Әдебиетке адал Әнес
Еліміздің бас ордасы Ақмолаға көшіп, астана Астана болған аз жылдың ішінде әкімшілік орталық ретінде ғана қалыптасып қоймай, тірлігі қайнаған рухани ортаға да айналып үлгерді. Ал мұндай ортаны, әлбетте, астанаға ат басын бұрған, елордаға туын тіккен мәдениет ошақтары, әдебиет пен руханият қайраткерлері қалыптастырды. Солардың арасында шоқтығы биік жазушы, алаштанушы, ел мүддесі үшін қолынан қаламын тастамай еңбек етіп келе жатқан Әнес Сарай да бар. Осы қарашаның 23-інде 75 деген мерейлі жасқа толатын жазушы ағамызға ізгі тілегімізді арнай отырып, қаламгер замандасы Төлен Әбдікұлының пікірін ұсынамыз.
Әнес Сарай – бұл күнде қазақ әдебиетінің ең таңдаулы өкілдерінің бірі. Ол аз болса, еліміздің тарихын кеңінен зерттеп, зерделеп жүрген ғалым. Бір ғажабы, ғылыми атағы жоқ, бірақ зерттеулері байсалды, терең; жаңа ой, жаңа тұжырымдарға толы.
Соңғы кезде жазушылықтан ғылымға көбірек ойысқан Әнес осылайша оқырмандарын біршама адастырып кеткен секілді көрінеді. Бірақ оның жазушылық әлемі әдебиетсүйер қауымның, әріптестері – мына біздің көңілімізде сайрап тұр.
Біз бірге оқыдық, қатар қалыптастық, әдебиетке де бір кезеңде келдік. Әнес бізге қарағанда естиярлау еді. Біз ғұсап қаңғыра бермейтін, керуетінде жатып алып, әлемдік әдебиет классиктерінің шығармаларын шұқшиып оқитын да жататын. Шығармашылығын да ертерек бастады. Біз не ақын, не прозашы боларымызды білмей, әр нәрсеге бір ұрынып жүргенде, ол саналы түрде бірден прозаға қалам тартты.
Әнестің тырнақалды әңгімелерінің өзінде өмір суреттерін өз бояуымен дәл көрсету, детальға көңіл бөлу, оқиғаның өрбуін, кейіпкердің әрекетін өз табиғатымен, өз заңдылығымен дамыту секілді реалистік сипаты басым еді. Оның алғашқы жинақтарын оқырман, әдеби қауым жақсы қабылдады. Әнестің шығармашылығын сыншылардың болмашы болса да сынағанын өз басым байқаған емеспін, бірақ жеріне жеткізіп, жақсылығын да толығынан көрсетіп бере алмағандай көремін.
60-жылдардың аяғы, әлде 70-тің басы – Әнес «Қараша өткен соң» деген повесть жазып бітірді. Бұл, шын мәнінде, сол кездегі қазақ әдебиетіндегі повесть жанрының жаңа бір белесі секілді шығарма еді. Сол повесті оқығаныма қазір 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Ішіндегі суреттер әлі күнге дейін көз алдымда тұрғандай көрінеді. Теңіздегі маякқа от жағу үшін аттанған шалдың көрген азабы, қауіп-қатері, табиғат суреті кино көріп отырғандай әсер береді. Шал қайыққа отырып, өзен бойымен сырғи жөнелгенде, біраз жерге дейін құйрығы бір жағына қисайып, жағалаумен иесінің соңынан бүлкектеп еріп бара жатқан иттің бейнесі де көз алдымда тұр. Ақырын жапалақтап қар жауа бастаған кезде, болмашы дыбыстың да естілмей, құлаққа ұрғандай өлі тыныштықтың орнай қалуы, тағы сол сияқты табиғатқа, адамның ішкі сезіміне байланысты құбылыстардың ерекшелігі соншалықты шынайы суреттелген болатын.
Сол кезде менің есіме Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі түскен еді. Табиғатпен, акулалармен арпалысқан шалдың өлермендігі, сол өлермендіктің ар жағында жатқан адами асқақ рух, өмірге құштарлық – осының бәрі Әнестің повесінде де өзіндік бояуымен, қазақы топырақтағы өзіндік сипатымен, ерекшелігімен көрініп тұрғанын аңғаруға болатын. Бұл арада еліктеу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Повестегі оқиға мүлде бөлек. Біз «Шал мен теңізді» аталған шығарманы талдау барысында әлемдік әдебиетпен салыстыру ретінде ғана алып отырмыз.
Жазушының табиғатты, әлеуметтік кеңістікті, адамның жан дүниесін суреттеудегі көркемдік тәсілі, сабырлы да салмақты тілі, сөз жоқ, негізгі жетістігі болып есептеледі. Оның сыртында идеялық құндылығы да оқырманға ой салары сөзсіз. «Маяк отын жағу үшін басын қатерге тігіп, жаңа қатқан жұқа мұздың үстімен жылжып, мұз жарылып кеткенде, суға кете жаздап әрең дегенде жандәрмен межелі жерге жеткен шалдың жасаған ісі көрген азабына тұра ма, тұрмай ма?» деген сұрақтың тууы заңдылық еді.
