70 жасқа толған Досхан Жолжақсынов ұлан-асыр той жасады
Танымал қазақ актері Досхан Жолжақсынов 70 жасқа толды. Айтулы мерейтойына орай өнер иесі той жасап, қазақтың танымал тұлғаларын қонақ етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Досхан Жолжақсыновтың жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында "Отан" орденімен марапатталды. Бұл жаңалықтан актердің жұбайы Қарагөз Сүлейменова хабардар етті.
"ҚР Мемлекет хатшысы Көшербаев Қырымбек Елеуұлы Досханға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген "Отан" орденін табыстады. Досекеңнің 70 жылдығына орай арнайы отырыс өтті.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да құттықтауын білдірді. Мың да бір рақмет.
Қазақ өнеріне, кино, театр өнеріне танытқан қолдауларыңызға рақмет. Еңбектің еленгені шығармашылық адамға қашан да шабыт сыйлайды. Жан жақтан келіп жатқан құттықтауларға да үлкен алғыс", - деп жазған ол.
Артынша, Досхан Жолжақсынов өнердегі барша әріптестеріне дастархан жайып, мейрамханада ұлан-асыр той жасады.
Тойда Төлеген Мұхамеджанов, Иманғали Тасмағанбетов, Жақсылық Омар сынды танымал тұлғалар да бой көрсеткен.
Досхан Жолжақсыновтың дүбірлі тойын желідегі оқырмандары өте жылы қабылдады. Олар ізгі тілектерін жаудырып, Досхатн қазақ кино өнерінің "мэтрі" деп атады.
"Өнердің майталманы, қазақ киносы арқылы қайсарлықты дәріптеуші өнер иесі Досхан ағаның мерейтойы құтты болсын! Деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылық шабыт тілейміз!", "Досхан ағанын мерейтойы құтты болсын, сіздерге де жұғысты болсын", "Той деген осындай болуы керек, кешелі бері барлық жерден тойды көріп қуанып жатырмыз", "Идеал ағалардың бірі, тойы құтты болсын", "Қазағымның майталмандары жасай беріңіздер", "Еңбегі еленіп, жоғарғы марапаттарға бөлене берсін, нағыз қазақтың біртуар азаматы, денсаулығы мықты болып, ұзақ өмір тілейміз", - деп жазды олар.
Актер мерейтойында жұбайы Қарагөз Сүлейменовамен бірге ән шырқап, көптің ілтипатына бөленді.
KAZ.NUR.KZ.