28 миллион теңгеге өлең оқу кешін ұйымдастырған Мақпал Мыса деген кім?
Танымал ақын Мақпал Мысаның 28 миллионға әдеби кеші қазақстандық БАҚ назарынан тыс қалмады. Бұл қаражат бюджеттен бөлінген екен, бұған қоса, журналистер іс-шараны ұйымдастыруға байланысты жасалған келісімшартты да нысанаға алған. Мақпал Мыса деген кім? Мәселенің шығуына не түрткі болды? Бұл туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді.
Zertteu Research Institute мәліметінше Мақпал Мысаның бесінші өлеңдер жинағы бойынша кітабының тұсаукесеріне орай әдеби кеш биыл 23 ақпанда Nomad City Hall театрында өтіпті. Техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мерзімі ақпан-наурыз деп көрсетілсе, келісімшарттың өзі тек 3 сәуір жасалыпты. Ең қызығы мемлекеттік сатып алулар сайтында іс-шараны ұйымдастыруға бюджеттен 28 миллион теңге бөлінгені көрсетілген. 
 
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, Мақпал Мыса 1983 жылы 26 желтоқсанда Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген. Ол - XVI ғасырда өмір сүрген би және поэт Шоған абыздың ұрпағы. Болашақ ақын өлеңдерін 10 жасынан бастап шығара бастапты. Мектепте оқып жүрген сәтінде бірнеше республикалық жарыстардан жүлделі орындарды иеленіпті. Өзі өлең жазып жүріп, басқа тілдерде жазылған шығармаларды да аударумен айналысады. 
Айта кетейік, Мақпал Мыса ақындықпен бірге, редакторлық және журналистік мамандықтарды қоса алып жүрген.  
Мақпал Мысаның есімін 2019 жылы "100 жаңа есім" жобасының іріктеуінен кейін бүкіл Қазақстанға танымал болды. Осы жылы ақпан айында Елбасының республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау кезінде Мақпал «Алыстама» деген өлеңін оқып, дүйім жұртты тебірентеді. 
"100 жаңа есім" атанған соң қатты қуандым. Қуанышыма қанат бітірген негізгі себеп, осындай ірі жобада алғаш рет әдебиет саласынан жеңімпаз шығып отыр. Әдебиетке осылай көңіл бөлінгеніне қуандым. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" дейді, жобаның марапаттау рәсіміне дайындық барысының өзі керемет қызық әсерлерімен есе қалды. Қалай болар екен деген қобалжу да болды. Дайындық кезінде министр Дәурен Абаев Елбасымен кездесуде патриоттық тақырыпта өлең оқып беруімді сұрады. Бірақ, кездесуде сөйлейтін сөздерімді өзгертіп немесе редакциялаған жоқ, өз көңілімдегі сөздерімді дайындадым.
Салтанатты жиналыстың барынша шынайы өтуін қаладым. Өзге қатысушыларға да осы ойымды айтып, бір шеңберге қамалып қалмауға жігерлендірдім. Бұған қоса, Елбасы залға кіріп келгенде маған керемет әсер етті. Өз үйімде, ата-анаммен бірге отырғандай сезіндім. Тіпті кең залда тек жақын адамдарым отырғандай болды. Осы әсермен Елбасының алдында еш қысылмай, барынша еркін сөйледім. Тіпті алдын-ала келіскендей патриоттық өлең емес, өз қалауымдағы өлеңді оқыдым. "Сен меннен алыстама" өлеңі Елбасына да, басқаларға да өте ұнады", - дейді Мақпал Мыса жоба туралы Abay.kz порталына берген сұхбатында. 
Жазушылар мен журналистер одағының мүшесі атанған ол дәл осы жобадан кейін бағы жанғанын жасырмайды. 
"Тағы бір айта кетерлігі, "100 жаңа есім" жобасы арқылы тағы бір жаңа қырым ашылды деуге болады. "Дауысыңыз әдемі екен, неге телеарнада немесе радиода жұмыс істемейсіз" деген ұсыныстар көбейді. Дәл қазір облыстық газетте жұмыстамын. Газеттегі жұмыс өзіме қанша ұнаса да, шығармашылығыма қанша қолайлы болса да жоғардағы ұсыныстарды байқап көруге бекіндім. "Алматы телеарнасында" эфирге шығатын "Сәуле ғұмыр" әдеби-танымдық бағдарламасын жүргізуге келістім. Бұл бағдарлама маған жақын, кейіпкерлерін танимын. Еркін әңгімелесе алам. 15 мамырдан бастап "Алматы" телеарнасында көрсетіледі. Бұған қоса "Хабар" телеарнасынан да ұсыныс алдым. Егер авторлық, әдеби бағдарлама болса неге бағымды сынап көрмеске", - дейді ол.
