31 арна 17-маусымын бастады

31 арна 17-маусымын бастады

Шынжырлаулы тұрған шындықты шырылдата айтып, отыз рулы елге таратумен көрерменнің көңілінен шығып жүрген 31-арна былтыр бірден өз бағытын өзгертті. «Ойбай, 31-ді орыстар сатып алыпты» деп жұртшылық шу ете қалғаны естеріңізде болар. Олай деуге ресейлік СТС арнасының 31-арнаның 20 пайыздық акциясын сатып алғандығы негіз болған еді. Алайда бұл, шын мәнінде, ел шошырлық жағдай емес, керісінше, жаңа заман талабына сай хабар тарататын арнаға айналу үшін жасалған игі қадам болса керек. Айтса айтқандай-ақ, TNS Gallup Media Asia компаниясының жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде, 2008 жылдың қорытындысы бойынша, 6 мен 54 жас аралығындағы аудиторияны қамтитын 31-арна ұлттық арналар арасында көшбасшы орынға ие болыпты. Бір жыл ішінде еліміздегі ең ірі әрі жалғыз ойын-сауықтық арнаға айналған 31-арна биылғы жаңа маусымын айтарлықтай жаңалықтармен бастады. Арнаның бас директоры Нұржан Мұхамеджановамен болған әңгіме төркіні де осы төңіректе өрбіді:

dsc_3477

Нұржан Мұхамеджанова, 31-арнаның бас директоры:

– Арнамыздың жаңа телемаусымын біз «Қазақстандағы телеиндустрия саласында сапалы түрде қазақ тіліндегі қомақты бағдарламалар жоқтың қасы» деген пікірді жоққа шығарамыз деген ұлы мақсатпен бастадық. Ана тіліміздегі бағдарламалардың техникалық, телевизиялық, технологиялық сапасын жаңа деңгейге көтеру үшін біз осы жаз бойына еңбектендік. Бұл техникалық тұрғыдағы мақсат болса, шығармашылық тұрғыда біз көрерменнің көңілін көтеруді басты бағыт етіп алдық. Өйткені көрерменнің көңілі көтеріңкі болғанда ғана олардың өмір сүруге деген құлшынысы да арта түседі. Ала жаздай еңбегіміздің нәтижесінде біз көрерменге көптеген жаңалықтар әзірледік, соның ішінде юмористік бағыттағы «Әзіл-студио», «Әңгіме болсын» атты екі үлкен жаңа бағдарлама ұсынғалы отырмыз.
Жаңа маусымның екі жаңа бағдарламасын жасауды арна басшылығы Қазақстанның КВН құрама командасына сеніп табыстапты. Еліміздегі ең танымал квнші Нұрлан Қоянбаев жоба жетекшісі ғана емес, ол – арнаның жаңа келбеті де.

dsc_3425

Нұрлан Қоянбаев, 31-арнаның атқарушы продюсері:

– Аптасына бес күн бойы әзіл-қалжың арқылы көрермен көңілінен шығу – әрине, оңай емес. Өзімізге дейінгі әзіл-сықақ бағдарламаларынан басты ерекшелігіміз де осында, бұл жерде тақырыптар көп әрі сан алуан. Мәселен, жарты сағаттық бір бағдарламаның өзіне қысқа-қысқа он-он бес тақырыптағы 25-30 әзіл сыйғызуымыз керек. Жаз бойына біз 20 тақырып бойынша 300-ден астам эпизод түсірдік. Мәселен, кинотеатрдағы, таксидегі жағдай, дәрігерлер туралы қалжың, МАИ қызметкерлері, саясат, экономика, ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Тез таусылып қалмауды да ойластырдық, сол үшін біз тақырыптарымызды маусымға сай бөлдік. Ал екінші «Әңгіме болсын» бағдарламасының ең басты ерекшелігі – елімізде әзірге оған ешбір баламаның жоқтығында. Бұл ток-шоу, скетч-шоу да емес, әлемде орын алып жатқан түрлі оқиғаларды, мәселен, Барак Обаманың Президент болуынан бастап, «Тур де Франста» Астана велоспорт командасының жеңуіне дейінгі түрлі салалардағы айтарлықтай жаңалықтарды жай бір ас үйде отырғанда айтатын әңгіме формасында халыққа ұсынамыз. Мұндағы мақсат – қатып қалған ресми сұхбаттың өңін сындырып, кез келген жағдайды еркін әңгіме түрінде талқыға салу, былайша айтқанда, жаңалықтардың бейресми формасы.

Аталған екі бағдарламадан да басқа арнаның жаңа жобалары баршылық. Атап айтқанда, белгілі журналист Қасым Аманжол жүргізетін саяси-әлеуметтік сипаттағы «Пікір алаңы» бағдарламасы еліміздегі белгілі саясаткер, экономист, банкирлерінен бастап, өнер адамдарына дейінгі зиялыларды пікір тартысына түсірсе, «Білгірлер бәйгесінде» оқушылар мен студенттер білімі сынға түспек. Осы тұста биылғы маусымда арнаның келбеті боларлық үш бірдей жаңа жүргізуші қосылғанын айта кетсек. Оның екеуінің есімдері жоғарыда аталса, (Нұрлан Қоянбаев, Қасым Аманжол) үшіншісі – осы «Білгірлер бәйгесінің» жүргізушісі Нұрлан Әлімжанұлы. Мұның сыртында бұрыннан шығып келе жатқанмен, жаңа маусымда пішін жаңғыртқан бағдарламалар тағы бар. Ал түрік сериалдарын сүйіп көретін көрерменге арнаның тартар ең үлкен сыйы – «Көкжалдар мекені» сериалы. Түркияда ғана емес, бүкіл Еуропа мен Азия елдерінде жылдар бойы жоғары рейтингін жоғалтпай келе жатқан бұл сериал жаңа маусымнан бастап әр кеш сайын сағат 21.30-да көрсетіліп отырады. Балалар да базарлықсыз қалмайды. Олар «Уолт Диснейдің» қызықты мультфильмдерін ендігі жерде таза қазақ тілінде тамашалайтын болады. Аталған жұмыстардың барлығы 31-арнаның қазақтілді бағдарламалар редакциясының өнімді еңбегінің нәтижесі екендігі даусыз. Енді оған бағаны халық көзімен көріп, көңіл елегінен өткізгеннен кейін беретіні даусыз. Бір өкініштісі — басқа да коммерциялық арналар секілді 31-арнаның да ірі қалаларды ғана қамтып, алыс ауылдардағы көрерменге жете алмай отырғандығы. Осы мәселені қозғайтын хаттар күн сайын лек-легімен келетіндіктен, арна басшылығы алдағы уақытта міндетті түрде мұның шешімін табады деген сенімдеміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста