«Абай жолы» аудиокітапқа айналды
Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы және журналист Қасым Аманжолұлының «Анық Абай» деректі фильмі топтастырылған аудиокітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қытайдағы қандастарымыз бұл аудиокітапты Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде шығарыпты.
Екі бөлімнен тұратын аудиокітап журналист Қасым Аманжолұлының кезінде «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Анық Абай» фильмімен басталады. 14 сериялы бұл деректі фильмде ұлы Абайдың өсіп-өнген ортасы, өмірінің көпшілікке беймәлім қалтарыс-бұлтарыстары шынайы бейнеленген. Аудиокітаптың 2-бөлімі Мұхтар Әуезовтің атақты «Абай жолы» эпопеясының кейінгі жылдарда қайта басылып шыққан толық нұсқасы бойынша дайындалған. 80 сағаттан тұратын аудиокітапты дайындауға көрші елде тұрып жатқан Жанәбіл Сымағұлұлы, Мұратбек Тесебайұлы, Манен Зейнелұлы, Серік Әбілұлы, Жеңісқан Нүсіпұлы, Қайрат Нәбиұлы тәрізді бірқатар қандастарымыз атсалысқан.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтен бастап, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы, жазушы Марал Сқақбай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің профессоры, ақын Өтеген Күмісбаев, «Тамыр» журналының бас редакторы, ақын, аудармашы Әуесхан Қодар сияқты басқа да еліміздің зиялы қауым өкілдері бірауыздан бұл шараны қазақ тарихындағы ерекше маңызы бар оқиға ретінде бағалады. Мұның себебін түсіндіре келе, Мұрат Әуезов: «Дүниежүзінде шашылып жүрген қазақ көп. Олардың да бізге өкпесі бар шығар. Бірақ менің де сол Еуропа, Азия мемлекеттерінде, Түркияда, Қытай мен Моңғолияда т.б. елдерде тұрып жатқан қазақтардың мәдени процесімізге жанашырлық білдіретіндей іс-қимылдар жасамағанына ренжіп жүрген едім. Осы жағынан алғанда, Шыңжаңда тұрып жатқан азаматтардың «Абай жолын» өте сапалы түрде дайындап шығаруы – ұлттық сана ықпалымен жасалған өте игілікті шара. Бұл – Жер шарының түкпір-түкпіріне шашыраған қазақтың бірігу, ынтымақтасу жолында өз ұлтының ең құнды дүниелеріне сүйеніп, соны саналы түрде үлкен күшке айналдырып отырғандығының белгісі», – деп түсіндірді.
Шыңжаң халық радиосында дыбысталып, Пекиндегі дыбыс-кескін баспасында басылып шыққан аудиокітаптың таралымы – 3000 дана. Әрине, «Абай жолындай» бағалы дүние үшін бұл – өте аз. Алайда оны құрастырушылардың бірі Қайрат Нәбиұлы Қазақстан тарапынан сұраныс болған жағдайда аудиокітапты көбейтіп шығаруға ынта-ықыластары зор екендігін жеткізді. Ал тарту ретінде алып келген жиырма шақты аудиокітапты еліміздің Ұлттық кітапханасына сыйлады.
Мұрат ӘУЕЗОВ, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы:
– Аудиокітаптың Қасым Аманжолұлының «Анық Абай» фильмімен басталу себебі, онда ұлы ақынның туған жері, өскен ортасы, өмірі туралы мазмұнды, мағыналы деректер қамтылған. Сондықтан да Қытайдағы қандастарымыз тарапынан оған үлкен қызығушылық туып отыр. Жалпы, аудиокітап өте сәтті шыққан.
Қайрат НӘБИҰЛЫ, журналист, бизнесмен:
– Аудиокітапты осы бағытта атқарылар шаралардың басы деуге болады. Атамекендегі зиялы топ, ынталы қауыммен ойласа, ақылдаса отырып, біз бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырмақ ойдамыз.