетті түрде, спортпен тұрақты түрде айналысып тұрамын. Жүгіремін, бассейнге барамын, бокс залына да жиі бас сұғып, денемді шынықтырамын. Бала күннен спортпен кәсіби тұрғыдан айналысқан кісіге спорттан мүлде қол үзу денсаулыққа зиян. Өзіммен бірге достарымды да саламатты өмір салтын ұстануға үгіттеймін.
– Бүгінде қолғапты орынтаққа айырбастадыңыз. Жалпы, шаршы алаңда жұдырықтасқан жеңіл ме, әлде басшы болған оңай ма екен?
– Екеуі де оңай деп айта алмаймын. Қандай істі қолға алсаң да, бірінші жауапкершіліктің ауыр жүгін сезінесің. Мен біреуге бастық болсам, нәтижелі жұмыстың есебін менен талап ететін басшы қаншама. Одан кейін білім мен зеректіктің де рөлі зор. Үкіметтен бөлінген қомақты қаржыны тиімді игеру де үлкен ақыл-ойды талап етеді.
– Шүкір, әлемдік аренада қазақтың туын биікке көтеріп жүрген спортшыларымыз бар. Кәсіпқой бокста Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Қанат Исламның жекпе-жегін  бақылап, жігіттермен байланысып тұрасыз ба?
– Етене араласамыз десем, шындыққа жанаса қоймас. Бірақ көрген жерде сәлеміміз түзу. Жуырда Қанат бауырымыз Астанаға келгенде, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, жақсы басқосу болды. Қанаттың қазіргі промоутері Нельсон Лопес бұрын менің бапкерім болған. Ол да мен тұрған АҚШ-тың Майами қаласының тұрғыны екен. Алла қолдап, ізімді басып келе жатқан інілерім тек жеңіс тұғырынан көрінсін деп тілеймін.

