«Абай» деректі драмасы көрсетіледі
Бүгін Алматыдағы Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Қазақстан» телерадио корпорациясының тапсырысы бойынша «Қазығұртфильм» киностудиясы түсірген бес желілі «Абай» деректі драмасының тұсаукесері өтеді.
Шараға фильмнің продюсері Сәбит Әбдіхалықов, сценарий авторы Ерлан Төлеутай, режиссері Нұргелі Садығұлов, операторы Ринат Қосай, Құнанбай рөлін сомдаған әртіс Бауыржан Қаптағаев, Абай рөлінде ойнаған әртіс Жалғас Толғанбай, белгілі режиссерлер Болат Атабаев, Сатыбалды Нарымбетов, Болат Қалымбетов, Жаңабек Жетіруов, ақын-жазушылар Мұрат Әуезов, Дулат Исабеков, Дидар Амантай, Жанарбек Әшімжан және тағы басқалар қатысады.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, «Абай» деректі драмасының сценарисі:
– Фильмді жарыққа шығаруға сегіз ай уақыт кетті. Түсірілім Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданында, Жидебай қорығында, Алматы, Астана қалаларында жүргізілді. Астанадан Тұрсын Жұртбай, Дархан Қамзабекұлы, Ғарифолла Есім, Серік Негимов, Омар Жәлел, Алматыдан Серік Қирабаев, Мұрат Әуезов, Болат Атабаев, Шығыс Қазақстаннан Төкен Ибрагимов, Бекмұхамбет Исабай, Қызылжардан Зарқын Тайшыбай тәрізді атақты абайтанушы ғалымдар деректі фильмде Абай туралы өз ойларын көпшілікке ұсынады. Туындыда Абай өмірі мен шығармашылығының ең елеулі кезеңдері қамтылған.