66 жылдық тарихы бар кілем мұражайға тарту етілді
Абай мұражайы құнды жәдігермен толықты. Ұлы ойшылдың 100 жылдық мерейтойында Абай бейнесі бейнеленген, қолдан тоқылған кілем сыйға келген. Сол зат күні бүгінге дейін ақынның шөбересі Ғазел Жағыпарқызы Мағауинаның үйінде сақталып келіпті. Ғазел апа дүние салар алдында осы жәдігерді Абай мұражайына тапсыруды туыстарына аманат етіпті. Сол аманатқа қиянат жасамай, Ғазел Жағыпарқызының туыстары кілемді таяуда мұражайға әкеліп тапсырды.
Мұражай қызметкерлері «бұл – таптырмас жәдігер әрі үлкен олжа» деп отыр. Тықыр кілем техникасымен тоқылған құнды жәдігердің орта тұсында Абайдың шың басында қағаз-қалам ұстап отырған бейнесі бейнеленген. Бірақ кілемді кімнің тоқығаны белгісіз. Бір белгілісі – оны ақынның бір ғасырлық мерейтойына арнайы тоқып әкелген. Мамандар кілемді, бәлкім, сол кезде Ғазел апаға сыйға тартқан болар деп топшылап отыр.