"Шақырған елін, жұртын нұрлы асуға,
Шынарлар өседі екен шың басында.
Бағына қазағымның бере салған,
Біртуар ер боларсыз бір ғасырда.
Құшатын тауларының өркеші нұр,
Жайнайтын етегінде көрпесі гүл.
Жолбарыс кие болып түсіне енген,
Сүйінбай, Жамбыл бабам өлкесі бұл.
Қыран боп көкті тіліп самғағанда,
Ақ жолын Абылайдың жалғағанда.
Жол бастап даңғыл жайдың, ер арысым,
Алашым ақ батасын арнағанда", - деп Мақпал Мыса Елбасыға өлең арнапты.
36 жастағы Мақпал Мыса саясатқа көңіл бөлген сыңайлы. Ол Алматы облысының мәжіліс депутаттағына үміткерлердің "Nur Otan" партиясының тізіміне енген. 
"Алматы облысынан ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық тізімге қосылу үшін пікірсайыс қорытындысы бойынша жоғары дауыс жинаған 8 кандидаттың аты-жөні жарияланып, озып шыққандардың есімі таныстырылды. Үшінші кезеңде 116 дауыс жинап, алға шықтым. Бұл жаңалықты сіздермен бөліскім келді. Нағыз жауапкершіліктің жолы енді басталды. Қоғам неғұрлым танылған сайын, тек өзінің болашағына жақсы ықпал ететін дәстүрлерді ғана сақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа берудегі жауапкершілігін соғұрлым танитын болады", - деп жазыпты Мақпал бұл туралы Instagram-дағы парақшасында.
Мақпал Мұса қазан айына дейін жалғасқан "Nur Otan" партиясының праймеризінен де қалыс қалмапты.
"Бүгінгі өткен жария пікір сайысы ойдағыдан да әсерлі өтті. Әсіресе сауал қою жағынан түйткілді мәселелер көтерілді. Әріптестерімнің сайлауалды бағдарламаларына сәйкес сұрақтар қойдым. Өзіме жолданған сауалдарға қатысты ой бөлістім", - деп жазыпты ол.
Ең қызығы, дәл осы парақшасында ақын осы жылы өткен әдеби кешті ұйымдастыруға ақпарат министрі Аида Балаеваның жәрдем бергенін атап өтіп, жазба қалдырған. Алайда ол БАҚ назарына ілінгеннен кейін бұл жазбасын өшіріп тастады. 
Сіздерге ақынның өлеңдерін ұсынамыз: 
Құстар даусын сағынғанда,
Таңмен тұрам ертемен.
Өлең деген бағым барда,
Дүние,
неткен көркем ең!
Таң әуенін шертесіңдер,
Ерке құстар,
Еркесіңдер...
Өлеңімді өбектесем,
Ертегіге ертесіңдер.
Таң - жарығым,
төккен арай,
Күн көзімді өпкен арай.
Тағы сенен көктем көріп,
Көңілім көшті көкке қарай.
Қанаттылар таңнан қызық,
Қалықтаймыз арман сызып.
Аспан,
Сенің ақ мойныңа
Берейік пе маржан тізіп?!
Бақыт құстың бағына ерем,
Не сұрайсың тағы менен?
Білгің келсе аспан жайлы
Қара менің көздеріме
Оқиды олар тағы да өлең.
 
Өмір ғой
Өзгерді даланың да әні,
Күз, сені келем жырлаумен.
Жалғанның жанарындағы
Жалт ете қалған бір дәурен.
Жүйрігін баптасын бәрі,
Тағдырдан келем нұр сұрап.
Қазанның қақпасындағы
Жанып бір өшкен бір шырақ.
Өткен күн менің өмірімдегі
Тұратын сынды мұнардан,
Күз деген шіркін көңілімдегі
Бір үміт...
сосын бір арман...
Мұңымды менің жалғамас қайғы,
Жыр жазып қоям түн қатып.
Қолтықтап мені тауға бастайды
Жетелеп жүрген бір бақыт.
Әуелеп көкке әнің қашатын,
Көңілде қалар барлығы.
Бақыт іздесең бағыңды ашатын
Өмір ғой күздің әр күні...