«Абай ұрпақтары» қолжазба журналы қалай шықты?

«Абай ұрпақтары» қолжазба журналы қалай шықты?

Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-лицейдің мұражайында құнды жәдігер бар, ол  - «Абай ұрпақтары»  әдеби-көркем қолжазба журналы. Сонау 1939 жылдың желтоқсан айынан бері жарық көріп келе жатқан журналдың әр саны тарих беттерінен сыр шертеді.

Мұқаңның өзі мұрындық болыпты
Технология дамыған мынау заманда қолжазба журнал шығару дегеніңіз біреулерге күлкілі болып көрінуі де  мүмкін. Десе де Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-лицейде әлі күнге «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы шығарылып келеді. Бастауын сонау 1939 жылдан алатын қолжазба журналдарды нағыз тарихи жәдігердің өзі десе де болғандай.  Абай ауданына барған сапарымызда парақтары сарғайған, тіпті, кейбір жазулары өшуге айналған осынау қолжазба журналдарының тарихы бізді де қатты қызықтырған болатын.
Қазақ баспасөзінің тарихында қолжазба журналдар бар. Солардың бірі – Уфадағы «Ғалия» медресесінің қазақ шәкірттері шығарған «Садақ» журналы екенін білеміз.  Бұл қолжазба әдеби журнал 1915 жылдың 9 қарашасынан 1918 жылдың 10 ақпанына дейін шығып тұрған. Ұйымдастырушылары әрі шығарушылары  Бейімбет Майлин мен Ж.Тілепбергенұлы болғанымен, «шығарушы «Қазақ» ұйымы» деп көрсетілген екен.
  Өкінішке қарай, «Садақ» журналының ғұмыры қысқа болса,  «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы әлі күнге дейін шығып келеді.  
«Абай ұрпақтары» қолжазба журналының  қазіргі редакторы Айжан Имантаеваның айтуынша,  журналдың жарық көруіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов тікелей ықпал еткен көрінеді. 1939 жылдың күзінде Мұхаң қасына Есмағамбет Ысмайыловты ертіп, туған еліне келеді.  Мақсаты болашақта жазатын «Абай жолы» романына материалдар жинау. Сол сапарында Қарауыл орта мектебінің оқушыларымен кездеседі. Осы кездесуде ұлы жазушы:
- Сендер Абайдың ұрпағысыңдар. Ақын аталарыңның ұлылығын болашақ ұрпақпен ұштастыратын да сендерсіңдер, олай болса, мектеп жанынан әдебиет үйірмесін ашып, «Абай ұрпақтары» атты әдеби қолжазба журналын шығарып тұрыңдар! - деп жиналған қауымға үлкен ой тастаса керек. Сөйтіп, 1939 жылдың желтоқсан айында «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының тұңғыш саны жарыққа шығады.
- Өкінішке қарай, журнал бастан аяқ қолмен жазылып, бір-ақ дана болып шыққандықтан, кейбір сандары сақталмай, қолды болып кеткен. Кейде тіпті,  кейбір сандары мектепке келген  қонақтарға сый ретінде тарту етіліп кеткен де көрінеді. Осы себепті журналдың латын алфавитімен жазылған алғашқы сандары бүгінгі күнге жетпеген, - дейді Айжан Имантаева. Қазір мұражайда 1940 жылы латын әрпімен жазылған бір-ақ саны сақтаулы көрінеді.

Басылымның алғашқы редакторы кім?
Ал «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының алғашқы редакторы кім? Айжан Әбішқызы бізге бұл жайында да әңгімелеп берді. Журналдың редакторы болып мектептің 9-сынып оқушысы, оқу үздігі Талғат Әбенов тағайындалады. Өйткені, Талғаттың сол кезде-ақ жазған дүниелері газет беттерінде жиі жарияланып жүрсе керек. Талғаттың әкесі Мұхаметжан Әбенов әдебиет пәнінің мұғалімі болыпты.
 Журналдың беттері қолмен жазылатындықтан, хатшылыққа жазуы маржандай Кәбира Садуақасқызы, әдебиет бөліміне Сыбанғали Серікбаев, көркемдеуші болып Еженхан Құсайынов таңдалып алынады.
Кейіннен журналдың тұңғыш хатшысы Кәбира апай:
«... 1939 жылдың желтоқсан айында көптен аңсап, әбігер болып күткен «Абай ұрпақтары» қолжазба  журналының ең алғашқы нөмірін жарыққа шығардық. Сол кезде ұлы Мұхтар Әуезовтен, «Октябрь балалары» газетінің қызметкерлері Бәткен Сағындықов (жерлесіміз) пен Баубек Бұлқышевтан құттықтау телеграммалары келді. Журналдың шыққанына сонда бүкіл ел болып қуанды» деп сол кездерді тебірене есіне алыпты.
Қолжазба журналдың жарық көруі облыс, республика көлемінде үлкен оқиға болады. Ол туралы хабарлар республикалық басылымдардың барлығында дерлік жарияланады. Қолжазба журналдың тұңғыш саны шыққанда ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Новгородтың «Тоз» дәптері, Египеттің ширатпа пергамент «Шөншігі», медресе Ғалиядағы кезінде Б.Майлиннің «Шұғаның белгісін» басқан «Садақ» атты қолжазба» журналы сияқты «Абай ұрпақтары» да ел есінде мәңгі сақталады» деп  ақ батасын береді.
Журналдың алғашқы редакторы болған  Талғат Әбенов  1941 жылы Абай орта мектебін алтын медальмен бітіреді.   Талантты да талапты жас жігітті аудандық партия комитеті «Социалистік мал шаруашылығы» газетіне қызметке шақырады. Мектептегі қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны мен «Абай ұрпақтары» қолжазба журналын шығаруға сіңірген еңбегі ескеріліп, Талғат аудандық газеттің әдебиет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. 1942 жылдың наурыз айында ол өз еркімен соғысқа аттанып, 1943 жылдың 29-қыркүйегінде Белоруссияның бір деревнясы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады.
Ал 1942-1943 жылдары «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының редакторы міндетін Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымының докторы, ақын Тұрсынхан Әбдірахманова апамыз атқарады.  1942 жылы Абай атындағы орта мектепте директор болып тағайындалған Тұрсынхан ақын мектептегі «Абай ұрпақтары» қолжазба журналына да басшылық жасап, журналдың соғыс жылдарында да үздіксіз шығып тұруына атсалысыпты. Абай орта мектебінің 1945 жылғы түлегі, акдадемик Серғазы Қалиев те сол жылдары журнал редакциясының белді мүшесі болып, журналды шығаруға еңбек сіңірген.
Ал 1947-1974 жылдары журналдың редакторлығы Кәмен Оразалинге жүктеледі. Бұл туралы жазушының ұлы Елдар Кәменұлы:
- «Абай ұрпақтары»  қолжазба журналы маған өте ыстық. Өйткені, әкем Кәмен  жоғары сыныптарға қазақ әдебиеті пәнінен сабақ бере жүріп, осы журналдың бас редакторлығын қоса атқаратын. Кейде қарындасым Бақыт екеуіміз де журналға арналған отырыстардың бел ортасында жүретінбіз. Өйткені, менің сурет салуға, қарындасымның әдемі жазуға ыңғайы бар болатын, - дейді.
Бір атап айтарлығы, журнал беттерінде қазақ халқының әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеев те өз қолтаңбасын қалдырған.  Шыңғыстауға келген сапарында Әбілхан Қастеев екі журналдың бетіне Абайдың портретін салып берді деген дерек бар.
Сондай-ақ,  1975-1999 жылдары «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының редакторы  Нысанбек Омашев болса, 2000-2003 жылдары Бектөлеу Имантай осы міндетті атқарады. Ал 2003 жылдан бері «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының редакторлығын Айжан Имантаева атқарып келеді.

Жәнібек Кәрменов пен Роллан Сейсенбаевтың алғашқы әңгімелері осы журналда жарияланған
 «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының кейбір нөмірлері белгілі бір мерекеге, ұлы адамдардың мерейтойлары мен елдегі елеулі оқиғаларға арналып отырған. Журналдың алғашқы хатшысы Кәбира Садуақасқызы 1940 жылы шыққан журналдың үш саны да Ұлы Абайдың 95 жылдығына арналғанын айтыпты. Cондай-ақ, журнал Абайдың 100, 125, 150, 160, Әуезовтің 70, 80, 90, 100 жылдық мерейтойларына да бір-бір нөмірлерін арнаған. 1959 жылы журналдың шыққанына 20 жыл толуына орай жолдаған құттықтауында  Мұхтар Әуезов өзінің жүрекжарды лебізін: «... Бәрімізге ортақ ұлы Абай атамыздың қадірлі ұрпақтарын журналдың XX жылдық даңқты мерекесі күні жалынды, достық сәлеммен құттықтаймын. Журналдың гүлденіп өсіп, оның талантты да дарынды жастармен қатарының көбейе беруіне тілектеспін» деп жеткізіпті. 1996 жылы журналдың  ақын Жамбыл Жабаевқа арналған санын Елдар Оразалин Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арнайы алып барған көрінеді.
Сондай-ақ, журналдың әр жылдардағы мерейтойы да кеңінен аталып өтіп отырған. Мысалы, 1964 жылдың 29-мамырында «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының 25 жылдығына арналған мерейтойға Ғали Орманов, Сапарғали Бегалин, Тайыр Жароков сияқты ақындар жыр арнайды. Ақын Сәду Машақов та:
        Жылдарыңды, беттеріңді санаймын,
        Өткеніңді үлкен іске балаймын.
        Көмекші бол ақыл-кеңес беруге,
        Ұрпағына сай болғандай Абайдың, ¬-деп өзінің лебізін өлеңмен білдіреді. 
«Абай ұрпақтары» қолжазба журналының оқушылар шығармашылығын шыңдаудағы орны бөлек. Кейіннен республикаға танымал болған көптеген жазушылар мен журналистердің  тырнақалды туындылары осы журналда жарияланған. Мысалы,  Роллан Сейсенбаев пен Жәнібек Кәрменовтің  алғашқы әңгімелері, Мерғали Ибраев пен Төлеген Жанғалиевтың тұңғыш өлеңдері «Абай ұрпақтары» қолжазба журналында жарық көрген.
  Десе де, «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының  шығуы кейінгі кездері сәл саябырсыған.
 - Қазіргі заманның оқушылары қолмен жазғанды әсте ұнатпайды. Олар үшін журналды қолмен толтырғаннан гөрі компьютермен шығарған әлдеқайда оңайырақ. Бірақ жылдар бойы қалыптасқан дәстүрді сақтап, журналды қолмен шығарып келеміз, - дейді журналдың қазіргі редакторы Айжан Әбішқызы.
Қалай десек те, «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының құнды жәдігер екені сөзсіз. Уақыт көші алға озған сайын оның бағасы да биіктей  береді.

Мейрамтай Иманғали,
Абай ауданы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста