Жеңіліс таппаған нокаутшы Головкинді чемпиондық атақтан айыруға ниетті
Бразилиялық боксшы Эскива Фалькао (29-0, 20 КО) IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннен (41-1-1, 36 КО) чемпиондық белбеуін тартып алуға ниетті екендігін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Өткен жылдың қараша айында Фалькао канадалық Патрис Вольниді жеңген соң Халықаралық бокс федерациясының (IBF) талабы бойынша Головкиннің міндетті қарсыласы атанды. Енді оңтүстік америкалық былғары қолғап шебері Головкин мен Мурата жеңімпазымен кездесуге үмітті.
"Геннадий Головкинмен өтетін айқасты мүлт жібермеуге тырысамын. Бразилиядан жаңа әлем чемпионы шығатын кез келді. Бұл тек уақыттың еншісінде", - дейді Фалькао terra.com сайтына берген сұхбатында.
Еске салайық, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында күміс пен 2011 жылы әлем чемпионатында қола жүлде еншілегеннен кейін Эскива кәсіпқой боксқа ауысқан болатын.
Ал Головкин мен Мурата арасындағы айқас 2021 жылдың желтоқсан айында өтуі тиіс еді. Алайда жекпе-жек кейінге шегеріліп, қос тарап келісе алған жағдайда айқас сәуірде өтуі мүмкін.