– Жасыратыны жоқ, жер-жаһан мойындап отырған екі спортшымыз бар. Оның бірі – қарсылас шақ келтірмей жүрген Генадий Головкин болса, екіншісі – ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Илин. Ал қазақ жігіттері бір рет әлем немесе олимп шыңын бағындырған соң спортты қойып, басқа салаға кетеді немесе жайлы орынтақты қанағат тұтады. Бұл тоқмейілсу ме, әлде жалқаулық па?
– (Үнсіз отырып ойға шомды) Бірінші өз жайымды айтайын. Мен кәсіпқой бокста тағы біршама уақыт жүруім мүмкін еді. Бірақ денсаулығым сыр беріп, спортпен қоштасуға мәжбүр болдым. Ал Ермахан досым үшін жауап беретін болсам, оның екінші Олимпиадаға қатысуына тікелей жасы кедергі келтірді. Серік Сәпиев те өз шама-шарқын таразылап, Лондон Олимпиадасынан кейін қолғабын шегеге ілді. Әзірге олимп шыңын екі яки үш рет бағындырған қаракөздер жоқ. Бәлкім, болашақта шығып қалар, үміт үзбейік.
– Марат аға, мұның сыры қазақ спортшыларының елдің құрмет-қошеметін, мақтау-мадақтауын көтере алмайтынында жатқан жоқ па?
– Оның да рас (күліп). Шынында, біздің қазақ өте жомарт халық қой. Ұлы бәйгеден озып келсе, соңғы атын сойып, той жасайды. Біздің спортшылар чемпион атанса, бір жылдай сый-құрметтің астында қалады. Үнемі жиын, той, жер-жерлерден ағылып жататын көл-көсір сыйлықтар, мақтау сөз… Содан кейін дайындық жайында қалады. Әрине, бұл дұрыс емес. Осы мәселе төңірегінде спортта жүрген шенеуніктер бір шара қолдануы тиіс. Чемпионға тиісті жағдай жасап, демалатын уақытын да белгілеп қойған жөн. Келесі жарыстарға сақадай сай болуын жіті назарда ұстау қажет деп санаймын. Әр адам басына қонған бақты абыроймен көтере білсе…
– Спортшылар арасында бәсекелестік, бақталастық деген болады ғой. Айтыңызшы, боксшылар арасында шынайы достық бар ма?
– Әрине, бар. Айталық, Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақтың мақтанышы Ермахан Ыбрайымов екеуіміз 1987 жылы Алматыда оқуға бірге түскенбіз. Ол кезде мен 7-сыныпты бітіріп келсем, ол 9-сыныпты тәмамдаған еді. Міне, содан бері 27 жылдай уақыт өтсе де, арамыздан қыл өтпестей доспыз. Бүгінде отбасымызбен жақын араласамыз. Сондай-ақ Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаевтармен қатар шетелде қаншама досым бар. Тіпті, шаршы алаңда қарсылас, бәсекелес болған жігіттердің өздері жақын бауырға айналды. Шет мемлекеттерге шыға қалсам, аяғымды жерге тигізбей, құрметтеп, қонақжайлылық танытып жатады.
– Жоғарыда спортшы достарыңыз көп екенін атап өттіңіз. Бір дастархан басында жиналған сәтте қандай әңгіме айтылады. Жалпы, сіздерді қазақ қоғамындағы нендей мәселелер толғандырады?
– Спортшылар қауымы да осы қоғамның бір мүшелері ғой. Оның үстіне ұрпақ өрбітіп, бала тәрбиелеп отырған әке болған соң, айналамызда орын алып жатқан көп дүниеге бейжай қарай алмайсың. Балалардың болашағы үшін алаңдаймыз. Ұл-қыздарымыз жоғары әрі сапалы білім алса, еліміздің беткеұстар азаматтары болса деп армандаймыз. Мен орыс мектебінде білім алып, көп жыл Ресейде тұрдым. Бірақ перзенттерімнің тілі қазақша шықты. Қазір үлкендері қазақ мектебіне, кішкентайларымыз қазақ балабақшасына барады. Негізі елжандылық ұлы сезім ғой. «Елді сүю – иманнан» деген сөз бар. Адамның жүрегіндегі ел-жұртына арналған сүйіспеншілігі отбасынан бастау алады. Мәселен, өз басым көп жекпе-жегімді сыртта өткіздім. Бірақ 2005 жылы ұлтжанды азаматтар демеушілік жасап, Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында кезекті айқасым өтті. Ата-анам, бауырларым, туған-туыстарым, достарым залда отырды. Расында, қатты толқыдым, уайым жанымды жегідей жеді. Бірақ бір Аллаға сыйынып, кеудемдегі намысыма сеніп шықтым. Шүкір, бәрі ойдағыдай аяқталды. Бұл жерде айтпағым, ұрпағымыздың рухы асқақ, өр намысы болса, өмір өткелдерінде кездесетін қиындықтарды оңай еңсереді.
– Осы жекпе-жегіңіздің Алматыда өтуіне атпал азамат, белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың мұрындық болғанын білеміз. Жамбыл облысында спортқа жаны ашып, меценат болып жүрген қолы ашық, жомарт азаматтар бар ма?
– Ағалық қамқорлықтарын аямайтын кісілер ортамызда ғой. Спортқа жасалған жағдай елге қызмет етудің айнымас үлгісі дер едім. Бауыржан ағамыз – қазақ спортының жанашыры. Бүгінде Алматы облысында спорттың бокс, күрес түрлеріне ерекше көңіл бөліп, өзі басы-қасында жүр. Жергілікті кәсіпкер ағаларымыздың көмегі өз алдына, «Қазфосфат» ЖШС күкiрт қышқылын өндiру зауытының басшылары да облыс спортына жанкүйерлік пейіл танытып келеді. Бұдан бөлек, облыс бюджетінен спортқа қомақты қаржы бөлінеді. Міне, өзіміз отырған «Жамбыл» боксы клубына арнап керемет ғимарат салынды. Қазір ешқандай мұқтаждығымыз жоқ, тек еңбек етуіміз керек.

– Енді өзіңіздің отбасыңыз туралы сөз қозғасақ. Сізді ел көпбалалы әке деп айтып жатады. Қыздарыңыз спортқа бейім бе?
– Аллаға шүкір, төрт-ақ қызым бар (күліп).
– Артынан ұлдар ерсін, аға!
– Әумин! Соның ішінде екінші қызым – Мединам бала кезінен спортқа бейім болды. Өзі бір орында отырмайтын тынымсыз еді. Үш жасынан бері көркем гимнастикамен айналысады. Бүгінгі таңда Алматы қаласында ата-әжесінің қолында тұрып, білікті мамандардан білім алуда. Жақында ел бірінішілігінде топ жарды. Жаратқан осы қызыма менің жолымды беріп, үлкен спортта бағы жанса деймін.
Тіпті, әкесінен асып, Олимп шыңын бағындырса екен деп армандаймын. Ал қыздарымның боксқа қатысуларына үзілді-кесілді қарсымын.
– Емен-жарқын әңгімеңізге көп рақмет! Жеңістеріңіз көп болғай!

Сұхбаттасқан – Индира БАЙҚОНЫСОВА, «Sport» газеті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста