"Адамдық ғұмыр біткенмен, ақындық ғұмыр бітпесін"

"Адамдық ғұмыр біткенмен, ақындық ғұмыр бітпесін"

Таяуда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, қазақтың тұңғыш бард-жырауы Табылды Досымовтың «Із тастап аққан бір жұлдыз» кітабының тұсаукесер рәсімі мен шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты халықаралық ән фестивалі өтті. Өмірден өтсе де, өнерде мәңгілік ізі қалған дарын иесін еске алуға арналған кешке Президент әкімшілігі, Мәдениет министрлігі, Ақтөбе облыстық әкімдігі қолдау көрсетіп, Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қор ұйымдастырды. «Алаш айнасы» бұған дейін «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты кітаптың жарық көргендігі туралы жазған болатын.

Бұл кітап 2013 жылы Президент әкімшілігінің және сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастамасымен «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммедтің қолға алуымен жарық көрген болатын.
Ғұмырнамалық жинақтың алғашқы таныстырылымы былтыр желтоқсан айында аяулы өнерпаздың туған жері Атырау облысында жүзеге асты. Одан кейін ақын атындағы қоғамдық қор Қытай Халық Республикасындағы қандастарымызға таратып, бойына бірнеше өнер қатар дарыған синкретті өнер иесінің мұраларын насихаттап қайтты. Бұл жолғы халықаралық жиынға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, «Хабар» агенттігі бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Құлиев, «Қазақпарат» баспа корпорациясының пре-зиденті Қонысбек Ботбай және Қазақстан мен Қытай мемлекетінің өнер қайраткерлері шақырылған. Әрине, жауапты қызметтегі азаматтардың барлығы бірдей келе алмаса да, алдын ала жеделхат жіберіп, сол күні хабарласып, тілектестіктерін білдіріп жатты. Тау тұлғалы тарпаңның артында қалған жары Қарлығаш Ибатова мен ұлы Абыл да арнайы алдырылды.


Кеш тізгінін қолына алған Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір фестиваль шымылдығын салтанатты түрде ашу үшін Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің құттықтау сөзін ала келген облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованы және Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжанды ортаға шақырды.
Құйрықты жұлдыздай ағып түскен Табылды Досымов – бард өнерін қазақ даласына сіңіріп, өзіндік мектеп қалыптастырған бірегей тұлға. Тоқсаныншы жылдардың басындағы елең-алаң шақта, елдің бәрі нарық пен наубайхананың ортасында жүрген уақытта Табыл Досымовтың аты аңызға айналып, болат дулығалы баһадүр батырлар мен аузымен құс тістеген сал-серілер секілді үлкен әсер қалдырды. Оның әніне, дауысына, жүріс-тұрысына Атырау мен Алтай арасындағы қалың елі тәнті болды. Сағындырған Алатауына дүркін-дүркін болмаса да жыл аралатып келіп тұрды. Ол кісі Алматыға келгенде әлем көшіп келгендей, жұрттың бәрі соңынан қалмай ілесіп жүретін. Өзінің ерекше дарын-қабілетімен жалғыз Атыраудың емес, Алты алаштың ортақ тұлғасына айналды. Жер-жерде өтіп жатқан фестивальдер мен еске алу кештері – осы сөзіміздің нақты дәлелі. Алдағы уақытта солтүстік пен оңтүстікте, шығыстағы Абайдың, арқадағы Біржанның, Жетісудағы Мұқағалидың елінде бұл шеру жалғасады деп сенеміз, – деді Жанарбек Әшімжан.


Бұдан кейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда:
– Бард-әншілер фестивалінің республикалық деңгейде тұрақты өткізіліп, дәстүрге айнала бастауы – ұлықтауға лайық ұлағатты іс. Осы өнерді қазақ топырағына әкелген Табылды Досымовтың патриоттық, лирикалық әндері көпшілікке етене таныс. Жыраулық поэзияның заманауи саласы – бардтық өнер де күн өткен сайын дамып келе жатыр. Өнердің жаңғыруын – ұлт жадысының жаңаруы деп білем. Біз жаһанданудың жағымды үрдістері мен жаңашыл өзгерістеріне қаншалықты мүдделі болсақ, ел ішіндегі өміршең бастамаларға соншалықты бейілміз. Фестиваль халықтың ежелден қалып-тасқан ән дәстүрін нығайта отырып, әншілік өнердің заманауи беталысын айқындайды. Ата-бабалар мұрасындағы рухани құндылықтарды қазіргі заманғы үрдістермен ұштастырып отырып, игеруге мүмкіндік ашады. Сонымен қатар ол түркі халықтарының салт-дәстүрлері мен мәдениетінің алтын қазығы – номадтық өркениетте бардтық өнердің ежелден болғанын әйгілей түседі. Өнер саласындағы жаңашылдығы басым әрі тағлымы мол бұл мәдени істің мәнді өтуіне тілектестігімді білдіре отырып, осы игі шараға қатысушыларға табыс тілеймін! – делінген.


Ресми бөлімнен кейін қарт Каспий, мәрт Маңғыстаудың сәлемін ала келген әнші Жоламан Көшкінов, Баймұрат Жолдасбаев, Табылдының төл шәкірті Есенбай Құлиев, Қытай Халық Республикасынан келген Байра Айдарқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Света Айтбаевалар бірінен кейін бірі шығып, «Мен қазақпын», «Сәйгүлік», «Биіктік», «Асан Қайғыны аңсау», «Ақан Серіге», «Мен саған ғашық емес ем», «Қара гүл», «Қыз бақыты», «Ұнатамын мен сені» туындыларын тарту етті.


Бұл кештің жаңалығы да жоқ емес. Табылды Досымовтың өлеңіне жазылған Серік Жанболаттың «Атыраудағы көктем» әні алғаш рет жұртшылыққа жол тартты. Автордың өзі айтқан ән жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Серік Мейрамбекұлы Табылды аға өлеңін жазған «Сағыныш белгісі» әнінің шығу тарихын да көпшілікке әңгімелеп, соңынан шырқап берді.
Мәдениет қайраткері, әнші-композитор Қадырғали Көбентаевтың репертуарындағы Табылды Досымовтың үзеңгілес досы, арқа сүйеген ағасы, ақын Бижан Қалмағамбетовтің өлеңіне жазылған «Таланттарды бағалайық!» әнін де жиналғандар ұйып тыңдады. Жетісудың желмаясы, ақын Есенқұл Жақыпбектің өлеңіне жазылған «Өнер адамы» әніне де өнерсүйер қауым көзіне жас ала отырып, ұзақ қол соқты.
Бұдан бөлек, атты тақтан артық көретін танымал ат сейістері, бейнеулік Әбдіғали, Қобылан Таңатаровтардың демеушілігімен «Сәйгүлік» әніне түсірілген бейнеклип көрсетілді. Әнді орындаған Баймұрат Жолдасбаев.
Байғанин ауданынан арнайы келген, Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқаудың жеңімпазы, №3 Қарауылкелді орта мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлзира Ерболқызы мен Орал-Қосай Байсеңгір «Кезіктім саған» өлеңін оқып, кеш көрігін қыздыра түсті. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы – Абыл Табылдыұлы «Бауыржан досқа» әнімен тәнті етті. «Алма бұтағынан алыс түспейді» дегендей, күннен-күнге дауысының әкесіне қатты ұқсап бара жатқандығын байқатты.
Соңынан келген қонақтардың барлығына алғыс білдіріліп, демеушілерге рақмет айтылды. Осы ретте халықаралық фестивальдің өз деңгейінде өтуіне атсалысқан бірқатар азаматқа тоқтала кетсек дейміз. Олар: «Мемлекеттік сараптама» Алматы филиалының директоры Шымыр Қарманов, «Дастан» компаниясының президенті Асхат Айтжанов, «Баймар Групп» ЖШС құрылтайшысы Қайсар Қалқаманов, «Ақтөбежөндеуқұрылыстасымал» ЖШС директоры Әбужан Есбосынов, «РАД-Стройкомплект» директоры, ақын Өтеген Нұрмағанбетов, «БН Ақтөбе» ЖШС директоры Тахир Гусейнов, «Актюбгражданпроект» ӨК төрағасы Әубәкір Әжіғалиев, «КазПромСтройГрупп» ЖШС директоры Бағытжан Ержанов, «Экосервис-К» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Артықбаев, “Ақтөбе-Тас” ЖШС директоры Ақораз Ербөлеков, «УК Деловой альянс» компаниясының президенті Әнуар Шайманов, “Алихан Ойл” ЖШС директоры Зұлқожа Қожаев, «ЖАКС» ЖШС директоры Жақсылық Өрекешов, «Мизам-Авто» ЖШС директоры Ғабиден Өндір-генов, «Асыл Oil» ЖШС директоры Қамқа Қожаев, «Бірлескен компаниялар» құрылтайшысы Мұрат Сарманов, өнер жанашыры Дарқұлов Қайрат Барлықұлы, Үрімшідегі қазақ қауымдастығы төрағасынының орынбасары Есбол Мұхамеденұлы.


Табылды Досымов атындағы халықаралық фестивальдің бас ақпараттық демеушісі – «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті. Сондай-ақ ұйымдастырушылар «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе телекомпа-ниясының ұжымына және директоры Раукен Отыншинге, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиевке, «Рика-ТВ» компаниясының бөлім редакторы Серік Әбдікке, «Диапазон» газетінің ұжымына және бөлім редакторы Наталья Макеенкоға, «Қазақия» газетінің ұжымына және директоры Өмірзақ Ақжігітке ризашылығын жеткізеді.
Жастар сарайының директоры, ақын-сазгер Орал-Қосай Байсеңгір, Табылды Досымов атындағы қордың мүшесі Еркін Бахишев, қордың баспасөз хатшысы Інжу Алмасқызы, өнер мен мәдениет жанашыры Талғат Құбашев, «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев, банк қызметкері Әлия Нұрлыбаева да фестивальдың шығармашылық, ұйымдастырушылық жұмысына үлкен үлес қосты.
Табылды Досымовтың артында қалған жары Қарлығаш Ибатова мен ұлы Абыл аты аталған азаматтардың барлығына әулет атынан алғыс білдіреді.
Орал-Қосай БАЙСЕҢГІР: – Тәуелсіз қазақ елінің, әр өнер адамы, әр сөзінде өлмес рухты өнеге етуі тиіс. Ұлттық рух десек, ойымызға Исатай мен Махамбет оралады. Олар – халық көңілінің тұнығындағы ең асылы еркіндікті, теңдікті аңсады. Махамбет ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыда алдан жарық күнді қармаған қалың қазақтың ақ жүрегіне толқу салды, ер көңіліне жел берді. Махамбет жырларын оқыған адам тез тұтанып, терең тебіреніп, Исатай сарбаздарының сапында айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезінеді. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ! Өйткені оны жалғаған кешегі Фариза мен Табылды еді...
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: – «Адамдық ғұмыр біткенмен, ақындық ғұмыр бітпесін» деп өзі айтқандай, Табылдының екінші ғұмыры басталды. Былтыр жинағы шықты. Фестивальдер өңірлерде өтіп жатыр. «Қазақфильм» деректі фильм түсірмек. Республикалық деңгейдегі үлкен концерттердің қарасы көрініп қалды. Бір өкініштісі, өзі жоқ. Қара гитарасын арқалап Алматыға талай келіп, бір концертін өткізе алмай кетіп еді. Осы ғана өзекті өртейтін өкініш...
Жеміс ТІЛЕПҚАЛИЕВА, Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: – «Жер топырағымен, ел азаматымен киелі» дегендей, небір өнердің майталмандарын, небір сөздің сүлейлерін, небір өнердің қарлығаштарын өмірге әкеліп, өнерге қанат қақтырып, небір шежірелі ақындардың өкшесінің ізі қалған өңірде Табылды ақынның өмірге келіп, қазақтың тұңғыш бард ақыны, жырауы атануы – біз, жерлестері үшін зор мақтаныш, биік мәртебе. Дендер топырағын мәңгілік мекеніне айналдырған Махамбет батырдың өр рухы, төкпе ақын Мұрат Мөңкеұлының, Малайсары бидің, Есет Қараұлының, Адар Ерна-зарұлының ақындығы, тектілігі, сал-серілігі Табылдыға дарып, жүрегіне ұялаған. Заманымыздың бірегей болмысты, біртуар талантының, үлкен жүректі азаматының дүние-керуенінен үзіліп түсіп қалып жатқанына әрине, қамығамыз. Бірақ адамның жақсы істері соңына қалдырған ізімен өлшенеді, жүректің төрінде жүреді. Табылды Аяшұлы ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек ете жүріп, аудан халқына мәдени қызмет көрсету ісінің сапасын көтеруге, жастарды өнерге баулуға аянбай үлесін қосты. Аудандағы Махамбет пен Мұрат ақындардың ізбасарларын дайындау жолында белсене еңбек етті. Олардың бірнеше жинақтарының баспа бетіне шығуына, сол арқылы елге, әдеби ортаға танылуларына жол ашты. Әрбір жас талапкерді шығармашылық жолда кездесетін сан кедергіге мойымай, ауыртпалықтарды жеңе білуге үйретті. Қазақтың дәл өзіндей, көркем сөзінің саңлағы, ән өнерінің падишасы саналатын Табылдыдай ақынның қазақтың маңдайына біткенінің өзі бір бақыт. Жалпақ жұртты өнеріне тәнті етіп, жүрекке жағымды, жылы орын алатын әндері арқылы әр адамның санасына ұялап, мәңгілік өнердің сөнбес алауын маздатқанының өзі мың бақыт. Қадір тұтып қастерлейтін елі барда Табылды шығармашылығы өнердің төрінен мәңгілік орын алары сөзсіз.
«Айқын» газетінен алынды

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста