Әншілік пен шеберлікті серік еткен Саят

Әншілік пен шеберлікті серік еткен Саят

«Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер»  демекші, домбырасын жанына серік еткен күміс көмей әнші, серілерімізді халқымыз қашан да төбесіне көтеріп, сый-құрметтен кенде етпеген. Әсіресе, кешегі Ақан, Біржан, Мұхит, Кенен, Әміре, Ғарифолла, Манарбек, Жүсіпбек, Дәнеш сынды дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдері шырқаған әндер халқымыздың жадынан ешқашан өшпек емес. Өйткені шынайы өнер қашан да өміршең және «ат тұяғын тай басар» дегендей, бүгінде осынау өнер өкілдерінің ізін жастар жалғастырып келеді. Жастайынан халық әндерінің қыр-сырына қанығып өскен дарынды жастың бірі – Саят Нұрғазин. Еліміздегі шоқтығы биік музыкалық ұжым «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі Саят – бүгінгі дәстүрлі өнердің белді өкілі.

Қазақта «Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала, уызына жарымаған көтерем қозыдай болады» деген сөз бар. Ал Саят дүниеге келісімен, Нағимадай анасының ақ сүтін құшырлана жұтып жатып, күмбірлеген домбыраның қоңыр үнін ұйып тыңдайтын. Былдырлап тілі шығып, құлдыраңдап жүре бастаған шағында Саят әкесінің қолындағы домбыраға жармасып, икемсіз саусақтарымен домбыраның шектерін жарыса тартқылап өсті. Талай талантты тудырған қасиетті топырақ Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылының тумасы Саяттың әкесі Мұрат Нұрғазин жас кезінде атақты әнші Мәди Бәпиұлының және халық әндерін шебер орындауымен талайдың таңдайын қақтырған екен. Бірде Мұраттың ауылына ат басын бұрған қазақ өнерінің өр тұлғасы Жүсіпбек Елебеков жас жігіттің халық әндері мен дәстүрлі әндерді кәсіби деңгейде шырқайтынын көріп, оны Алматыға оқуға шақырады. Алайда сол уақытта белгілі себептермен қалаға бармай, ауылда қалған азамат бала-шағасын қатардан қалдырмай жеткізіп, тәлімді тәрбие береді. Нұрғазиндер отбасының ұл-қыздары түгел ән салады, домбырада ойнайды. Дегенмен тоғыз баланың кенжесі Саят өзінің бойындағы өнерін өміріне серік етіп, дәстүрлі әнді кәсіби түрде меңгерді.

Бүгінде ордабұзар отызға келіп қалған Саят ең алғаш рет сахнаға шыққанда бар болғаны 12 жаста еді. Ол мектеп қабырғасында жүргенде ауылда үлкен концерт ұйымдастырылып, сонда майталман әнші Мәдениет Ешекеевтің алдында ән шырқайды. «Бұдан кейін Мәди Бәпиұлы, Нұрғиса Тілендиев, Кенен Әзірбаев атындағы қаншама байқауларға, концерттерге қатыстым, талай сыйлық та алдым. Бірақ ең алғашқы қатысқан концертімде Мәдениет Ешекеевтің қолынан сыйлыққа алған кішкене домбырам мен үшін ең бағалы сыйлық. Сол кішкене домбыра әлі күнге үйімде сақтаулы», – дейді әнші жігіт.

Саят Нұрғазин, дәстүрлі әнші:

– Мен мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде оқыдым. Осы білім ордасында белгілі әнші Қайрат Байбосынов ағамыздың сыныбында білім алдым. Бүгінде «Сазген сазы» ансамблінде солистпін. Меніңше, бүгінгі заманда эстрада басым болып тұрғанымен, дәстүрлі әнді тыңдайтын, бағалайтын адамдар бар. «Қазақтың жүз әні», «Қазақтың мың әні» секілді жинақтар дәстүрлі өнердің өркендеуіне қосылған үлкен үлес деп білемін. Ата-бабамыздан қалған дәстүрлі өнер сынды баға жетпес рухани құндылығымызға қызығатын жауқазындай жастар да өсіп келеді. Анда-санда ауылға барғанымда қалада оқуға қолы жетпей жүрген талай талантты балалардың бар екенін байқап, бір жағынана қуансам, бір жағынан мені солардың болашағы толғандырады. Кезінде ауыл-ауылды аралап, сыңғырлаған бұлақтардың көзін ашқан өнер жанашырларының жоқтығы, әркім өз басының күйін күйттейтіні өкінішті. Болашақта дәстүрлі өнердің эстафетасын жалғайтын ұрпақ тәрбиелесем деген ойым бар. 

Дәстүрлі ән өнерінің марғасқалары Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серінің және Тұрсынғазы Рахимов, Кәкімбек Салықов, Шәмші Қалдаяқов сынды ақын-сазгерлердің әндерін орындап жүрген сері жігіт Саят – тек әнші ғана емес, он саусағынан өнер тамған шебер. Ол өзінің сахналық домбыраларын өз қолымен жасайды. Шебердің айтуынша, Абай ұстаған қалақ домбыра – дәстүрлі әншілерге ең қолайлысы. «Шеберханада 3-4 жігіт бірігіп үйеңкіден, қызыл ағаштан домбыралар жасаймыз. Көбіне мен өзім жасаған домбыраларымды өнердегі ағаларыма, жора-жолдастарыма сыйға тартамын», – дейді ол.

Келденбай Өлмесеков, дәстүрлі әнші:

– Саят – әнге жан-тәнімен берілген адам. Ылғи ізденісте жүреді. Міне, мен қалай Алматыға келемін, ол солай менің қасыма еріп, кеңес сұрап, жаңа әндер алуға тырысады. Баяғыда Жүсіпбек Елебеков: «25-тің қадірін 50-де білесің», –  деп отыратын. Меніңше, Саяттың даусы енді ашыла түседі, өйткені қазір оның нағыз бабына келген шағы. Саят бүгінде «үлкен әнші» деген атқа жетіп қалды. Саят секілді жастарға қызығамын. Біз жас кезімізде ән айтқанымызбен, дәл қазіргі жастардай кәсіби деңгейде емес едік. Бұлар бізден асып түсті. Ризамын. Мен айтар едім, қазіргі таңда Саяттай дарынды жастардың басындағы үлкен проблема – баспаналарының жоқтығы. Өйткені олардың үй алуға ешқандай мүмкіндіктері жоқ. Өнердің соқтықпалы сүрлеуінде жүрген өр жастар ешқашан ешкімге алақан жаймайды. Бұлардың қамын Үкімет ойлауы керек қой. Бәріне емес, тым болмаса, ең таланттыларына үй берсе, ол да адамға рух берер еді. Тілді, ділді дамытатын әншілер. Өйткені әртістер аудитория жинайды. Бүгінгі күннің басты мәселесі – қазір әнмен тәрбиелеушілер аз. Фонограмма тыңдаушының құлағын кетіріп жүр. Халық нағыз әнді ұға алмай, қай-қайдағы қияңқы, жылаңқы әндерге ауысып кетті. Дегенмен «ел іші өнер кеніші» дегендей, небір ұшқыр әншілеріміз, ғажап күйшілеріміз жоқ емес. Тек соларды оқытатын оқу орындары аздау, өнерге қамқорлық керек.


Сонау Сыр бойынан Алтайға дейін, Алатаудан Жайыққа дейінгі ұшан-теңіз даланы жайлаған халқымыздың ғасырлар бойы жасаған музыка мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, рухани қазынамызға құйылып жатары хақ. Әннің қасиетін қадірлей білетін қазақ барда дәстүрлі өнер ешқашан түгесілмейді. Тек теңіздің түбінде жатқан інжу-маржандай бай өнерімізді келешек ұрпақтың бойына сіңіріп, тәрбиелеу – әр қазақ отбасының және кез келген музыка маманының міндеті екенін естен шығармасақ болғаны. Кешегі дүлдүл әншілеріміздің ізін Саяттай жастар жалғастырса, ертеңгі күні Саят сынды бүгінгінің жастары тәрбиелеген ұрпақтың өнері өздерінен асып түсеріне сеніміміз мол.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста