Абайдың інісі, Алаштың ірісі
Абайын ардақтаған ел Қайымын да қастерлей білуге тиіс. Себебі Абайдың артында қалған мұраларына бас-көз болуды өзіне мұрат тұтып, тіпті Абайдың ақындық мектебі жайлы ауызға алғаны үшін ғұмырын қуғында өткізген бірден-бір тұлға осы Қайым Мұхамедхановтай-ақ болсын. Бұл – ардақты тұлғаның бір ғана қыры, ал тұтас алғанда, өз өмірін ақиқат үшін, тарихи шындық жолында құрбан етсе де, ешкімге мұң-зарын айтып шағынбауы – Қайымның қайыспас қара нарлығының нағыз дәлелі. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы осы бір ғазиз жанның 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бақидың емес, тұп-тура осы пәнидің адам қолымен жасалған «тозағы» Карлаг-ты көріп, одан аман-есен келген осы бір есім иесімен абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану сынды үш бірдей үлкен тағылым саласы байланысты. Одан бөлек, еліміз тарихының елеулі оқиғаларының қағазға түсуінде, мәдениет пен өнер, әдебиеттану, театр тарихы секілді іргелі ғылым салаларында Қайым Мұхамедхановтың тамшылаған тері жатыр.
Жабал Шойымбетов, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің Абай ғылыми-зерттеу орталығының атқарушы директоры:
– Ақиқатында, әу бастан күні бүгінгі аралықта Алаш мойындаған үш абайтанушы бар: ең біріншісі, әрине, Мұхтар Әуезов, содан соң Қайым Мұхамедханов және үшіншісі – қазірде көзі тірі Мекемтас Мырзахметов. Бұл үшеуі де – Абай үшін Алла берген өмірінің бар қызығынан бас тарта білгендер, Абай үшін арын да, жанын да, білімін де сарп еткен ғазиз жандар. Ал Абай жолы – өте ауыр жол. Қайым Мұхамедханов тіпті осы Абайды қорғағаны үшін репрессияға ұшырап, 25 жылға кесілгені бізге аян.
Маған бүгінде көп адам: «Сіз бақыттысыз, Қайым ағамен бірге қызмет істедіңіз, сырластыңыз», – дейді. Шындығында, Қайым ағаның өзі өмірде өте қарапайым, бұл өмірде жүріп-ақ тозақтың шетін көрсе де, өзін сонша мықты ұстайтын. Соның бәрін мен бүгінгі ұрпаққа үлгі қылып көрсетер едім. Сонда кейде Қайым ағаға: «Аға, сіз осы көп нәрсе көрдіңіз, бірақ үндемейсіз, тіпті еш қиындық көрмегендей міз бақпайсыз, неге ең құрығанда соның шет жағасын айтпайсыз?» – десем: «Е, ол кезді еске түсіріп қажеті жоқ, ол зиян», – дейтін. Содан өзімінің түйгенім, қазақты өзі құрбан болды, сол себепті бір-бірін ұстап беру секілді ұсақтыққа жол беріп қойғанын іштей түсініп, қазбаламайын дегені шығар деп. Ұйқы-тұйқы ғұмыр кешкен ұлттың ешбірін жамандағысы келмеген болар, үндемейтін. Ұлттың соншалықты ауыр тағдырын өз бойына сыйдырып, сақтап, үнсіз өзімен алып кетті.
Динара Мұхамедханова, қызы, Қайым Мұхамедханов атындағы қордың төрайымы:
– Әкемді репрессияға ұшыратушылардың бар артқан кінәсі – Абайдың ақындық ортасы тақырыбын қорғағандығы. Сол үшін ату жазасына кесіліп бара жатқан жерінен, құдай сақтап, 25 жылға бас бостандығынан айыруға өзгертілді. Сонда әкемізге бір ғана шарт қойыпты: «Егер де Мұхтар Әуезов мені зорлықпен осы ғылыми диссертацияны жазуға мәжбүрледі десең, құтыласың» деген. Ал ол кісі болса, біріншіден, Мұхтар Әуезовке деген өзінің інілік сүйіспеншілігін, екіншіден, ұлтын сатудан бас тартты. «Алаштықтардың қасында біз кімбіз, олар да кетті ғой» деп, азапты ғұмырды өзі таңдаған, есесіне, ұлтының төбесіне көтерген ұлы болып қалды.
Қайым Мұхамедхановтың абайтанудағы еңбегі бір төбе де, өзінің қазақ ұлтына қосқан еңбегі бір төбе. Сол ұлтына сіңірген ұшан-теңіз еңбегінің үлкен бір қыры – Қайым ағаның КСРО заманында қазақтың өз әнұранын жазуы. Мүйізі қарағайдай мықтылар түскен бәйгеде небары 27 жастағы жап-жас жігіттің мәтіні оза шапқанда, жұрт алғаш аңтарыла қалған. Себебі ол тұс әлі Қайымның қалың қазаққа таныла қоймаған кезі болатын. Ал Қайымға сонда ақылгөй болған, оны қолдаған Мұхтар Әуезов еді. Осының өзі неге тұрады? Сондай-ақ Алаш арыстарының еңбегін араб қарпінен кириллицаға түсіруді ең алғаш қолға алған да – осы бір қайраткер тұлға. Абай, Шәкәрім, Әуезов сынды үш алыпты тану ғылымының негізін қалағанымен қоса, кейін Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердиевтің ақталуына көп еңбек сіңіргенін де айта кету керекпіз. Сөз соңын белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың мына сөзімен түйіндесек: «Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі».