Абай аурухана алдында тұр
Мәскеуде Абай ескерткішінің, Лондон қаласында Абай үйінің, Делиде Абай көшесінің болуы, Мысыр мемлекетінің астанасы – Каирдің, Германия астанасы – Берлиннің бір көшесінің Абай атамыздың атымен аталуы, Стамбулда Абай көшесіне ескерткіш орнатылғандығы – осының бәрі қазақтың дара перзенті Абайға өзге елдердің көрсеткен құрметі болса керек.
Қазақстанда да Абай атымен аталатын елді мекендер, көшелер және білім мекемелері аз емес. Соның бірі – Алматыдағы Абай даңғылы. Абай даңғылы десе, көз алдыңызға асқақ Алатау бауырындағы Республика сарайы алдында орналасқан алып Абай монументі, ескерткіш орналасқан алаңқайдағы жасыл шыршалар елестейді. Алматыға ат ізін салған қонақтардың Абай ескерткішінің жанында естелік суретке түспейтіні кемде-кем.
Жалпы, біз даңқты бабаларымыз бен ел үшін тер төккен ерлердің есімдерін бұлайша қастерлеу бір жағынан жас ұрпаққа тәрбие болса, екіншіден, өзгелерге өзімізді таныту екендігін ескеріп жүрген жоқпыз. Мәселен, біз көшені әйтеуір атау керек болған соң, белгілі бір тұлғаның есімімен атап, құтыла салатындаймыз. Ол қандай көше – ол жағын ойланбаймыз. Немесе керісінше, аты дардай көшеге көр-жерді жапсырып, берекесін кетіреміз. Осылайша тіпті көшеге аты берілген бабаларымызды мазақ еткендей боламыз.
Павлодар қаласында да Абай көшесі бар. 1945 жылдан бері осылай аталып келе жатқан бұл көше – Кутузов, Лениндердің әлі күнге «құдіреті» жүріп тұрған Павлодар қаласының елеусіз, жұпыны бір тұсы. Ал Екібастұздағы Абай көшесі ше? Кейбір ресми құжаттарда «даңғыл» деген мәртебеге ие бұл көше қашаннан бері Абай ақынның атымен аталып жүргендігін дәлелдейтін бірде-бір құжат табылмағандықтан, көше атауының тарихы қала тарихымен жасты болар деп түйдік. Былай қарасаңыз, Абай көшесі қаламыздағы екі бағыт жолы бар кең көше және дәл орталықта, ұтымды әрі көрнекі жерде орналасқан. Бірақ кезінде басшылар Екібастұздың ең керемет даңғылына айналуға тиіс осы көшенің мүмкіндіктеріне көз жұма қарап, оны автомоншалар мен автодүкендердің, жанармай стансыларының тұрағына айналдырып жіберген. Д.Қонаев және Ә.Марғұлан көшелерімен шектесетін Абай көшесінің ар жағына бармай-ақ, ортасымен бір жүріп өтсеңіз, жолыңызда бір емес, бес-алты жанармай бекеттері мен қаптаған автодүкендер кезігеді.
Бұрын осы көшеде Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінің орын тебуі жарасымды болып, бұл мектеп осы көшенің олпы-солпысын білдірмейтін еді. Бірақ ғимараты тым көне әрі тар болып, аталмыш мектеп басқа жаққа мекенін өзгертті де. Сөйтіп, әзірге бұл көшеде тұрған жалғыз мектеп – №1 мектеп. Сонымен, осы саяхаттан түйгеніміз, Абай көшесінде жалғыз «Бәйтерек» сауда үйінен басқа әдемі бір зәулім ғимарат та жоқ екен. Көшедегі маңызды нысанның бірі «Шахтер» мәдени-демалыс саябағы десек, оның өзі ірі құбырлардың тасасында қалыпты.
Абай көшесі қаланың орталық бөлігі болғандықтан, мұнда көптеген сауда нысандарының шоғырлануы заңды. Алайда бұл көшеде ұлы хакімнің ұлылығын паш ететін елеулі бір белгінің болмауы, біздің Абайға деген бүгінгі көзқарасымыздың деңгейін көрсетіп тұрғандай. Қазіргі таңда бұл көшенің біраз тұстарында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанымен, олардың алдағы уақытта көшенің көркіне көрік қосатындығына күмәндіміз. Көп болса, жаңағы жанармай бекеттері мен автомоншалардың қатары толығар...
Бір қызығы, Абай Құнанбаевтың ескерткіші осыдан екі жыл бұрын қалалық аурухана ғимаратының алдындағы алаңқайға қойылған болатын. Содан бері сол ескерткіштің маңында бір дұрыс мәдени шара өткенін көрмедік, мәдени шара дейміз-ау, ол жерге тірі пенде аяқ баса ма десеңізші. Аурухана маңына қыдырыстауға кімнің барғысы келе қояр дейсіз? Бар болғаны бір рет аурухана ұжымы ескерткіш жанында бір шара өткізгенсіді, одан кейін ақын баба ескерткіші меңірейген тыныштықпен ғана дос. Әйтеуір бар қатырғанымыз, ескерткіш маңы көркейтіліп, гүлдермен әшекейленіпті. Мұның өзіне шүкіршілік дедік.
Бәрінен сорақысы, Абайдың 165 жылдығын бүкіл Екібастұз тым-тырыс қарсы алды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен сұрастырып білсек, өткізбек түгіл, бұл мерейтойға ештеңе жоспарланбапты да. Мұны қалай түсінуге болады, әлде жылда Абай оқуларын өткізуден шаршап қалдық па?