Өмірге келген әр адам ақыл-парасатына сай өзінің арының, ұятының, адамгершілігінің алдындағы, өзін қоршаған ортаның, яғни қоғамның алдындағы жауапкершілігін әртүрлі сезінуі ықтимал. Ал біз әңгіме қылып отырған шалды өзін өз ортасынан бөліп қарай алмайтын, ұжымдық санадағы қазақы тәрбиенің адамы деуге болады. Бұл сана, әрине, тек қазақы тәрбиенің ғана жемісі емес, тұлғалық сананың да көрінісі. Өйткені өзін белгілі бір мақсатқа құрбан қыла білу – тек тұлғаның ғана қолынан келетін шаруа. Ал тұлғаны тек аты белгілі адамдардың арасынан іздеу пенделік түсініктегі жаңсақтық. Атағы дардай адамдар жасай алмайтын ерлікті қатардағы адамның (аты белгісіз деген мағынада) жасауы әбден мүмкін.
Ал, шын мәнінде, өмірге мағына беретін де – осы ерлік. Ерлік ұлттық сананың бір бөлшегіне айналған кезде адамды құлдық психологияда тұтқындайтын ұлттық үрей де бірте-бірте жоғала бастайды. Ендеше, азаттық үшін жандарын қиған Хан Кененің де, 1986 жылы алаңға шыққан жастардың да, тіпті намысын қорғап өзінен әлде қайда күшті бұзақыдан таяқ жеуден қорықпаған баланың да ерлік істерінің түбі бір деп айтуға болады. Әнестің шалын да басын қатерге тіккізген нәрсе – өзін қоғамның бір бөлшегімін деген түсінік пен жауапкершілік.
Әнес – көп жазатын еңбекқор да бейнетқор жазушы. 1994 жылы Мемлекеттік сыйлық алған «Еділ-Жайық» романы да, мен білсем, кеңінен талқыланбаған секілді. Оның бәрін жіліктеп талдауды сыншылардың үлесіне қалдырайық. Біздің айтпағымыз – жазушының көркем шығармаларының бүгінгі күнмен үйлесіп жатқан өзектілігін оқырманға жеткізу.
Жоғарыда айтып кеттік, Әнес соңғы жылдары драматургия жанрына атсалысып жүргенімен, негізінен, тарихты зерттеу жағына көбірек көңіл бөліп жүр. Оның «Исатай мен Махамбет», «Көнеліктер», «Ноғайлы», соңғы жазылған, бірақ баспа бетіне шығып үлгірмеген «Көк түріктер» атты зерттеу еңбектері осыған айғақ.
Тарихты көркем әдебиет үлгісімен беру әдебиетімізде үлкен кезеңге айналғанын білеміз. Қазір жазушылардың таза тарихпен шұғылдануы етек ала бастады. Сол қатарда Әнес те бар. Мен досымның бойынан жарқырып шыға келген жаңа бір талантқа таңғалғанымды жасыра алмаймын. Оның зерттеулері, біріншіден, қызықтырады, көркем шығармадай оқылады. Мұнысы тілді жетік меңгерген жазушылығынан болар. Екіншіден, тарих қойнауына терең үңілуі, фактілерді сөйлетуі, тың ойларындағы тарихи қисын – осының бәрі Әнестің тарихқа үлкен дайындықпен келгенін көрсетеді.
Жалпы, тарих туралы түсінік мамандардың өздерінің ішінде де әртүрлі екені белгілі. Тарихты халықтың атын шығару үшін, рухын көтеру үшін немесе ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін жасалатын ілім деп пайымдау, меніңше, жаңсақ түсінік. Ресей өзін дәріптейтін жаңа тарих жасаймыз деп әуре болуда. Әрине, ондай, белгілі бір идеологияға негізделген тарих – шын тарих емес. Кезінде патшалардың тапсырмасымен жазылған тарихты да бұрмаланған тарих деп айтуға болады. Ал шын тарих – өмірде болған шындық пен оның объективті зерделенуінен басқа түк те емес. Ол тарих бізге ұнамауы мүмкін, біздің осалдығымызды, қателігімізді паш етуі мүмкін. Бірақ ол – сонысымен тарих. Шын тарихты жасау, таланттың сыртында, шыншылдық пен турашылдықты, ақиқатқа негізделген қатыгездікті талап етеді. Оны өз кәдемізге жарату – басқа міндет.
Менің ұғымымда, Әнестің тарихи зерттеулері осы шарттарға толығымен жауап береді. Оның шығармашылығы тақырыбының байлығының сыртында өзінің тереңдігімен ерекше.
Тарихты тани білу, сол арқылы жақсы мен жаманды айыра білу – ұлттық сананың іргетасын қалайды. Сол іске өмірін арнап жүрген көрнекті қаламгердің еліне амандық, өзіне қажымас қайрат тілейміз.