2014 жыл: Жұрт назарын аударған журналистер
Қазақстандық интернет қолданушылар арасында жиі талқыланған тақырыптар тізбесін бір қарап өткесін, төмендегідей пікір айтуға негіз тапқан сияқтымыз. Жалпы, «Қазнетте» болсын, бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, қазақ тілді журналистердің үлкен күшке айналғаны биылғы жылы анық сезілді.
Өкініштісі, біздегі оқырман аудиториясының қазақ тілді және орыс тілді болып бөлінетіндігін шебер пайдалана білетін саяси технологтар ұлттық баспасөзді екінші орынға ысыру әдетінен танған жоқ. Атқарушы билік те қазақ тілді ортаны ақпаратпен қамтып келе жатқан қазақтілді БАҚ-ты баяғысынша елеусіз қалдыруға тырысты. Осыған қарамастан, Жылқы жылы отандық журналистердің ақпарат майданындағы қызметі нәтижелі болып, әріптестеріміз үлкен белсенділік танытты. Айтулы оқиғалардың ортасынан табылып, өздері де сол оқиғалардың басты кейіпкерлері бола білді. Олар:
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, журналист, «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының Бас редакторы.
Биылғы жылдың сәуір айында жарық көрген «Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған санынан кейін журналистің басы дауға қалып, сот шешімімен бірнеше айыппұл салынды...
Ауыт МҰҚИБЕК, ақын-публицист.
Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Ауыт Мұқибектің көші-қонға қатысты мақалалары жыл бойы оқырман тарапынан қызу қолдау тапты. Оның әйгілі «Нағашыма хаты» abai.kz сайтында жарияланған соң, Ақордаға шақырылып, көш туралы көшелі ойлары «үлкен әңгімелердің» арқауына айналды. Ауыт мырзаның Abai.kz ақпараттық порталында жарық көрген мақалалар жиынтығы «Көш, көшке кім өш?» атты кітап болып басылды.
Қасым АМАНЖОЛҰЛЫ, журналист.
Белгілі журналист Украина жеріне арнайы барып, саяси шиеленісті боямасыз бейнелейтін репортаждар желісін жасаған болатын. Бірақ, оның деректі фильмінің жалғасын эфирден көрсетуге тиым салынды...
Өркен ЖОЯМЕРГЕН, журналист.
Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына қосылуына қарсы іс-шара өткізбек болып ақпарат таратпақ болғаны үшін Өркенге «ұсақ бұзақылық» жасады деген айып тағылып, үш тәулікке қамауға алынған еді...
Тоқтар ЖАҚАШ, журналист.
«Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған «Ұлттық арна – ұрылар мекені ме?» атты журналистік зерттеуі арқылы интернет-қауымдастықты дүр сілкінтті. Зерттеуді көшіріп жариялаған порталдар кейіннен жазбаны алып тастауға мәжбүр болған...
Дина ТӨЛЕКОВА, журналист.
Әлеуметтік желілер арқылы сындарлы пікірін ашық жариялайтын әріптесіміз қоғам өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысты білдірген ойларынан кейін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы қызметінен кетті...
Гүлбану ӘНИЯТҚЫЗЫ, журналист.
«31» арнаның Астана қаласындағы меншікті тілшісі Қоянды ауылындағы жер дауына қатысты оқиға орнына ақпарат таратудағы азаматтық ұстанымы арқылы әлеуметке әйгілі болды. Гүлбанудың журналистік жұмысы қазақ блогерлері тарапынан сынға ұшырағанын да айтуымыз керек...