Жас боксшыларымыз "Төрт елдің" турнирінде топ жарды
Бокстан Қазақстан жастар құрамасы Испанияда «Төрт елдің» турниріне қатысып, командалық есепте бірінші орын алды, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Испания жерінде өткен аталмыш турнирде Ирландия, Литва, Қазақстан және шаршы алаң иелерінің жас былғары қолғап шеберлері бақ сынаған болатын. Турнирдің қорытындысы бойынша Ғалым Кенжебаевтың шәкірттері барлық қарсыластарын жеңіп, жалпы командалық есепте бірінші орын алды.
Негізі, «Төрт елдің» турнирі алты салмақ бойынша, бір айналым жүйесінде, яғни барлық құраманың боксшылар бір-бірімен айқасты. Нәтижесінде барлық қарсыластарынан айласын асырған қызылордалық Сабыржан Әбілов (60 келі), астаналық Садредин Ахмедов (64 келі), тараздық Әбілхан Аманқұл (75 келі) алтын медальді иеленсе, алматылық Стоян Мазур (52 келі) мен қарағандылық Влад Стабловский (69 келі) күмісті қанағат қылды.
Ал, тараздық тағы бір талантты боксшы Әлімхан Бескемпір «Төрт елдің» турнирінен қола жүлде олжалап қайтты.