... депті
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
Құрал-сайман толып кетіпті ғой...
Мұқағали Мақатаев бір жолы Ақтөбеге барады. Обылыстық газетте қызмет істейтін ақын Мұхтар Құрманалиннің бөлмесіне кірсе, ол кісі жоқ екен де, бірақ жас қызметкер отырса керек.
– Мұхтар қайда? – деп сұрайды одан Мұқағали.
– Редактор шақырып еді, қазір келіп қалар, отыра тұрыңыз.
Мұқағали үстелді саусақтарымен шерткілеп: «Мұхтар да Мұқа, Мұқағали да Мұқа», – дегенді қайталап айта береді. Әлгі жігіт қарап отырмай:
– Мұқаң көп болғанмен, Мұхтар біреу ғой, – депті.
Мұқағали оған жалт қарайды:
– Дұрыс айтасың, бала, атың кім өзіңнің?
– Құрал.
Осы кезде бөлмеге басқа бір жігіт кіріп келеді. Ол Мұқағалиды танып, қол ұсынып, сәлем береді.
– Ал сен кімсің? – деп сұрайды Мұқағали:
– Болат Теміров деген ақын ініңізбін ғой, – дейді жаңа келген жігіт:
Сонда Мұқағали:
– Оу, редакцияларыңа құрал-сайман, темір-терсек толып кетіпті ғой, – деген екен.
Елдің патшасына теңеді
Ақын Шынберген Сүлеймен қызылордалық айтыскер-ақын Айдос Рахметовтың бет әлпетіне қарап оны Барак Обамаға теңепті.
Сонда Айдос:
Шынберген қарсыласым не деп кетті,
Біздерді Обама деп елеп кетті.
Болар елдің балалары деген осы,
Бір елдің патшасына теңеп кетті, – деген екен.
Жұмақтың кілті ананың аяғында
Астана қаласында өткен бір айтыста Нұрмат Мансұров Сара Тоқтамысоваға біздің елге келін бол дейді, Сара Оңтүстікте келін ененің аяғын жуады деп келін болмайтынын айтқан екен. Сонда Нұрмат:
...Сеніменен қосылып мен де жуам,
Сен перзенттік пейілді аядың ба.
Саражан-ау сен сонда білмеуші ме ең,
Жұмақ кілті ананың аяғында. -депті.