Абай – жеті қазына иесі
Қазақтың төрінде де, одан да бұрын санасы мен жүрегінің төрінде тұруға әбден лайық бірден-бір тұлға болса, ол – Абай. Биологиялық ғұмырын сонау ХІХ-ХХ ғасырда сүріп кетті деген жаратылыстың кейбір шарттылығы болмаса, Абай әлі күнге тірілерден де тірі. Ақындығы, хакімдігі, даналығы, болыстығы т.б. қырлары өз алдына, Абай қазақтың басқа ешкімге ұқсамайтын ерекше қырларымен астасып, біте қайнасқан кәсібі, машығы, атап айтқанда, аңшылық, саятшылық, атбегілігі жағынан да алда болған. Бір сөзбен айтқанда, Абай – нағыз ерге тән жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық секілді жеті қазына иесі, сегіз қырлы, бір сырлы жан.
Дүниенің бір қызығы – қыран бүркіт...
Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары қатарында «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға...» деп басталатын екі өлеңі де – ғылым үшін аса қымбат нұсқалар. Абай өз кезінде аңшылық қылу, бәйгеге ат қосу, палуан күрестіру, қаршыға, лашын салғызу, жүйрік ат сақтау, қасқыр соққызу сияқты дүниелерді басынан өткерді. Жасынан аңға құмар Құдайбердінің қыстауы тау ішінде болғандықтан, ол Абайды ертіп алып, «саған көрмеген қызығыңды көрсетейін» деп, тауға бірге алып шығып, бірнеше күн аңшылық құрады екен.
Абайдың аңшылығы, саятшылығы жөнінде ұлы Тұрағұлдың, Мәдиар, Қатпа, Әрхам естеліктерінде сақталған. Абай мұражайының қорындағы осы деректер жайында бізге мұражай директоры Жандос Әубәкір айтып берді.
Жандос ӘУБӘКІР, филология ғылымының кандидаты, доцент:
– Тұрағұл өз естелігінде: «Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді. Өзі екі-үш жыл салтанатын келістіріп, құс бәйгелерін, мергендерін сайлап, құс салыпты. Балаларының әрқайсысына құс салғызды, бірақ ұзақ уақыт құсшы болған жоқпыз. Біреудікін алып, біреуге сапырып отырады. «250 шамалы құс қолыма келіп-кеткен шығар. Тулақтың шолағындай құс көргенім жоқ», – деп айтып отырушы еді... Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп, ат пен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді», – деп айтады. Бәшей, Мыбанбай, Қоржанбай дейтін кісілер – Абайдың ұдайы салбурынға ертіп жүріп, аң атқызатын мергендері де, Тұрғанбай деген саятшы – үнемі Абайдың өз құсын ұстайтын құсбегісі.
Салбурынға шыққанда Абай соғымын, ат-тонын, жолдастарын сайлап алып, бірер айға тұтас кетеді. Саятшы інілері, туысқандарымен бір қос емес, бірнеше қос болып шығады. Кейде түлкі жүретін, ел арасындағы қиын тауларға барып та, құс салады.Мұндайда көбірек баратыны – Сыбан жеріндегі Арқат тауы. Бір рет сол Арқатқа Жиренше екеуі құс сала барады. Қастарында атақты саятшы жігіт Абылғазы бар және Абайдың құсбегісі Тұрғанбай болады. Абай өзі де құстың сынын, бабын жақсы білген.
Ал Абай заманында бүркіттей текті құсқа ие болудың өзі арзан тұрмаған, деректерге жүгінсек, «ХІХ ғасыр соңында бүркіт алғырлығына қарай түйе бастатқан тоғыздан бастап, бес-алты түйеге тең келген. Шу мен Сырдарияда – бес-алты түйе, қаршыға мен сұңқар бір-екі түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 (мың) бас қой берген» (Б.Хинаят пен Қ.Исабеков «Саятшылық». – «Алматыкітап» баспасы, 2007 ж.). Ұлы Абайдың Көкшегір, Қарашолақ деген бүркіттері болған. Сол Қарашолақты ұлы ақын Тулақ деген кісіден он шақты ірі қараға сатып алған. Шыңғыс тауының етегінде құсбегілік жасап, салбурынға шыққандағы ұлы ақынның күйттегені өз жан рақаты ғана емес, қазақтың осындай тектілігінен ажырамай, саятшылығын дамытып, жас ұрпағына мұра болып қалуына бар жанын салу еді.
«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ»
«Аттың сыны» – жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атына арналған өлең. Барлық сыны сырт сымбатынан көрінетін көліктің жайын кекілі, құлағынан бастап қолмен қойғандай етіп шебер баяндап шыққан Абай әсіресе бәйге атының мүсінін сынауда үлкен білімділік, байқампаздық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне, аса білгір саятшы, атсейіс сыншы болып шығады. Аттың бар мүсінін сынап шығуда, әсем жырмен, үлкен шешендікпен шебер сыпаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады.
Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабының авторы:
– Аттың сыны дегеннің өзі – қазақ халқының интеллектуалдық өнерінің үлкен бір саласы. Атақты сыншылар сәйгүлікті құлын кезінен танып-білген. Осы ат сынына байланысты қазақта 200-ден астам сөз бар екен. Мен оны өзім арнайы өз еліміздегі, шекара сыртындағы ағайындар арасын да аралап жүріп, көнекөз қариялардан жазып алдым. Мысалы, бір ғана бастың сыны 25-тен асса, одан бөлек құлақ сыны, омырау сыны, белі, мінезі т.б. бар. Бұл өзі – тұтас бір ғылым. Ал ат сыны жайлы алғаш қағазға басылған терминдер, біріншіден, батырлар жырында, жыраулар поэзиясында, содан соң, әрине, Абай өлеңдерінде кездеседі. Абайдың «Аттың сыны» өлеңі мен Нұртуғанның өлеңдері – ат сыны жайлы туындылардың шоқтығы биік эталоны.
Абай – тоғызқұмалақ ұйытқысы
Қазақы дүниетанымға баулып, қазақша ойлауға үйрететін интеллектуалды спорттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ, сондай-ақ дойбы да қазаққа жат болмаған. Деректер дойбының жалпы қазақ жеріне 1740 жылдар шамасында келгенін айтса, Абайдың атасы Өскенбай, өз әкесі Құнанбай, сондай-ақ атақты Кемпірбай ақын және олардың көптеген замандасы дойбыны құмарта ойнағанын нақтылайды. Абайдың Жидебайдағы мұражайында ұлы ақынның дойбысы әлі күнге дейін сақтаулы тұрғаны ақынның ата жолын тәрк етпей, осы ойынды өзінің де ойнағанына нақты дәлел бола алады. Абай заманында тоғызқұмалақ пен дойбының ерекше даму деңгейіне көтерілгендігі жөнінде Абай елінің ақсақалы, шежіреші, этнографы Молдабек Жанболатов былтыр ақынның 165 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде айтып өтіп еді: «Көрпебай Боранбайұлы деген адам дойбы, тоғызқұмалақ ойындарының өте үлкен шебері болыпты. Ол кісінің бұл өнерге берілгені сонша, тоғызқұмалақтың тақтасын қанжығасына бөктеріп алып, ел аралап жүріп ойнайды екен. Тіпті бір айналып, өз ауылының маңына келгенде: «Біздің үй аман ба? Мал-жан аман ба?» – деп жолай кездескен ауылдастарынан сұрап, амандығын білген соң, әрі қарай ел аралап кете береді екен. Сондай-ақ Абай өмір сүрген тұста, одан бұрын да Қарабас деген бір атаның ауылы еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін дойбы ойнаған. Ол ауылдың дойбы ойынына жетік болғаны соншалықты, ат үстінде келе жатып, «сен ұзын жол жүрдің», «мен қос үйге қойдым» дегендей ауызша ойнайтын дәрежеге жеткен. Ал Абай сол өнердің жанашыры, қолдаушысы, демеушісі болған екен.
– Жалпы, Абайдың тоғызқұмалақшылығы туралы бізге ақынның шәкірті Көкбай Жанатайұлының жазбалары арқылы жеткен, – дейді Абайдың «Жидебай-Бөрлі» қорық-мұражайының директоры Жандос Әубәкір. – М.Әуезов бастаған Абай өмірін зерттеушілер де ақынның тоғызқұмалақты аса құмарта, шебер ойнағанын жазады. Ақын үшін тоғызқұмалақ шығармашылық шабыттан сәл тыныс алудың, көңіл бөлудің бір түрі сияқты болды. Ол – тоғызқұмалақты кім болса сонымен ойнамай, шебер ойыншыларды ғана таңдаған. Сол шеберлер ойынын жалпы жұрт қызықтайтын жүйелі жарысқа айналдыра білген. Ақынның немере інісі, өзі де Абайдың тоғызқұмалақ, дойбы мектебінен шыққан Әрхам Ысқақұлы естелігінде: «Аздап қолы босағандай болған соң, Абайдың алданышы – қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ, дойбы ойнау. Бұрыннан ойыншы деп атақ алып жүрген Көтібақтан Көрпебай, Күду, Мамайдан Сымағұл дегендерді шақырып алып, ойын әдісін үйренеді. Өзі ғана үйреніп қоймай, інісі Ысқақты, ағайыны Ырысалдыны, Мұхаметжанды, көршісі Текжан, тағы бірнеше жасты қатыстырып, күні-түні бас алмай ойнайды. Бұл ойын – бұрынғы елдің ұсақ өсегі, өтірігінен басқаша бір думан, сауық. Бәсекелі жарыс, өнер табар мектеп сияқты болып біреуден біреуге тарайды. Жастардың ынтасын аударады», – деп ақын ағасының шебер ойыншы болғандығын айтады. Ойын барысында әзіл-оспақ, әңгіме, бірқақпай жыр қақтығыстарына да ерік беріп, ойынға қатысқандар үшін, ресми болмаса да, бәйге белгіленген.
Абайдың сан қырын бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес. Ақынның тағы бір жан қалауы – кітапқұмарлығы. Құнанбайдың Айғыз атты әйелінен туған інісі Халиолла Омбы кадет корпусында оқыған. Сол інісі әр демалысқа келген сайын Абайға кітап әкеліп беретін болса, баласы Әбіш те оқуда жүргенде әкесіне әрдайым кітап жөнелтіп отырған. Кейін сол інісі Халиолла науқастан қайтыс болады. Сондай оның Омбы кадет корпусынан алып келген бір сандық кітабын Абай қалап алған екен. Семейдегі Абай оқыған Ахмет Риза медресесінен табылған мол кітап қоры да оның осы қырын айғақтайды.