Адамды түсінудің шебері

Адамды түсінудің шебері

Қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі мәдениет қайраткері, суреткер жазушы Әлібек Асқаров – Әлібек дос туралы айтқанда менің көңіл жайлауымда тек жазирасы жайқалған, желмен шөбі шайқалған байтақ қазақ даласы көз алдыма келеді. Сол байтақ далаға байырқалап көз тастасам, әнебір жатаған төбенің жантайма беткейінде мамырдың майда самалымен сәл-сәл тербелген сарғалдақты көргендей боламын. Қызыға, қуана қараймын.
Суреткер және суретші
Қазыналы қазақ әдебиетінің ұлан-бай­та­ғына осындай сезіммен көз салғанда, сол асқар таудың күнгейінен сарғалдақ өңді қаламгердің сыр мен жырға толы бейнесін көріп, шаршай бастаған социа­лизм­нен шапшаң басып, аттап өтіп бара жатқан ақсары балаң жігітті көремін... Оған да, міне, 35 жылға жуықтады.
Досым, марқұм Болат Қанатбаевтың қасынан ең алғаш рет Әлекеңді көргенде оны Болат маған «Әлібек – суретші, «Ле­нин­шіл жастың» бетінде талай суреттері шыққан, әсіресе штрих-клишелерді қаты­рып салады» деп мақтай таныстырған. Оған кейін өзімнің де талай рет көзім жетті. Бұл менің «Лениншіл жас» газетіне қызмет­ке келіп жатқан тұсым болатын. Кейін өзім де талай арнаулы нөмірлерде Әлекеңе қолқа салып, талай штрихтар мен клише­лерді, пейзаждар мен шмуцтарды салдыр­дым. Ол айтылған өтінішті бірден қағып алып, қапысыз түсініп, өзіңнің ойлағаның­нан да артық етіп көркемдеп салатын та­лант­ты график-суретші екен.
Кейін Әлекеңмен Болат пен Мерекенің, Дидахмет пен Нұрдәулеттің, Ұлықбек пен Асқардың жанында жүрген жерінен талай жерлерде бас қосып, әңгімеміз жарасып, құшақтасып қауышып, сүйісіп қоштасып жүрдік. Әлекеңнің ерекше бір мінезі – бауырмал, жаңаны жатсынбайды, бөтенді жатырқамайды, қашан көрсең де құшағы ашық, жастықтың көрігі қызған думанды шақтарда достарына елпілдеп, еміреніп жатқаны. Әлі де сол әдеті қалмағанын Астанада жүрген күндерінде де, іссапарда бірге болған шақтарда да көріп, сүйсініп жүремін.
Бұл – кез келген қаламгерге қона бер­мейтін қасиет. Адамды жақсы көру және жақсы көргенін әрқашан қапысыз білдіру үлкен жүрек пен таза көңілді көрсетеді. Адамға дос, бауыр, жолдас деп қарайтын осынау ізгі де парасатты мінез кейін прозашы Әлібек Асқаровтың қаламгерлік қуаты мен жазушылық жан дүниесін көрсе­тетін негізгі факторға айналды. «Адамды адам түсіну бір ақырет» деп Мұқағали айтпақшы, Әлібек адамды түсінудің шебері деп айтар едім. Адамды түсіну арқылы өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне жатсынбай еніп, өз кейіпкерінің тағдырына өзі куә бо­лып, жазып отырған шығармасын табиғи жеткізу – оның қаламгерлік стилінің басты көрсеткіші.
Әлібек Асқаров прозасы оқырманды несімен тартады? Қарапайымдылығымен, табиғилығымен, юморымен, ішкі жан шуа­ғы­мен, өмірдің өзінен туындап жатуымен, адам баласының әр алуан мінез-құлқын қапы­сыз жеткізуімен, шұрайлы тілімен, арай­лы ажарымен, аңдағыш назарымен, психологиялық тереңдігімен, лирикалық нәзіктігімен, қысқасы, Асқаров прозасы қа­шан­да мамырдың май тоңғысыз сама­лын­дай жаныңды баурап, жайыңды ұғып, көңіліңді көгілдір арманмен көмкеріп жатады.
«Тайга толғауы»
Бірде  (бұл 80-жылдардың соңы еді) «Жалын» баспасы жабық рецензия жазу үшін бір қомақты қолжазбаны маған ұсын­ды. Алды-артына қарасам, сол кездегі бас­паның тәртібі бойынша автордың аты-жөні көрсетілмепті. Повестер мен әңгімелер жи­на­ғы. Тайга туралы. Тайга жөнінде мек­теп оқулығы мен баспасөзден азды-көпті мағлұмат бар болғанымен, «қазақ әдебие­тінде бұл тақырыпты дендеп жазатындай бұл кім болды екен?» деген оймен қол­жазбаны қолға алып оқып шықтым.
Оқи бастағаннан өзім де аяғыма керзі етік, үстіме брезент плащ кигендей болып, сақал-мұрты басылмаған, бір қолында дүрбісі, бір қолында мылтығы бар кәнігі орманшылар секілді Алтайдың қалың жы­ны­сына кірдім де кеттім. Адасып кетермін деп қорыққан жоқпын, автор мені «енді былай жүр, енді былай бұрыл, мына жерден байқап өт, мына жерден шайқап өт, ал оң жағыңда Мұзтау, маңдайыңда Қатынқарағайдың қалың орманы, қара нөсер келеді, тепсініп аққан Бұқтырманың жағасындағы балқарағай мен тал-теректің арасына кіріп, маздап жанған самырсын­ның отына жылын» деп ертті де отырды.
Бұл айтылғандар  – менің географиялық-әліппелік байқауларым. Ал Әлібек енді тіпті әріге кетті, осы өңірде болған дүрбе­леңдер мен дүбірлер, шырғалаңдар мен шатақтар, шындық пен сұмдық, қайғы мен көз жасы, қысқасы, Алтай таулары мен қалың ормандарының арасында, қой­науын­да болған кешегі 30-жылдардағы нәубет пен зұлмат қолжазбаның ішінен андағайлап өріп шығып, алыс күнге шақы­рып, оқырман-рецензентті тартты да кетті. Қилы тағдырлар мен сан алуан оқиғалар­дың арасында қалған мен «Тайга толғауын» жүрегімнің құлағын ашып тыңдап, құры­шын қандырдым. Жалпы, Әлібек прозасы – туған жерге тағзым етудің озық үлгісі. Ол – қара сөзбен жырлайтын Оралхан ағасын­дай қара сөзден қаймақ айырып, Мұзтау­дан шекіп тістеп, шайқурайдан қанып ішкен қаламгер.
«Рецензияға берген соң, автор кімге берілгенін біледі, сосын саған келіп өтініш айтып, қинайды, барын беріп сыйлайды» деген сөздерді естіп те жүретінмін. Бұл автор тым-тырыс. «Не де болса әліптің артын баққан біреу болар» деп мен де оны іздеп жатпадым. Бірақ қаламгердің шы­найы еңбегіне қылдай қиянат жасаған жоқпын, қазақ прозасының табысы, жаңа қаламгердің шабысы, қазақ әдебиетінің ортақ намысы деп бағалап, тұшынған көңілмен толымды пікір жазып бердім.
Содан бір күні  Әлекеңмен  бір басқо­суда кездесе кеттім, Әлекең мені көрген бойда бас салып сүйіп, құшақтап, бауыры­на ба­сып барады. Бұрынғы сүйістерінен де етене, ерекше. Мен әлгі рецензияның өтеуі осы болар деп топшылап: «Әлеке, «қолжаз­бам саған түсіпті» деп бір ауыз айтпадың ба?» – деп жатырмын. Ол: «Айтпаған себе­бім – жігіттер сені қандай болса да турасын айтады, қиянат жасамайды» дегесін, әліп­тің артын баққанмын, ойымнан шықтың, адал ниетіңе рақмет», – деді де, тағы да құ­шақ­тап сүйіп, бауырына тартты.
Мен содан бері Әлібек достың талай рет көңілінен шыққан сайын, айқара ашқан құшағын көрдім, кірбің түспес көңілін көрдім, бірақ  екеумізді дос-жолдас ретін­де табыстырған, таныстырған сол сүю әлі күнге менің есімде. Әлібек досымның достық ерні тиген менің оң жақ бетім әлі күнге қуаныштан дуылдап тұрады.
Тал түске дейін қайда әлі?!
Әлібек көп жылдан бері Президент Әкім­шілігінің жауапты қызметкері, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Ол мемлекет қызметінде жүрсе де, әрқа­шан көпшіл, әр кезде елшіл, қашанда ха­лық­шыл. Талай жылдан бері елімізге етене таныс «Мәдени мұра» бағдарламасының одан әрі дендеп, дамуына тікелей үлес қосып келе жатқан, ұлттың рухани мәйегі мен мәдени дәйегіне баладай жүгіріп, барынша адал қызмет көрсетіп келе жатқан азамат. Қашан көрсең де қат-қабат шаруа­ның қақ ортасында, қашан байқасаң да сабыр­лы, сарабдал. «Бір дүние» деп қо­йып, алда атқарылар іс-шараның мән-жайы мен ау-жайын тәптіштеп айтып, то­лық­тыра пысықтап жатқаны. Қызмет бабына орай жиі-жиі телефон шалып, өзіне тән қоңыр үнді тенор дауысы құлаққа жағымды естіліп, «Өтеш, тағы бір дүние, осы жайды Қанекеңнің құлағына салшы» деп көкей­тес­ті мәселені орайын тауып айтып жат­қаны. Айта бер, Әлібек дос, ай­тарың тау­сыл­масын, жазарың сарқыл­ма­сын.
Әлібек Асқаров одан кейінгі жылдарда талай кітап шығарды, талай еңбек жазды. Оның бәрін де қазақ оқырманы оң қабыл­дап, қуана оқыды, жатсынбай қабылдады. Мемлекеттік жауапты қызметтерде, іс ба­сын­да жүріп, көңілінің күншуағын жоғалт­пай, адамға деген асыл сезімін суытпай, дос-жаранға деген кіршіксіз көңіліне қаяу түсірмей, қашан көрсең ақсары жүзіне қы­зыл рең жүгіріп, шын пейілденгенде алдын ала аузын сүюге дайындап, елгезек, елшіл мінез танытатын Әлібек «алпысқа келіп қалыппын» деп ел-жұртын жинап, дастар­қан жайды. Ойдан-қырдан, алыс-жақын­нан келген достары мен жолдастары Әле­кең­нің сағынған сүюін мемлекеттік мара­паттай қабылдап, «жетпіске келгенде де жақсылығыңа жиналайық» деп аттанып кетті.
Сол көптің ішінде мен де болдым, сол кештен кейін көкейіме оралған өлең жолдарын түсіріп едім.
«Алпыс – тал түс» дейді біреулер. Мүм­кін, солай да шығар. Бірақ осы бір тәмсіл Әлібек досыма келе бермейді. Ол үшін ал­пыс өзінің реңіндей болып, шұғыласы ша­шы­рап, ал­тын­дай болып арайланып атып келе жатқан таң секілді. Тал түске де­йін қайда әлі?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста