«А-ға» оралу» – 3D форматындағы тұңғыш қазақстандық кино

«А-ға» оралу» – 3D форматындағы тұңғыш қазақстандық кино

Соңғы кездері аяқ алысын нықтап, көрермен қауымды кәдімгідей елеңдетіп отырған «Қазақфильм» киностудиясының жаңашыл жұмыстарына тілеулес көңілмен ондағы қолға алынған әрбір жобаға, әрбір жаңа туындыға сәттілік тілеп, шыққан кинолардың бірін де қалт жібермеуге тырысып жүргеніміз рас.
«Біткен іске сыншы көп» дегендей, қазіргі уақытта түсіріліп жүрген отандық фильмдерге сын айтып, мін тағушылар жетіп-артылады. Бұл заңды да. Дегенмен бүгінгі қазақ киносы қайта түлеу кезеңін бастан өткеріп, тамырына қан жүгіре бастағанын баса айту керек. Сіз, бәлкім, «қазір кім болса сол кино түсіріп кетті» деп уәж айтарсыз. Десек те, көп дүниенің ішінен уақыт өте келе таңдаулы туындылар өзі-ақ дараланып шыға береді. Көп дүние, ең алдымен, бәсекелестік тудырады. Ал бәсеке сапаға алып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, о баста негізі қаланған қазақ киносының ертеңінен үмітімізді үзбегеніміз абзал.
«Қазақфильмнің» соңғы жетістіктерінің бірі, қазіргі күні еліміздің кинотеатрларында жүріп жатқан «А-ға» оралу» атты фильм қазақстандық кинематографияның 3D форматындағы үлкен серпілісі деуге болады. Бұл заманауи технологияның киноға әсері де бөлек. Озық технологияның көмегімен мұндай форматта фильм түсіру деңгейіне жету – бүгінгі қазақ киносының жемісі.
Фильм алғашында «Қара майор» деген атауға ие болған. Мазмұны мен пішіні, түсірілу сапасы жағынан ерекшеленетін кинотуынды Ауған соғысы тақырыбына арналған. 30 жылдан астам уақыт өтсе де, сұрапылдың азабы мен тозағынан өткен Ауған соғысының ардагерлері туралы бірде-бір отандық фильм түсірілмеген екен. Қазіргі таңдағы «Қазақфильм» киностудиясының бағыт-бағдарындағы мұндай бетбұрыстар көңіл қуантады. Аталмыш фильмді арнайы тамашалауға келген Мемлекет басшысының өзі осы ойымызды дәлелдей түскендей: «Жас­тарымыздың көбінен айырылдық, көбі мүгедек болып қалды. Оларды ұмытпай, тарихты есте сақтау үшін бұл – жастарға өте өнеге болатын фильм», – дей келе, соғыс кезінде ерлік көрсеткен қазақ ұлдарының өмір жолын жастарға көрсетіп, өнеге ету игілікті де ізгілікті іс екендігін айтып өткен болатын.


Фильмде қазіргі заман мен сонау Ауған соғысы тұсындағы оқиғалар сабақ­тастырыла суреттеледі. Онда Кеңес өкі­метінің өздерін мәнсіз-мағынасыз өлімге айдағанын білмей, Отан алдындағы антты орындау үшін жанын қиған, мүгедек болып қалған, жан жарасы әлі жазылмаған мыңдаған жауынгер-интернационалистің бастан кешкен оқиғалары көрініс табады. Оны көрген жан өз аяғымен кетіп, қаралы табытта қайтқан ұлын жоқтап, қабырғасы қайысқан ата-ана қасіретін, соғыстың салған зардабын терең ұғынады.
Ауған соғысының ардагерлері Марат Аюмов пен атақты «Қара майор» Борис Керімбековтің өміріне негізделген фильмнің сюжеті көрерменін еліктірмей қоймасы анық. Оқиға бойынша қазақ­стандық кинематографистер мен Ресей телевизиясының жас қызметкерлері «Ес­кендір Зұлқарнайынның ізімен» атты деректі фильм түсіру үшін Алматыдан Ауғанстанға аттанады. Түсіру тобы жолбасшылыққа кезінде Ауған соғысына қатысқан ардагерді алады. Бірақ оның сол соғыста КСРО-ның арнайы әскери жаса­ғында, мұсылман батальоны құрамында, аты аңызға айналған «Қара майордың» қолбасшылығымен ұрыс салғанын, сол шайқастардың бірінде аяғынан айырыл­ғанын, сондықтан оның Ауғанстанға оралуының құпия сыры барын ешкім білмейді. Оның осы жаққа оралуына сүйегі ауған жерінде қалған досының артынан қайтадан іздеп барып, рухына тағзым етіп қайтуына сүйген жарының өзіне деген осынау кіршіксіз сезімі әсер еткен еді. Жау оғынан аяғы қатты жарақат алғанда өзіне қол ұшын созған аяулы жанның жақ­сылығын ешқашан жадынан шығар­маған.
Теледидар үшін қызықты деректі фильм түсіру ақырында қатерлі сапарға айналады. Бірақ ардагер Марат Айымов осы тұста өзін нағыз білікті жолбасшы ретінде танытады. Оның парсы тілін жетік меңгеруі, ауған жұртының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, «заңдарын» жақсы білуі бір апталық сапарға шыққан түсіру тобын талай зардаптан, қасірет-қайғыдан құт­қарады. Соғысқа аттанып бара жатқанда досы Андрейге Сәуле бір сырғасын сыйға тартқан еді. Арада қаншама жылдар өткеннен кейін әлгі сырғаны ауған жеріндегі қарияның Маратқа ұсынуы фильмнің қорытынды түйініне жақын­датып, идеялық мазмұнын аша түседі. Ауғанстан сапарынан оралған Марат Сәулеге сол сырғаны қайта табыстайды.
Жалқы сырға сыңарын табады. Режиссер осынау көркем шешім арқылы өмірдің барлық мән-мағынасын түйін­дейді. Адам жанын жегідей жейтін мазасыз ойлар тұңғиығына қаншама тағ­дыр тұншығып жатыр. Бірақ Марат сынды адамгершілік парызын алдыңғы орынға қоятын адамдар мұндай тығы­рықтан қай кезде де жол тауып шығады. Бір айта кетер жайт, басты кейіпкер Марат Айымов – өмірде бар жан, оның прототипі – «қазақ­стандық Маресьев» атанған Жұмабек Аюбаев. Ол сол соғыста әскери опера­циялардың бірінде аяғынан айырылған.
Фильм желісіндегі «Қара майор» – өз қолымен Ауған жеріндегі стратегиялық маңызды, ең қауіпті саналған Пандшер шатқалында үш ай бойы дұшпандарға бой бермей, Кеңес әскерінің қатынасына жол ашып тұрған, кейін жау тылына дейін өтіп, жүздеген дұшпанды жер жастандырған қаһарман. Оның тұлғасын фильм про­дюсері Арман Әсенов сомдаған. Белгілі актерлік тәжірибесі болмаса да, ол қаһар­манының жан дүниесіне терең бойлап, оның бейнесіне ене алған. Сонымен қатар фильмге Сейдолла Молдаханов, Берік Айтжанов, Гүлнәр Досматова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Аша Матай, Фархат Абдраимов және Наталья Арынбасарова, Денис Никифоров, Гоша Куценко, Иван Жидков, Сергей Векслер, Андрей Смоляков секілді белгілі қазақ, Ресей актерлері түскен. Осындай жұлдызды топтың фильмге түсуі кинотуындыны өзгелерден даралап, көрерменін табуға жол ашатыны белгілі.
Бұл фильмді кейінгі ұрпақтың Ауған соғысындағы қазақ батырларының көрсеткен ерлігіне, сондай-ақ майдан даласынан қайтпай қалған отандас­тарымыздың рухына көрсеткен тағзымы деп түсінейік.

Стоп кадр
«А-ға» оралу» – ресейлік атақты киногер Егор Михалков-Кончаловский түсірген Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Бәйтерек» продюсерлік орталығының өнімі. Бұл – 3D форматында түсірілген отандық тұңғыш кинотуынды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста