Абайдың ақындық айналасы туралы не айтасыз?
Роза Рымбаева, әнші, Қазақстанның халық әртісі:
– Абай десе, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы ғана алдымен еске түседі. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» трагедиясын жақсы білесіздер. Сол үлкен трагедиялық, өлең сөзбен жазылған поэмасының Кебек туралы жырын орындаймын. Бұл әнді 1979 жылдан бастап қазірге дейін орындап келемін. Өз репертуарымдағы ең жақсы әндердің қатарында екенін айта аламын.
Аманхан Әлім, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері:
– Оның шәкірті деп Көкбай ақынды, Әріп Тәңірбергеновті, «Абай жолы» романындағы Шұбарды айтуға болады. Абайдың өз балаларынан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасқан ақындарды шәкірті деп айтуға болады. Мәселен, Қадыр аға Мырзалиев. Жалпы, философиялық ой-пікірді поэзияға айналдыру, ол – некен-саяқ талант иелерінің еншісінде. Абай – соның басы. Басшысы болғанда да, ол өз заманында, өз уақытында келуімен басы болып отыр. Өйткені Абай – оған дейін де қазақ поэзиясындағы философиялық түйіндерді жазба стильге көшірген тұлға. Оның Шәкәрім қажыға ықпалын айтсақ, ол – өзінше бір төбе әңгіме. Сондықтан да Абай – жаңа кезеңнің, жаңа заманның басында тұрған қазақ жазба әдебиетінің тілін қалыптастырған ақын. Мен бір жолы Абайды бас ақын, басты ақын емес дегенімде, кейбіреулер түсінбеді. Абайды жоққа шығарып отырғандай болып маған соқтыққандар табылды. Бұл Абайды жоққа шығару емес, егер біз бар поэзияны Абайдан бастасақ, онда оған дейінгі ақындарымыз бен жырауларымызды жоққа шығарғанмен бірдей боламыз. Абай болмаса, біз ұлт ретінде өмірге ештеңе де бермеген болып шыға келеміз. Абайды жаңа кезеңнің бас ақыны деп қабылдау керек. Ал кейбір сыншыларымыз осыны ескермейді. Абай шәкірттері де сол жаңа кезеңнің жемісі және дәстүр жалғастырушысы. Мәселеге осы тұрғыдан келуі керек. Мағауия, Шәкәрім, Әріптерді айтқанымызбен, Абайдың шәкірті деп Абайдан кейінгі барлық ақындарды айтуға болады. Себебі Абай – біз үшін поэтикалық ірі тұлғалықтан бұрын ұлт ақыны ретінде қабылданатын тұлға. Менің бір айтқаным бар «халық ақыны көп, ал ұлт ақыны некен-саяқ» деп. Сондықтан бас-басымен айтып, оның бәрін де Абайдың шәкірті дей беруге де болмайды. «Абай шәкірті» деген сөздің өзіне аса ыждаһаттылықпен ойланып, байқап қарауымыз керек. Кім Абайға қай жағынан шәкірт, міне, осыны ұғып алайық. Бұл әңгіме төңірегінде үлкен «ревизия» жасалуы керек. Шын мағынасындағы шәкірті кім деген сұрақты кеңінен талдап, талқылау керек. Біздің сын әлі соған жауап берген жоқ.
Жәди Шәкен, жазушы:
– Бүкіл қалам ұстаған қауым – Абайдың шәкірті ғой! Абай мектебін өнеге тұтпаған ақын жоқ. Ол – ақылдың, лириканың кәусар бұлағы. Сол бұлақтан сусындаған жазиралы құрақ бар десе, мұның барлығы да – сол Абайдың қалаған еңбегі. Абай өлеңдерімен, өнегесімен, лирикалық сезімталдығымен, ерекше әуезділігімен, қазақ поэзиясына әкелген жаңа формасымен бізге мол байлық сыйлағаны анық. Өз басым Абайдың бірден-бір шәкірті ретінде Шыңжаң қазақтары қоныстанған Баян өлгей, Қобда өңіріне кеңінен танымал, қазірде Алтайдың арғы жағында жатқан мәшһүр ақын – Ақыт Үлімжіұлын айта аламын.
«Бізден бұрын ақындар өтті талай,
Соның бірі – Құнанбай, баласы – Абай», –
деп келетін өлеңі де бар. Мен бір жаңалық айтайын, Абайдан бұрын, 1890 жылдары кітап бастырып үлгерген ақындар Абай өлеңдерінің тереңдігін түсініп, ол туралы пікірлер көп айтқан. Оны ұстаз тұтқан. Ақыт ақын Абайға арнап бір дәптер өлең жазған. Абай бағытымен 90 өлең жазған ақын да осы – Ақыт Үлімжіұлы болатын. Абай 1845 жылы туса, Ақыт 1868 жылы туған. Осыншалықты тұстас адамдар болса да, Ақыттың Абайды ұстаз тұтқаны белгілі. Абай өлеңдері 1909 жылдары жарыққа шықса, ал Ақыттың жинағы 1890 жылдары жарық көрді. Ал 1898 жылы орыстың Николай Котанов деген үлкен ғалымы Ақыт шығармашылығына тоқталған. Міне, сонда Абайдан бұрын шығарма жариялаған Ақыт Абайдың соншалықты биік екенін мойындап, өзіне ұстаз еткені белгілі болды. Және өзін Абайдың шәкіртімін деп есептеген.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері:
– Абайды ұстаз тұтатын қазақтың бәрін де Абайдың шәкірттері деуге болады. Бертіндегі Уәйіс, Шәкәрім, Әсеттерді айтамыз ғой, ал бірақ кім Абайдың тағылымын, поэзиясын оқып, содан нәр алса, оны, әлбетте, Абайдың шәкірттері деп айтуға болады. Абайдың жанында Шәкәрім, Көкбай, Мүрсәлім секілді адамдар аз болмаған. Оның барлығы да – оның заңды шәкірттері. Зерттеуге келсек, Шәкәрім зерттеліп-ақ жатыр, ал Әсет Найманбайұлының шығармашылығы әлі де зерттелінбей келе жатқаны өкінішті, әрине. Көкбайды болса, онша ақын ретінде айта алмаймын. Қарап отырсақ, Абайдың өзі де, оның шәкірттері де жыраулар поэзиясынан нәр алған. Абайдың теңдесі жоқ ақын екеніне ешкімнің дауы жоқ, десек те, сол Абайдың өзі жыраулардан сусындап, солардан үлгі алған. Осылай айтуға толық негіз бар. Себебі бәрі де дәстүрлі қазақ поэзиясының жалғасы екенін теріске шығаруға болмайды. Дулат жыраулардың нақ өзі болса, Абай – сол Дулаттардың жалғасы. Бірақ ол қанша дегенімен Құнанбай қажының баласы ғой. Абай – шығыс, батыс әдебиеттерінен де сусындаған адам. Оның шәкірттеріне оралсақ, шынын айтқанда, шәкірттерінің барлығы да сол Абайдың көлеңкесінде қалды ғой бәрі. Абайдың молданы сынаған жерін бүкіл мұсылманды сынағандай етіп көрсеткен заман болды, байды сынаған жерін бүкіл қоғамды сынағандай етіп көрсетті. Мұның өзі де бір үлкен тақырып екенін түсінгендеймі