Әдебиеттанудың білгірі еді...
Қазақ әдебиеті тағы бір қаламгерінен айырылды. Белгілі жазушы, әдебиеттанушы ғалым, әйгілі «Отырардың ойраны» тарихи романының авторы, филология ғылымының докторы, профессор Хасен Әдібаев 88 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Әдеби сын, әдебиеттану ғылымы, көркем проза саласында өнімді еңбек еткен қаламгер, ғалым Хасен Әдібаев 1924 жылы 6 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Шұбартау ауданы Қосағаш ауылында туған. 1947 жылы Ұлы Отан соғысынан оралған соң, Аягөз ауданында комсомол қызметінде болды. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия бөлімін, 1959 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аспирантурасын бітірген. «М.С.Ольминский М.Е.Салтыков-Щедрин туралы» атты тақырыпта кандидаттық, «Ғ.Мүсіреповтің шеберлігі» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Ұзақ жылдар бойы Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық еткен.
Майдангер ретінде «Қызыл Жұлдыз», екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ғылымдағы еңбектері ескеріліп «Құрмет белгісі», Құрмет ордендерімен марапатталған.
Жазушы-ғалымның қаламынан туған «Уақыт және суреткер» «Талант, талғам, тағдыр», «Көкжиек», «Таңбалы адам», «Өмірдария», «Абай патшалығы» деп аталатын көркем дүниелер мен әдеби сын, зерттеулер оқырманынан өз бағасын алған. Хасен Әдібаев сонымен қатар әдебиеттану саласы бойынша мектеп оқушылары және арнаулы оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына арналған бірнеше оқулық жазған.
Ұлттық әдебиет пен әдебиеттану саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, артынан сүбелі сөз қалдырған қаламгер, ғалымды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі кеше өзі ұстаздық қызмет атқарған Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғимаратында өтті. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
«Алаш айнасы»