22 жасында "Верный" қаласының атауын "Алматы" деп өзгерткен қайраткер
Алаш ардақтыларының арасынан қазақ халқының қамын жеп өткен мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың алар орны ерекше. Оның артына қалдырған рухани мұрасы да ұшан-теңіз. Ораздың жарық дүниедегі ғұмыры да қамшының сабындай тым келте болды. Қырық жастың қырқасына да іліге алмай кетті. Небәрі 39 жыл ғана өмір сүрді. Замананың зардабын шектірген 1937 жылғы сталиндік репрессияның құрбаны болған оның ұлтының ұжданы үшін жасап кеткен жасампаздығы халқының жүрегінде қалды. Сондықтан да оның есімі мен еңбегін елі құрметтейді.
Күні кеше ғана Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Ораз Жандосовтың 115 жылдық мерейтойына арналған «Ораз Жандосов – ағартушы, ғылымды ұйымдастырушы және реформатор» атты тақырыпта ғылыми конференция болып өтті. Аталған конференцияға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ораз Жандосовтың артында қалған ұрпақтары, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорлары, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ұжымы, Жандосов туып-өскен Қаскелең қаласының тұрғыны 96 жастағы Елбасымыздың ұстазы Сейітхан Исаев және Алматы облысының Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Райымбек ауданының өкілдері қатынасты.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Исабайұлы Есполов конференцияны кіріспе сөзбен ашып, қайраткер Жандосов жайлы тұшымды баяндама жасады:
– Ораз Жандосов мерейтойының біздің университетте аталып өтуінің ерекше мағынасы мен өзіндік сыры бар. Ол мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, олбілімі мол, зерделі зерттеуші ғалым. Өз заманындағы еліміздің әлеуметтік, ауылшаруашылық салаларын терең зерттей отырып, ұлттық мәселелерді шеше білген азамат ретінде тарихта қалды.
Биік мақсаттарды алдына қойған қайрткер тұлға ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі үлкен экспедицияны басқарып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1930 – 1932 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының директорлығы қызметін абыроймен атқарды. Осы бір қиын-қыстау кезеңде институт қабырғасынан аграрлық саланың бір шоғыр білімді мамандары түлеп ұшты. Оның ұйымдастыруымен елімізде бірнеше жоғары оқу орындары ашылды. Мәселен, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті, Ауылшаруашылық және Зооветеринарлық институт және орта білім беретін тағы бірнеше мекемелер. Алматыдағы мемлекеттік кітапхана да Жандосовтың ұйытқы болуымен ел игілігіне берілген болатын.
Тарихшыларымыздың деректеріне сүйенсек, 1918 жылы небәрі 19 жасқа келген Ораз Жандосов Қазақстандағы іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу керек деген мәселе көтерген. Ал, жиырма екі жасқа келген шағында ол «Верный» қаласының атауын «Алматы» етіп өзгерту бұйрығына қол қойған.
Отызыншы жылдардың басында орын алған ұлы жұт кезінде де Ораз Қиқымұлы талай жанды аштықтан аман алып қалғаны жайында көп айтылады. Жағдай өршіп тұрған кезде Жандосовтың араласуымен Орталық Қазақстанның біраз жеріне астық егіліп, жергілікті халықтың нанға қолы жеткені тарихтан белгілі. Ораз Жандосов есімі Әлиби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақтың марқасқа түлғаларымен қатар аталады.
Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбіжанов, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Г.Нұрымбетова, республикалық қоғамдық-саяси «Мысль» журналының редакторы С.Құттықадам сынды белгілі тұлғалар Жандосов жайлы салиқалы ойларын ортаға салды. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбіжанов қатынасушыларға конференция материалдарының жеке жинақ болып шығатынынан хабардар етті. Жиналғандар алдында Қарасай ауданындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің бірінші сынып оқушысы Шаймерден Әскен мен тоғызыншы сынып оқушысы Әлзира Манабаевалар көркемсөз оқу шеберліктерімен көпшілікке таңдай қақтырып тастады. Ораз Жандосовқа арналған бұл конференция қатынасушыларды баурап алып, тартымдылығымен тамаша өтті. Конференция аяқталғаннан кейін Ораз Жандосовтың әруағы мен рухына арналып ас берілді.
Суреттерді түсірген М.Ботабеков