Әдебиеттің алыбынан қалған мәдениеттің марқасқасы

Әдебиеттің алыбынан қалған мәдениеттің марқасқасы

Қазақ руханиятының ұлттық тұрғыда қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосып, тамыры терең тарихымыз бен әдебиетімізді, өнер мен мәдениетті зор талғаммен зерттеп, зерделеп жүрген көрнекті ғалым Мұрат Әуезов биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын қасиетті кітапхана төрінде ерекше ауанда атап өтті.
Заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы Мұхтар Омарханұлы сынды жайсаң қазақтың тұяғы Мұрат Мұхтарұлының есімі бүгінде жалғыз қазақ қоғамына ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де белгілі. Тегіне тартып туған талантты тұлға өзгелер сынды өз мерейтойын жоғарыға алақан жайып ат-шапан сұрамай, әсіре жарнамалатпай, әлдекімдер сияқты кернейлетіп-сырнай­ла­т­пай, зиялы қауым өкілдерінің, қалам­дас-қанаттас замандастары мен ғалым­дардың, жастардың ортасында еркін пі­кір­алмасу сипатында өткізгенінің өзі оның бекзат болмыс, салмақты ой иесі екен­дігін айқындай түссе керек. 
Осы орайда кеше Алматыдағы Ұлттық кітапхананың көрме залында білікті мәдениеттанушы  ғалым, дипломат, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің 70 жасқа толуына  орай  «Мәдениет серісі»  тақыры­бында зиялы қауым бас қосқан дөңгелек үстел өтті.
Ғалымның мерейтойына арналған дөң­г­елек үстелді белгілі қаламгер  Дүй­сен­бек Нақыпов ашып, жүргізіп отырды. Дүй­секең сөз арасында өткен күндерден бір естелік айта келе, бірде достары Мұрат  Әуезовке тұрған үйінің кереметтігін айтып, ондағы кітаптардың молдығын айтып тамсана бастайды. Сонда жазушының ұлы: «Қателесесіңдер, менің үйім – кітапхана», – деп жауап берген екен. Бұл жерде ғалым әрі өз үйінде өз қолымен жинаған кітап­та­рының көптігін аңғартқысы келсе, бір жағынан, Алматыдағы Ұлттық кітапхананы меңзеген екен. Ішкі дүниесі жан азығы саналатын кітап атаулыға етене жақын ғалым кітапхананы ерекше құрметтеп, бағалайтындығын үнемі айтып жүреді.
Осы іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан мерейтой иесінің өмірі мен ғылыми-шығармашылық қызметіне арналған «Мәдениет серісі»  атты безен­діріл­ген кітап көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге Мұрат Әуезовтің әр жылдары жа­рық көрген еңбектері, мақалалары, ол ту­ра­лы басылымдар ұсынылған. Бұл дөң­ге­лек үстел мен арнайы ұйымдастырылған көр­­менің ғалымның атына сай «Мә­де­ниет­тің серісі» деп аталуы да тегін емес. Осы мерейтой қарсаңында «Олжас кітап­ха­насы» баспа үйінен Мұрат Мұхтарұлы туралы қазақ-орыс тілдерінде «Человек культуры» («Мәдениеттің серісі») атты жаңа кітап жарық көрген болатын. Аталған жинақта көрнекті тұлғаның болмысын ашып көрсетіп, шығармашылық, ғылыми қуатын талдауға талпыныс жасаған заман­дас­тарының жазған ой-пікірлері топтас­ты­рылған.  «Заманауи әдебиет пен мәдениет май­талмандары» сериясымен жарық көр­ген жинақты құрастырушы – белгілі мә­дениет­танушы ғалым, баспагер, жазу­шы аудар­машы, мерейтой иесінің әріп­­тес-досы  Сафар Абдулло.
Мұрат Әуезов жоғары білімді кезінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемле­кет­тік университеті жанындағы Шығыс тіл­дері институтында алған.  Шығыс мәдение­ті­не деген қызығушылығының арқасында қы­тай филологиясы мамандығын игеріп шық­ты. Кейін елге келіп, әртүрлі қызмет­тер­ге араласты. 1981-1987 жылдар ара­лы­ғында «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет атқарды. Ол­жас Сүлейменов сынды таланттармен иық­тасып бірге қызмет ете жүріп, қазақ киносының өркендеуіне, жаңаша сатыға көтерілуіне өз үлесін қосты. Бұдан соң   Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасын басқарып, 90-жыл­дардың басында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланып, Ұлттық саясат, мәдениет және тіл дамыту комитетінің мүшесі, Сыртқы қа­ты­настар және парламентаралық байла­ныс­тар жөніндегі комитеттің төрағасы болды. Қазақстандағы «Мир» телера­дио­ком­паниясының көркемдік жетекшісі қызметін де абыроймен атқарып, онда ұлттық мәселелердің жиі көтерілуіне се­бепкер болды.
Бірнеше тілді еркін меңгер­ген ғалым­ның мүмкіндіктері Қытайдағы ел­шілікте дипломатиялық миссияларды жүзеге асыру кезінде де айқындалды. Ғылыми ізденіс жұмыстары мен дипло­ма­тияны қатар алып жүрген ғалым кейін Алматы облысы әкімдігінің Ақпарат және қо­ғамдық келісім департаментін басқа­рып, «Сорос-Қазақстан» қорының атқару­шы директоры, қордың президенті болды. Танымы мол тұлға кезінде Алматыдағы Ұлттық кітапхананың бас директоры қыз­ме­тін атқарып жүрген кезінде, кітап­хана­ны зиялы қауым мен оқырманның жиі диалог құратын үлкен рухани орталыққа айналдырғаны ел есінде. Мұрат Мұхтарұлы бүгінде «Мұхтар Әуезов қоры» қоғамдық қорының президенті ретінде ұлт әдебиеті мен мәдениетінің серпілуіне атсалысып, түрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Сөз соңында қазақтың Мұратына ай­нал­ған қайраткер ғалымның түркі дүние­сіне берер рухани жемістері молынан бола берсін демекпіз.
Смағұл Елубай, жазушы:
– Мұрат Әуезов – ойшыл да эстет, интел­лек­туал адам. Сөйлеп кетсе, қарасөзге дес бер­мес шешен. Оның осы уақытқа дейін ат­қарып келе жатқан жүйелі де нәтижелі жұ­мыстарын көрген сайын, алып Әуезовтің Мұрат­тай ұл тәрбиелеп, соңында қалдыра біл­геніне таңырқамай отыра алмаймын. Алып­тың алыптығы соңында тек қана әде­би мұра емес, адами мұра қалдыра білуі­мен де ерекшеленеді екен. Әрбір айт­қан сөзі, басқан қадамы қазаққа өнеге болған алаш­шыл алып Әуезов соңында Мұраттай мұра­гер қалдыра алмаса не болар еді?  Абыз Әуезов мұны да бізден бұрын білсе ке­рек, ойласа керек... Ең болмаса бір ұлы ата жолын қуса екен деп армандаса керек. Бозбала Мұратты қолынан жетектеп алып, МГУ-дің шығыстану факультетіне беруі сол ар­маннан туындағаны көрініп тұр.

Сафар Абдулло, мәдениеттанушы ғалым:
– Мұрат екеуміз Мәскеуде қатар оқыдық. Бізді табыстырған киелі сөз өнері болды.  Қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы Орталық Азия көркем әде­бие­тінің дамуына үлкен ықпал еткен ке­мең­гер қаламгер Мұхтар Әуезовтің шығар­малары кең тараған менің Ота­ным – Тәжікстанда да кең тараған. Ке­йін мен Қазақстанға келгеннен бері ұлы жазушының ұрпағы Мұраттай шыншыл, талғампаз талант иесімен достығым онан сайын тереңдей түсті. Мұрат – шын мә­нінде, өз ұлтына шексіз берілген пат­риот тұлға. Ең басты қасиеті қара­па­йымдылығында тұратын ғалым до­сымның өмірден көріп-білгені, оқып-түйсінгені мол және сол жиған-тер­ген білімін адамзат игілігіне жарату­ға үнемі дайын тұрады. Бүгінгі ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілі саналатын ол ешқашан еңбегін бұлдап, атақ пен мансаптың соңына түсіп көр­ген емес.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста