«Адасқан» кино ма, көрермен бе?
Қазіргі таңда халықаралық деңгейдегі өзекті де өткір проблемалардың бірі – адамзат қауымына, жастар өміріне, қылмыстың көбеюіне, адамның азғындауына, мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жалпы өркениетімізге қауіпті де қатерлі дерт – нашақорлық. Белгілі режиссер Ақан Сатаев жақында ғана алғашқы көрсетілімі өткен «Адасқандар» кинофильмінде осы өзекті мәселені басты тақырып етіп алыпты.
Бұл тақырып төңірегінде, жалпы есірткі жайлы, бұдан бұрындары да талантты режиссеріміздің бірі Рашид Нұғыманов «Ине» кинофильмінде әдемі де әсерлі баяндай білген еді. Ондағы басты рөлді атақты бард-әнші Виктор Цой сомдаған еді.
Ал Ақанның алдыңғы қарапайым көрерменнің ықыласына бөленген «Ағайындылар» фильмінен кейін осы шығарманы көріп отырған көрерменнің көңілі ашыған айрандай болатыны анық. Себебі қоғамдағы жастар өмірін, отбасы тағдырын, жегі құрттай жеп бара жатқан есірткі елесіне еліктеген кейіпкерімізді көріп отырып, жаның түршігеді. Шығарманың желісінде есірткіге тәуелді ұрпаққа алаңдаушылық байқалады.
Сондықтан да мұндай туындының артар жүгі біршама ауыр. Нашақорлық дерт – ол ұлт таңдамайды. Фильмде жақындарын да танымайтын халге жеткен немесе құз басына келіп, шыңырауға түсіп бара жатқан кейіпкердің жанталасы, жан азабы және оның қасіреті айқын да шынайы бейнеленген. Қасіреті сол, ол – адасқан адам, азғындау шегіне жеткен өз баласы мен жан-жарын өз қолымен өлтіргенін білмеген де, сезбеген де мақұлық кейпіне түскен кейіпкер.
Міне, осындай қасіретке бой алдырған кейіпкеріміздің өмірінің соңындағы сәттерінде аруақтармен араласуы, сандырақтауы, яғни құз басындағы жанұшырған арпалысын суреттейді. «Режиссердің шығарма тақырыбын ашудағы ізденістерінің бірі – кейіпкерге қандай ауыр қылмыс істегенін аруақтар арқылы жеткізуі, аян беруі және алдындағы жолдың үзілгенін, басқа барар жол жоқ екенін, алдында тек қана шыңырау барын білдіруі – өте бір ұтымды шешім» деп ойлаймын.
Кинофильм мистикалық триллер жанрында түсірілген. Бұл жанр бұрын-соңды қазақ киногерлері әлі игермеген тақырыптардың бірі болатын, осы тың дүниені игеруде режиссер Ақан Сатаев, сценарист Тимур Жақсылықов, оператор Хасан Қыдыралиев сынды мамандар бас қосқан шығармашылық топтың еңбектері ерен деп айтуымызға болады. Кинофильмдегі актерлер ойыны шынайы шығарманы одан әрі байытуға, әсерлеуге, бейнелеуге мүмкіндік берген. Олар – өз таланттарын барынша ашып көрсетуге күш салған актерлер, Ресей киножұлдызы Андрей Мерзликин жене театр және кино өнерінің актері Тұңғышбай әл-Тарази.
Фильмнің алғашқы көрсетілімінен кейін жергілікті журналистерге сұхбат берген ресейлік киножұлдыз Андрей Мерзликин Қазақстанда кинонарықтың енді қалыптасып келе жатқанын айтады.
Осындай танымал әртістердің ойындарын көре отырып, шеберлігіне еріксіз тәнті боласың. Десек те, басты рөлге тағы да сырттан актер шақыртуымыз өзімізде мықты мамандар жоқ сияқты жағымсыз әсер қалдырады. Әйтсе де жаңа туынды жаңалығымен, өзекті мәселесімен осы бір қауіпті індеттен жастарымыздың бойын аулақ ұстауына әсері мол болатынына сенгіміз келеді. Алайда әлеуметтік проблема көтеруге талпыныс жасаған фильмнің идеясы мен мазмұны дұрыс түзілгенімен, жанрлық және кәсіби тұрғыдан ортаңқол дүние болып қалған.
Бас-аяғы 10 айдың ішінде түсірілген 90 минуттық бұл фильмнің бюджеті бір миллион долларды құраған. «Адасқандар» көрерменге жол тартпай тұрып, халықаралық «Монреаль» кинофестивалінің негізгі бағдарламасына енгізілген болатын. Алайда бас жүлде алсақ деген үлкен үмітпен барған түсіруші топтың бұл байқауда қанжығасы майлана қоймады. Ендігі кезекте туынды Ресей мен Еуропа көрермендеріне ұсынылмақ. Бізге таңсық болғанымен, мистикалық триллермен шеттегі көрерменді таңғалдыра алмасымыз анық.
Андрей Мерзликин, ресейлік киноактер:
– Кино түсіру оңай жұмыс емес. Әсіресе, интеллектуалды фильмдерді жасау қиын. Қазіргі уақытта қай елдің кино саласына болсын айтылар сын жетерлік. Дегенмен бүгінгі өмірде не болып жатыр, біздің экраннан көретініміз де сол. Кейінгі кинолардың дені атыс-шабыс, кісі өлтіру, ұрлық-қарлықты көрсетуге негізделген. Өкінішке қарай, қазіргі көрермен талғамы да осындай дүниелерді қалап тұрады. Сондықтан да жарқын өмірді бейнелейтін адамгершілік, махаббат туралы фильмдер өте аз.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Мистикалық триллер – менің сүйікті жанрымның бірі. «Адасқандардың» идеясын мен бес жыл бұрын ойластырған едім. Бұл фильм ойлы да талғампаз көрерменге арналған. Осыдан кейін экшн жанрындағы «Ликвидатор» атты тағы бір фильм түсіру жоспарымда тұр. Жалпы, көпшілік мені ауыр кинолар түсіреді деп жазғырады. Әрине, мені таңғалдыра алатындай қызықты оқиғаға құралған сценарий табылса, алдағы уақытта тамаша комедиялық фильмдерді де түсіргім келеді.
Соңғы кадр
Әрине, талғамға талас жоқ. Қалай болған күнде де қазақ көрермені «Адасқандарды» қабылдай алмады. Сол баяғы орыстілді аудиторияның көңілін табу ғана сияқты әсер қалдырды. Оның үстіне, талғампаз киносыншылардың тілімен айтсақ, «Ақан Сатаевтың түсініксіздеу туындысы» жай ғана авторлық кино деңгейінде түсірілген. Анау айтқандай, әлемдік прокатқа шығуы да екіталай. Бәлкім, бұл қазақстандық өнім де Батыстағы көрерменге ұнайтын болар... Себебі аталған фильм қазақ киносына мүлдем ұқсамайды. Сөз соңында «Адасқандар» өз елінде көрерменін таппады деуге болады.