Абылай ханға бір көшесін қимаған Қызылжарда Лениннің 83 көшесі бар
Қазақстандағы көптеген елді мекендер кеңестік дәуірден қалған ескілікті атаулардан арыла алар емес. Ал сол ауыл-аймақтың көшелеріне көз жүгіртсеңіз, одан да сорақысын көресіз. Қызылжар өңірінде пролетариат көсемі – Лениннің атында 83 көше бар екен. Киров, Карл Маркс, Пугачев, Калининдер де әлі тұғырынан түсе қойған жоқ, әрқайсысының атымен кемінде 20-дан 40-қа дейін көше аталыпты. Ал қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай ханға тым құрығанда бір қиылыс та бұйырмады, 350 жылдығын тойлағалы отырған Қожаберген жыраудың есімі де бір даңғылға сұранып-ақ тұр.
Көше – әрбір елді мекеннің келбеті. Ал сол күнделікті ары-бері жүретін көшелеріміз кім көрінгеннің атымен аталып жүр. Тарихи атауын қайтара алмай жүрген Қызылжар қаласының ішкі жағдайы мүлдем мүшкіл. 300-ден астам ұзынды-қысқалы көшелердің тек 16 пайызы ғана қазақша аталған екен. Ал қалғандары кеңестік саясаттың сарқыншақтары десе де болады. Қызылжарлықтар Тәуелсіздіктің нышаны түгіл, иісі де сезілмейтін Пролетар, Труд, Кошевой, Безымянный, Ермак деген көшелерде әлі тұрып жатыр.
Алтынай Сыздықова, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қалада 47 көшенің атауы ауыстырылды. Олардың 72 пайызына қазақша, 21 пайызына орысша атау берілді, ал 7 пайызы – бейтарап атау. Сондай-ақ жаңадан салынған Шығыс, Орман, Борки шағынаудандарында пайда болған көшелерге Шапағат, Көкжиек, Нұрлы жол сынды қазақы атаулар қойылды. Тәуелсіз елдің бүгінгі саяси ұстанымына сай келмейтін атауларды ауыстыру жұмыстары ары қарай да жалғаса бермекші.
Соңғы үш жылда ономастикалық комиссияға шаһардағы көшелерге елімізге белгілі тұлғалардың есімдерін беру туралы 20-дан астам өтініш түсіпті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы үш жүздің ханы Абылайдың атына көше беруді ұсынып хат жолдаған екен. Осыдан бес жыл бұрын Қызылжарда Абылай ханға арналып салынған үй қалпына келтіріліп, бүгінде мұражай қызметін атқарып тұрғаны белгілі. Қалаға келген әрбір қонақ бас сұқпай кетпейтін, сол мәдени ошақ революционер Сүтішев деген татардың атындағы көшеде тұрғаны қынжылтады. Қала билігі сол көшені Абылай ханға алып бере алмай отыр.
350 жылдығы республикалық деңгейде тойланып жатқан Қожаберген жырауға да бір көше бұйырмай, «Асыл мұра» орталығының ұсынысы да аяқсыз қалайын деп тұр.
Таңат Сүгірбаев, облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі, «Асыл мұра» қоғамдық орталығының жетекшісі:
– Қожаберген – Абылай хан тұсындағы қол бастаған үлкен тұлға. Әрі жырау, әрі батыр болған адам. Сондай тұлғаның атымен қаламыздағы әскери институтты атау туралы Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов депутаттық сауал жолдаған. Бірақ сол ұсыныс ескерусіз қалды, заң бойынша бір елді мекенде бір адамның атымен екі нысанды атауға болмайды-мыс. Қожаберген атында мектеп бар деп бермей тастаған сыңайлы. Біз көше сұрадық, ол да жауапсыз қалды. Енді батырдың туған ауылына қарай баратын автожолды атау туралы ұсыныс жасаудамыз.
Біздің елдің заңы қызық. Әйтеуір, қазақтың тұлғаларына келгенде түрлі сылтаулар көбейеді. Көбіне «Тіл туралы» Заңның 25-бабындағы «бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру» дегенді алға тартады. Ал егер бұл бап бойынша әрекет ететін болсақ, облыс, тіпті бір ауданның құрамдас бөліктері болып табылатын ауылдардың қос-қостан Ленин, Калинин, Маркс атауларын арқалап жүргенін қалай түсіндіреміз? Заңға қайшы деп неге ауыстырмасқа?
Біреуге өтірік, біреуге шын, Қызылжар өңіріндегі елді мекендерде Лениннің атында 83 көше бар екен. Бұл ақпаратты облыстық тілдерді дамыту басқармасы беріп отыр. Абылай мен Қожаберген сынды батыр бабаларымызға қимаған көшелер кімнің есімімен аталып жүргенін енді аңғарған боларсыз. Жалпы, Қызылжарды Лениннің елесі әлі де кезіп жүргендей әсерде қаласыз, ауылдардың көбінде пролетариат көсемінің тас мүсіндері әлі тапжылмай тұр. Жылда көктемде мектеп оқушылары сырлап қояды. Ал облыс орталығында бір емес, екі бірдей мүсіні менмұндалайды. Біреуі орталық саябақ ішінде орналасқан, екіншісі шаһар шетіндегі көшеде тұрушы еді, оны намыс көргендей қала әкімі орталыққа алдыртып, жұмыспен қамту бөлімі ғимаратының алдына орнаттырып қойды.
Өзгертуді қажет ететін атаулардың тізімі Ленинмен ғана шектелмейді. Облыста Комсомол деп аталатын 72 көше бар екен. Әлдеқашан құрдымға кеткен бұл ұйымды ұмыта алмай жүргендер тым көп-ау, сірә. Октябрь деп аталатын көшелер де аз емес – 45. Бұл атауды алып тастау үшін дәл сол Қазан төңкерісіндей бір төңкеріс қажет сияқты. Әйтпесе жақын болашақта ауыса қоюы неғайбыл. Киров, Карл Маркс, Пугачев, Калинин дегендердің де жағдайлары жаман емес. Ең нашарының атында – 22, ал ең мықтысында 40 көше бар.
Еліміз Тәуелсіздік алып, өзіндік сарабдал саясатын жүргізіп келе жатқанына биыл 22 жыл болады. Бірақ сол саясатты түсінбей, коммунизм елесімен жүргендер де арамызда бар сияқты. Егер келмеске кеткен империяны, қияли саясатты аңсамағанда, 27 көшенің Коммунистік деген атауын әлдеқашан алып тастауға болар еді ғой. Өкінішке қарай, жоғарыда көшелерін тізіп шыққан елді мекендердің тұрғындары да, сол ауыл-аймақты басқарып отырған әкімдер де ешбір әрекет еткісі жоқ.
Маман пікірі
Ернияз СҰЛТАНОВ, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің бастығы:
– 2010 жылға дейін бірнеше ауылдың тарихи атауын қайтарып, кейбірінің транскрипциясын түзеткен болатынбыз. Алайда атауларды ауыстыруға мораторий тұсау болды. Тек осы көктемде ғана кейбір заңдарға ономастика мәселелері бойынша өзгерістер енгізіліп, мораторий күшін жойды. Үш жыл бойы бірде-бір атау ауыстыра алмадық, бірақ соншама уақыт бойы қарап жатпадық. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, аймақтың атаулары кітабын шығардық, балалар арасында өзі тұрып жатқан елді мекенінің атауын зерттеуге байланысты байқау ұйымдастырылды. Біраз ұсыныстар да қордаланып қалды, мысалы Қызылжар қаласындағы көшелерге жаңа атаулар беру туралы 20-дан астам өтініш түсті. Облыстық ономастикалық комиссия қайта құрылды. Енді білек сыбана іске кірісеміз.