Абайды алдап жүрміз бе, өзіміз алданып жүрміз бе?!.

Абайды алдап жүрміз бе, өзіміз алданып жүрміз бе?!.

Алаш баласы үшін тамыздың 10-ы – күнтізбедегі жай күндердің бірі емес. Ол күн – баршамыз үшін ұлы Абайдың, хакім Абайдың туған күні. Биыл 165-рет тойланғалы отырған осы бір мерейтойға орай, Алматы қаласы әкімдігі, Жазушылар одағы мен Халықаралық Абай қоры бірігіп, Алматыдағы ақын ескерткіші түбінде дәстүрлі «Абай оқуларын» өткізді. Оған ғалымдар мен ақын-жазушылар, жалпы, зиялы қауыммен қатар, Абай ұрпақтарынан Ғазел Жапарқызы мен Кәсира Исраилқызы келді. Ән мен жырдан өрілген салтанатты кеш, әлбетте, ақын ұрпақтарының сөзімен ашылды. Сонан соң Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалды.

Абайдың туған күнін қашан тойлау керек?
Әлі күнге тұлғаның туған күніне қатысты екі түрлі дерек алға тартылып келеді. Біріншісі – 10 тамыз, екіншісі – осы айдың 23-і. Биыл, мәселен, Алматыда ақын мерейтойын 10-ында тойлап жатсақ, Астана мен Семей бұл күні жым-жырт жатты. Себебі олар барлық мерекелік іс-шараны 23-іне белгілеген. Бұған түрткі болған – бүгінде осы тұрғыда ғалымдардың алға тартып отырған түрлі деректері. Яғни «Абайдың шын туған күні 10 тамыздан екі жетідей кейін» деген мәлімет. Олай деп санайтындар атақты абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың 1991 жылғы «Егемен Қазақстан» газетіне жазған «Абай қашан туылған?» атты мақаласына сүйенеді. Бірақ біз ақынның осы шараға келген ұрпақтарымен тілдескенімізде, олар баяғыдан, яки өздері ес білгелі бабаларының туған күні осы күні тойланып келе жатқанын, өздерінің де осы күнді мойындайтындарын айтты.
Кәсира ИСРАИЛҚЫЗЫ, Абайдың шөбересі:
– Абай атамыздың тұңғышы – Ақылбай, Ақылбайдан Әлімқұл, Әубәкір, Исраил туған. Мен, міне, сол Исраилдың кенже қызымын, яғни Абайдың шөбересі боламын. Атым – Кәсира. Зейнеткермін, жасым 67-де. Жыл сайын біз, яғни Абай ұрпақтары, осы күнді ерекше атап өтіп, бір жасап қаламыз. Біз үшін атамыздың туған күні – осы күн. Мен өз немерелеріме Абай, Тоғжан, Ақылбай, Әйгерім деп ат қойғанмын. Бабамыздың қасиеттері ұрпақтарының бойына берілген. Арамызда өлең жазатындарымыз бар. Мәселен, менің туған апайым Гүлзипа қазір 85-те, Зайсан қаласында тұрады. Сол кісінің жақында жыр жинақтары жарық көргелі жатыр. Өзі – Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.


Туған күні қашан тойланса да, бұл нәрсенің Абай тұлғасына еш көлеңке түсірмесі анық. Абайды айтамыз, одан әлдеқайда бері, күні кеше ғана өмір сүрген Мұқағали ақынның да туған күні дәл осылай, 9 ақпан және 13 наурыз деп екі түрлі аталып жүр. Мұның бәрі құжаттық нақтылық үшін қажет болмаса, Абайдың да, Мұқағалидың да туған күндері жылына екі рет тойланса да, ешқандай әбестік болмайды. Қазақтың рухани орталығы ретінде бүгін Алматыда басталған туған күні біртіндеп басқа қалаларда жалғасып жатса, тіпті керемет! Себебі қазақтай «отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлайтын» халыққа бұлай ету жарасады әрі осы арқылы Абай қазаққа жақындай береді, сіңе түседі.

Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– Абай айтқандай, «Туғанда дүние есігін ашады өлең» демекші, қазақтың әр баласы мектеп партасына жайғасқаннан тілін Абаймен сындырады. Жалпы алғанда, жыл өткен сайын Абай құны артып, ұлы мұрасы халықпен бірге жасап келе жатыр. Бүгінгі Алматы қалалық әкімдігі, Жазушылар одағы және Халықаралық Абай қоры бірігіп өткізіп отырған шара – толқын-толқын болып уақыттар бойы өз қадір-қасиетін жоймай келе жатқан «Абай оқуларының» бір жалғасы. Мен бүгін тек Алматыда емес, Астанада да, сонау Өскемен мен Семей, Шымкент, Павлодарда т.б еліміздің өңірлерінде ұлы Абай атамыздың туған күні осылай атап өтіліп жатқанына сенімдімін.


Абайды ұлттық идеологияға айналдыра алдық па?
Абайдың бүкіл айтқаны қазақтың халық ретіндегі артықшылығы, кемшілігі және болашақта жетістікке жетелейтін мұраты қандай болуы керек дегенге құрылған. Демек, Абайдың ұсынған идеологиясына ерсек, халықтық қалыпты бұзбай, өз ұлттық сипаттарымызды сақтай отырып, ең әуелі, адам, содан кейін қазақ болуымыз керек! «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген тап осы заманға айтылғандай. Бүгінгідей батыс пен шығыс қайшыласып жатқан кезде Абайға жиі-жиі оралатын болсақ, біз өзімізді ұлт ретінде де, халық ретінде де, сосын осы ұлы даланы ежелден жайлап келе жатқан Алаш деген халықтың жалғасты ұрпағы ретінде тани түсер едік.

Әттеген-ай!
Неге екені белгісіз, кешегі ұлы Абайдың 165 жылдық мерейтойына арналған шарада ақынның әндерін орындаушылар арасында танымал кәсіби әншілер бірді-екілі ғана болды. Бұл ненің белгісі? Расында, алты Алаштың ардақ тұтар ақыны Абай әндерін белгілі әншілер орындамағаны ма, әлде орындаса да, осы күні келмегені ме? Қайсысы болса да, қабылдауға ауыр шындық. Бұл – бір, екіншіден, айға шапқан арыстандай, Абайға кім көрінген арнау жазғыш болып алды. Кейбірінікі тіптен ұят! Кешегі өткен «Абай оқуларында» «Абай ата, қуанамын, сенімен бір күн туғаныма» деген де, не ұйқасы, не мәні жоқ сылдыр сөздерді «Абайға арнау» деп Хакім ескерткішінің түбінде тұрып алып, ұялмай оқығандар болды. Ал ең өкініштісі – кешегі шараны көруге қарақұрым халықты әр аудан әкімдігі міндеттеп, тізіммен түгендеп жинағаны. Сонда тіпті Абайдың туған күніне өз еркімен келетін қазақтың қалмағаны ма? Тіпті әншейінде «Абайды оқу керек» деп шаршы топта жарқылдап, жұртқа ақыл айтатын зиялы қауым осы жиыннан төбе көрсетпегені де көңілге кірбің ұялатты. Осыдан кейін «Абайшылмыз», «Абайды жыл өткен сайын танып келе жатырмыз» деген жұртқа қалай сенерсің?..

• Мен көрдім...
Асылы апай неге жылады?
Осыдан біраз жыл бұрын Алматыдағы Абай ескерткішінің алдында кезекті Абай оқулары өтті. Ол кезде әдеби басылымның бірінде жұмыс істейтінмін. Бастықтар «Абай оқуларына» бар, керемет шара өтеді, жақсы мақала дайында. Әкімшіліктен телефон шалып жатыр. Дұрыстап жаз» деп тапсырған еді. Әйтсе де ескерткіш алдына келіп, ешқандай кереметтей шара болмағандығын көзбен көрдік. Сол баяғы жаттанды сценарий бойынша өрбіген жол бойындағы көңілсіз жүздесу, жаттанды сөздер. Қолдарында түрлі-түсті шарлары мен көк жалаушалары бар өрімдей оқушылар осында өз еріктерінен тыс келгендіктерін білдіргілері келмей, мұғалімдеріне жымиып қояды. Әйтеуір, әкімшілік ұйымдастырған соң, көзге түсуге тырысып қалғысы келетіндер болмаса, анау айтқандай, «Абай» деп еміреніп тұрған халықтың қарасы қалың емес. Былайғы жұрт мұнда не болып жатқанынан да мүлде бейхабар сияқты. Іш пыстырарлық сипатта ілбіп жүре бастаған мәдени шарадан мезі бола бастаған кейбіреулер «жылда көріп жүрген нәрсе ғой, қызық емес» деп жан-жаққа тараса бастады. Мен де кетуге ыңғайлана бастағанда, ескерткіштің артқы жағында біраз кісілер біреуді қаумалап тұр екен. Өзіне жұрттың назарын аударып тұрған кім екен деп қарасам, есімі елге белгілі қайраткер Асылы Осман апамыз болып шықты. Ақиқатқа жаны құмар Асылы апамыз сонда екі көзіне жас алып: «Біз қашан Абайды өз дәрежесінде ұлықтаймыз? Бүгінгідей шараны бұлай өткізу ұят емес пе? Осындайда жас ұрпаққа жөн айтар елдің естиярлары неге бой көрсетпейді?» – деп, шын жылап тұр екен. Мұндай сөздерге ешкім уәж таба алмады. Иә, жыл озған сайын қанатын кеңге жаюдың орнына бұл шара, керісінше, «жетім қыздың тойындай» болып өтетініне қынжылыс білдіріп, ұялған кім бар қазақтан? Қашанда қазақ үшін жаны күйіп, әділдік іздеп жүретін Асылы апамыз тектен-тек көзіне жас алмаса керек...
Биыл да әдеттегідей Алматы төріндегі Абай ескерткішінің алдында ұлы ақынның туған күнін атап өттік. Бұған дейін өтіп келген шаралардан түк те айырмашылық байқамадық. Хакім тұрған тас тұғырға қарап, шын тебіреніп, көзіне жас алған бір адамды көрмедік. Сірә, жаттанды нәрселерге етіміз үйреніп кеткен болар...

Алмат ИСӘДІЛ

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста