Абылай ханның тойы Ұлытауда ұлықталды

Абылай ханның тойы Ұлытауда ұлықталды

«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» Бұл өзін көк түріктің ұрпағымын деп есептейтін кез келген қазақтың жүрегіне жақын сөз. Себебі бұл жерде қазақ мемлекетінің негізі қаланып, анталаған дұшпанға сес көрсетудің алғышарттары жасалды. Осы жерде халқымыз өз хандарын ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Сол Ұлытауда ата қоныс жер үшін атқа мініп, ел аманатын арқалаған даңқты ханымыз Абылайдың 300 жылдығы тойланып, еңселі ескерткіші бой көтерді. Айтулы мерейтой қарсаңында Жезқазған қаласы әкімінің бастамасымен журналистерге саяхат-тур ұйымдастырылып, Ұлытаудағы тарихи орындарды аралап қайттық.

Жезқазғандағы алғашқы күн
Беташар сапарымыз ең алдымен Жезқазған қаласындағы Абылай ханның ес­керт­кішін ашу салтанатымен басталды. Жез­қаз­ған төрінде даңқты ханымыздың граниттен жа­­салған еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерт­кіш­тің ашылу салтанатына халық көп жиналды. «Нұр Отан» ХДП-сының хатшысы Ерлан Қарин­н­ің айтуын­ша, Абылай ханды ұлттық рухқа ай­налдырар шақ туды. «Ұлытау – әр қазақ үшін қа­сиетті де киелі жер. Ол – бар қазақтың бай­лы­ғы. Бірлік пен ынтымақтың мәйегі жарасқан өлке. Осында Алаша, Едіге, Жошы хандарымыз ордаларын тігіп, билер мен батырларымыз ел­дік мәселелер шешіп отырды. Ұлытау сол бір­лік­тің символы», – деп атап өтсе, Мәжіліс депу­та­ты Бекболат Тілеухан: «Осының бәрі Абылай­дан қалған айлалы әрі сарабдал саясатты бүгінгі ұр­пақтың жеткілікті дәрежеде жүргізе алып отырғанының көрінісі», – деді тебірене. Ел-жұрт Алаш ба­ласының бірлігінің ұйытқысы бо­ла­тын мұндай шаралар еліміздің басқа да ай­м­ақ­­тарында өтсе игі болар еді деген тілек біл­дірді.
Жалпы, Жезқазған – Ұлытау өңірі – Қазақ мем­лекетінің ежелгі астанасы. Ата-бабаларымыз осы жерде кеңес құрып, ел азаттығы үшін алысып өтті. Елді бірлікке шақырды. Тұтастыққа ұйытты. Қазақтың даласын арашалап қалды. Сондай әйгілі тұлғалардың бірі – Абылай хан.
Тарихшы Сағындық Қожамсейітов ағамыздың айтуынша, Абылай хан Ұлы­тауда сегіз мәрте болған екен. Абылай хан алғаш «Сабалақ» деген атынан осы Ұлы­таудың баурайында құтылып, қалмақ батыры Шарыштың басын алып, батыр атанғаны белгілі. Қазақтың хан ордасы болған да – осы Ұлытау өңірі. Алғашқы мем­лекетіміз де осы Ұлытау жерінде жария­ланды. Осы жерде Абылай да үш жүздің ханы болып, ақ киізге отырды.

Түстен кейін Абылайдың 300 жылды­ғына арналған «Абылай хан және қазақ рухы» атты ғылыми-практикалық   конфе­рен­ция басталды. Серке Қожамқұлов атындағы еңселі театрдың атшаптырым залында отырмыз. Айтпақшы, Алашқа аты мәшһүр Абылай туралы жаңа деректер табылыпты. Оны ғылыми конференцияда тарихшы ғалым Бақыт Еженханұлы жалпақ жұртқа жария етті. Көп жылдар бойғы ең­бе­­гінің нәтижесінде Қытайдың мұра­ғат­ында­­ жатқан құжаттарға қол жеткізіпті. Абылай хан алғаш рет 1757 жылы Қытайға дипломатиялық миссия жібергенін білеміз. Сондағы Абылай ханның жіберген хатын Қытайдың орда тарихшылары қасақана бұрмалап, өз саясатына ыңғайлап, қазақ­тар «бодандық сұрап отыр» деп өзгертіп алады. Бақыт ағамыз болса, осы хаттың моңғол және мәнжу тіліндегі қос нұсқасын тауып, мұның жай ғана дипломатиялық хат болғанын дәлелдеді. Сөйтсек, базбі­реу­лер айтып жүргендей, еліміз қысық көзді қытайдың боданы болмапты.  Абы­лай хан оларға «бізді бодан ет» демеген. Тату көршілік жағдайда өмір сүрейік деген мағынада жіберген екен. «Ең өкініш­тісі, моңғол тілінде жазылған бұл хат басқаша аударылып, бүтіндей бір ел «қытайдың боданы» болып шыға келген. Екі аударма – біреуі мәнжүр тіліндегі аударма нұсқасы болса, екіншісі – қалмақ тіліндегі көшірме нұсқа. Өйткені түпнұсқасы қалмақ тілінде болған екен. Сонда екі нұсқаны дәстүрлі қытай тіліндегі нұсқамен салыстырғанда, Абылай ханның хаты дипломатиялық тату көрші болайық деген мәндегі хат болып шықты», – дейді Бақыт Еженханұлы. Ал жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай «Мәңгі билік идеясы және Абылай хан» тақыры­бында кеңінен көсіліп, Ұлытау жеріндегі ұлы ерліктерді қайта тізіп берді.
Ең өкініштісі, сондай баһадүр басшы, дарынды дипломат, бір сөзбен айтқанда, Алаш үшін ғұмыры ат үстінде өткен ардақты хан Абылайдың 300 жылдығы Тәуелсізді­гіміздің ­20 жылдығында ұмыт қалып отыр. Белгілі саясаткер Ерлан Қарин мен Жезқазғанның әкімі Берік Әбдіғали қолға алмағанда, бәлкім, мерейтойлы дата мүл­де елеусіз қалар ма еді, кім білсін!
Жезді өлке түрленіп келеді
Бірнеше күндік сапарымыз барысында Жезқазған өңірінде біршама істің атқарыл­ғанына куә болдық. «Облыс мәртебесінен айрылғалы келетін қонақтардың қарасы сиреп, қоңылтақсып қалып едік. Жаңа басшы келгелі өңір біраз түледі. «Ұлытау – қазақтың хан ордасы» деген атқа лайық болсын деген оймен аудандағы ауыл мек­тептеріне хандардың аты беріліп жатыр. Мысалы, Қоскөлдегі мектепке Тәуке хан аты берілді. Кезінде Әбілқайырдың қол­басшылығымен Қарсақбай, Байқоңыр жерінде қалмақтарға қарсы жойқын соғыс болған. Бұл туралы ұмытылып кетіп еді. Берік баламыз осыны қайта жаңғыртып, Байқоңыр ауылындағы мектепке Әбілқа­йыр ханның атын бергізді», – дейді қала тұрғындарының бірі Айбатыр ақсақал.
Мұндай игі бастамалар қаланың өзінде де қолға алынып жатыр екен. Жезқазған қалалық мектептеріне Алаш арыстарының есімі беріліпті. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Қайрат Рысқұлбеков есімдерін мектептерге беру ісі де қолға алынып жатқанын естіп білдік. Көшелердің аты да ұлт жолында өмірін сарп еткен тұлғалар есімімен аталып жатыр. Жаңадан ашылған Абылай ханның ескерткіші осы көшенің бойында орналас­қан. Қазақтың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллиннің сәтсіз жасалған ескерткіші алынып, орнына ақынға арналған еңселі ескерткішке байқау жарияланыпты. «Ол Тәуелсіздігіміздің 20  жылдығында қала­ның әсем жерлерінің біріне қойылады», – дейді қала әкімі.
Ұлытау тарихының бір беті – Жезді кенті
Іссапардың екінші күні. Біз мінген автобус баяу сырғып Сәтбаев қаласына жақын жердегі Жезді кентіне келіп кірді. Сонау соғыс жылдары неміс армиясы брон, гильза жасайтын, мырыш шығаратын зауыттарды басып алғанда, Қаныш Сәтбаев бабамыздың араласуымен 1941 жылы бар-жоғы 41 күнде үлкен зауыт тұрғызыл­ған екен. Жезді кенті осы шахтаның жанын­да орналасқан. Сөз арасында жолсеріктері­міздің бірі «Жездінің жанындағы Қарсақбай кентінде жасырын түрде миналардың корпусы құйылған екен» деген дерек бере кетті.
Қойнауы тарихқа толы, шежірелі жер­лерді аралау сапарымыз осы Жезді кентінен басталды. Осы жерде қазақтың соңғы ханы Кенесарының тас мүсініне тәу еттік. Бұл Астанадағы Хан Кенеге орнатылған тас белгіден кейінгі еліміздегі екінші ескерткіш екен. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, бұрын  бұл жерде Ленин көсемнің ес­керт­­кіші тұрған. Кейін оның орнына Кене­сары ханның бюсті қойылған. Ескерткіш ретінде осы жерді таңдау себебін қала әкімінің өзі түсіндіре кетті. «Осы жерде «Хан төбе» деген төбе бар. Аңыз бойынша осы жерде 1841 жылы Кенесары хан бо­лып сайланды. Биыл қазақтың соңғы хан­дығына 170 жыл толғалы отыр. Сол себепті осы жерге ескерткіш қойдық. Кенесары бабамыздың ескерткіші қай жерде тұрса да жарасады», – дейді Берік Әбдіғали.
Хан бабамыз ұлт-азаттық жолындағы көтерілісінің 10 жылын осы жерде өткізген екен.
Сапарымыз бұдан әрі мұражаймен жал­ғасты. Жезді кентінде, жалпы, метал­лур­гия саласына арналған «Тау-кен балқыту ісі тарихы мұражайы» орналасып­ты. Мұндай мұражай ТМД елдерінде екі жерде ғана бар екен. Бірі Ресейде болса, екіншісі – осы Жезді өлкесіндегі мұражай. Жезқаз­ған қалалық мұрағатының дирек­торы Бағыт Байжантаевтың айтуынша, тікелей облысқа бағынатын бұл мұражайды кезінде  ұлтжанды азамат Мәкен Төрегел­дин ашыпты. «Мәкен Төрегелдин деген азамат осындағы экспонаттардың барлы­ғын өз қолымен жинап, облыстық мәртебе­дегі мұражайды жасақтаған. Мұражайда сақтардың мыс қорыту пешінен бастап   ХІХ ғасырда ағылшындар келген отарбаға дейін қойылған», – дейді ол.
Расында, мұражайдан қола дәуірінен бастап күні бүгінге дейінгі мыс өндіру ісі түгел қамтылғанын көріп таңғалдық. Мұра­жайдың басты ерекшелігі – экспонат­тарының 70 пайызы ашық аспан астында тұр. Мұражай ісін бүгінде Мәкеннің ұлы Рүстем жалғастырып келеді екен.
Ұлытау – ұлттар ұясы немесе Ұлытау ұлағаты
Басында бұл жердің Қазақ хандығының іргетасы қаланып, талай оқиғаға куә бол­ған киелі жер екендігін айтып өттік. Бүгінде бұл мекен тарихшылар ғана емес, турис­тер­дің де назарына түсіп отыр. Ауданда қазір туризмді дамыту шаралары қолға алынып жатыр екен. Осы мақсатта тау бау­райында ағаштан қиып жасалған дема­лыс үйі мен 12 киіз үйден тұратын Этноауыл жобасы жүзеге асып жатқанын естіп біл­дік.
Таңбалы таста. Сенбі күні кешкісін Ұлытау селосындағы «Таңбалы тас» ескерткішінің ашылуына қатысып, нағыз қазақи бірліктің мәнін түсінгендей болдық. Сол жерде кісі бойынан биік қазақтың барлық тайпаларының таңбалары қашал­ған төрт метрдей ескерткіш тастың ашылуы болды. Салтанатты шара қала әкімі Берік Әбдіғалидың сөзімен ашылды. «Қазақтың ұлы болуының бір белгісі – «Таңбалы тас». Ұлытау жері балбалтасқа бай еді. Өкінішке қарай, олардың көбі жоғалып кетті. Сол себепті осы жерге балбалтас­тар­дың көшір­месін жасап, арнайы «Таңбалы тас» саяба­ғын ашып отырмыз», – дейді ол.
Осы «Таңбалы тас» саябағында қазір тоғыз балбалдың көшірмесі қойылып, туристерді тартуға барлық жағдай жасалып отыр. Атақты ғалым Әлкей Марғұланның жазбаларынан бұл өлкеде кезінде үш мың­ға жуық балбалтастың болғанын білеміз.
Сол күні қазақ хандарының  құрметіне қойылған хан ордасы мемориа­лы мен Қыземшек тауының бөктеріндегі Асан қайғыға салынып жатқан алып ескерткіштің тұғырын көріп қайттық. Қайтар жолда Берік Әбдіғали: «Бұл құрылыс біте қалса, Рио-де-Жанейродағы Иса пайғамбардың ескерткішінен кем болмайтын алып бейне болады. Ол Ұлы­тауға қарап батасын беріп тұрған абыздың бейнесінде жасалады», – деп құпиясын ашып қойды.
Ұлытаудың киелі бұлағынан су ішіп, биші қайыңдарын біраз аралап, қолы ашық мекенге қонақ болған соң, Жезқаз­ғанға қарай жол тарттық. Ертең Домбауыл, Жошы хан мен Алаша хан мазарларын аралау сапары күтіп тұр.
Бабалар ізімен
Сапарымыздың үшінші күні. Автобу­сымыз көз жетпес сахараны қақ тіліп келеді. Алда – Алаштың атақты хандары мен абыздары жатқан киелі өлке. Іштей абыржу бар. Сан ғасырлық тарихы бар мазарлар мен арыстарымызға мәңгілік тұрақ болып қалған қасиетті мекенді көруге келе жатып қалай толқымассың?!
Осындай оймен Жошы ұлысының негізін қалаған Жошы хан кесенесіне  келгенімізді байқамай қалдық. ХІІ-ХІІІ ғасырда бой көтерген алып кесене әлі сыр бермепті. Әлкей Марғұлан қазба жұмыс­тарын жүргізгеннен кейін біраз қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіл­ген. Сол реставрациядан кейін мазар еш өзгер­тілген жоқ. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының осы жерде жерленуі кездей­соқ болмаса керек. Кейін бұл аумақ «Жошы ұлысы» аталды. «Оны негізінен балталы-бағаналы наймандар құраған» дейді дерек көздері.
Осы ретпен киіз үй формасында тұрғы­зылған Домбауыл кесенесі мен Алаша хан мазарын аралап шықтық. Жұрт арасында «Домбауыл – Шыңғыс ханның мергені, қолбасшысының бірі екен деген аңыз бар. Жошыны құлан тарпып өлтірген соң, қос атқа кезек мініп, Сарыарқадағы құландар­ды қынадай қырып­ты» деседі. Бәлкім, бұл ақиқат та шығар. Себебі Домбауылдың құпияға толы тас кесенесі Жошының жа­нын­да жатыр. Дегенмен кесенеге қатысты ортақ түйін әлі жоқ.
Ал Кеңгір өзені бойында жатқан Алаша ханның мазары талайдың таңдайын қақтырып келеді. Сейсмикалық жағынан әлемнің кез келген құрылымымен бәсекеге түсе  алатын бұл  құрылыстың қабырғасы­ның ортасында бір адам емін-еркін сыятын қуыс бар екен. Сол қуыстағы баспалдақ арқылы кесененің ең басына шығып, ма­ңай­ға көз салдық. Әр жерде үйілген төм­пешік қорымдар. Бәлкім, мұнда да ел қоры­ған батырлар жатқан болар деген ой­мен бет сипап, аруақтарға құран бағыш­тадық.
Қимай кетіп барамыз
Сапарымыздың  соңғы күні Жезақаз­ған­­нан біраз шалғай жерде жатқан Теректі әулиеге табан тіредік. Бұл жерде Әзірет Әлінің аяғының ізі деп айтылатын тастағы із бен ежелгі петроглифтерді көзбен көріп, емдік қасиеті жоғары Арасан суынан ауыз тидік. Бұл жер де – Алаш жұрты өз ханда­рын ақ киізге отырғызған өлке. Ежелгі хандардың инаугурациясы өткен өлке бүгінде талай сырды ішіне бүгіп жатыр.
Осылайша біздің Ұлытау жеріндегі үш-төрт күндік пресс-тур сапарымыз аяқталды. Көкейге көп дүние түйдік. Көңілде аздап қобалжу бар. Іштей қуаныш сыйлаған Ұлытау өлкесіне деген қимастық тағы бар. Көп ұзамай шағын автобусымызға отыр­дық. Орнынан баяу қозғалған көлігіміз Астанаға қарай бет алды. Артымызда қарт Жезқазған даласы қалып бара жатты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста