Әділдікті әспеттеген Әкім
Елгезек, еңбекқор, елге деген қамқорлығы мен көмегін көрсетуге әрқашан даяр тұратын әріптес, қаламдас, қанаттас, тетелес інім Әкім Ысқақ туралы жазу – маған бір ғанибет.
Есіме артта қалған жылдар түсті. Жастық жігер мен жалын кеудені кернеп, қаламымыз қайлаға айналып, сілтеген жерін тіліп түсетіндей, діттеген жерін дүрілдетіп жіберетіндей сол бір шағым дөңгеленген дүниенің ұршығындай болып, көз алдыма тізіліп келе қалды.
Кезінде одақтас республикалардың арасында өзінің тиражы жөнінен оқ бойы оза шығып, 300 мың данамен таралатын «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқарған жылдарда, сол сезім мен көңіл әлі жүгенін ілмеген жүрдектеу тұстарда газеттің аймақтардағы меншікті тілшісі кім екен деп елеңдеп жүретінбіз. Редакция қабырғасында жүргенде қазақ басылымының маңдайына редактор болып туған, намысы найзағайдай жарқылдақ Сейдахмет Бердіқұловтың тәлім-тәрбиесін көбірек көргендіктен шығар, біздің толқын анау-мынау әлжуаздарды көзге іле бермейтін. Соның ішінде қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірде меншікті тілші болу тіптен жауапты болатын. Бірақ сол кезеңдерде бұл өңірдегі жігіттер де осал болған жоқ.
Сол белі мықты, сөзі жүкті жігіттерден кейін Әкім осы газеттің оңтүстік облыстардағы меншікті тілшісі болды. Сан алуан журналистік жанрда сандаған мақала жазды. Тынбай, дамыл таппай еңбектенді. Сөз ретінде айта кетейін, кейін Әкім Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болғанда оның өз бәсекелестерінен иық оздырғаны осы «Лениншіл жастағы» елеулі еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Оның ең басты бастамашыл тобы осы газет болды.
Сөзге де тұздық керек. Айтар ойың су татып тұрмас үшін. Жазар сөзің желбуаз болмау үшін. Осы ойға қазықбау шалып, жастар газетінің түптелген тігіндісіне үңілемін: «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім, бармысың?». Бұл қадау-қадау мақалалар Әкімге Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алып берді.
Тілшілік қызметте арнайы журналистік зерттеу жүргізіп, құжаттары өзбек болып жазылып, өзге ұлтқа телініп кеткен, Ұлы Отан соғысы кезінде қаҺармандықпен қаза болған батыр, генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екендігін дәлелдеп, «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санында жариялаған очерктері ержүрек қандасымыздың есімін елге оралтуға дәнекер болды. Ол «Жақтым мен өмірімді жалын қылып», «Жайқалтпай жалғыз шыбық қалай кетем?» атты терең талдау жасалған мақалаларында жасын жырларымен жарқырап өткен, өмірден ерте кеткен, ескерусіз қалған ақындар – Қосжан Мүсіреповтің, Дүйсенхан Нақымовтың, сондай-ақ айтыскер ақын Көпбай Омаровтың және т.б.тұлғалардың есімін ардақтауға аянбай атсалысты.
Автор «Темір табыт» мақаласында орыс тілін білмейтін аға шопан Перне Тілемісовтің отбасындағы жағдайды ел мұңы деп қабылдады. Үш ұлының екеуі Сатылхан мен Қадірханның Кеңес армиясы қатарына алынып, әскердегі келеңсіздіктің арқасында құпия жағдайда өлім құшып, бірінен соң бірі елге темір табыт болып оралғанын, ал кенжесі Әділді армиядан қашты деп соттатып жібергенін ашына жазды. Әкім осы мақаласында: «Мен – қазақпын. Қанымның бір түйіршігі – бауырларыма, інілеріме қабырғам қайыспаса, олардың жан-күйін ойланбасам, толғанбасам, бүйткен қазақтығым құрысын! Әскерге елдің қорғаны болсын деп кеткен інілерім туған жерге табыт болып оралса, жәбір көріп қорланса, жарақаттанып, денсаулығы жарамсыз болып жатса, ата-ананың күткен үміті күлге айналса, бұлай демегенде не дейсің?! Онсыз да мына күрделі өмірдің мәнінен, мағынасынан жұрдай болмай ма? Менің көз алдымнан Сатылхан мен Қадірханның қажетті құжаттарын ала алмай, Әділі енді аман келе ме, жоқ па, оны мерзімінен бұрын босата ма, босатпай ма деп күн сайын біресе аудандық комиссариатқа, біресе аудандық атқару комитетіне, енді бірде аудан прокурорына жаутаңдай қарап, бүгежектеп жүрген Перне қарияның бейнесі кетпей қойды. Алыс ауылдағы малдың соңында жүрген, орысша жөнді білмейтін бұл кісіге кім қол ұшын бермек?»
Мақаланы оқығанда жаның сыздап, жүрегің мұздап кетеді. Қазақ тағдырының ауыр халі осындай да болған екен-ау, кейінгі ұрпақ түсінер ме екен деп ойланамын.
Кеңес дәуірінде жазыла бермейтін қылмыс әлеміне қадам басқан мектеп оқушысы туралы «Ерте есейген қыз», «Жамалдың тағдыры не болды?» атты мақалалары да оқырмандар қауымын селт еткізіп, қоғамда қызу пікірталас туғызды. Өйткені ол – әрқашан журналист, үнемі бабындағы тілші, қабындағы қалам. Сол кезеңде мен Әкімнің журналистік машығындағы негізгі бір желіні таныған едім. Ол – әрқашан адамға жақсылық жасау, қамқор болу, қолынан келетін көмегін аямау, кез келген жанның көңіліндегі қаяу мұң мен алғаусыз шаттықты өзімдікі деп қабылдау. Әкім – үздіксіз ізденіс үстіндегі азамат. Ол жақсылықты, ізгілікті, шаттықты, игілікті, қуанышты, бақытты, махаббатты үнемі іздеумен жүреді, табады, тапқанын жар салып айтады. Оның «Жүректегі жазулар» деп аталатын жақсы кітабына қазақ әдебиетінің, соның ішінде сын жанрының аса білгірі, жаны өте терең де нәзік қаламгер Зейнолла Серікқалиев жоғары баға берген еді.
Әкім Парламент депутаты болып жүргенде азаматтық пен адамгершілік үлгісін көрсете білді. Тағдыр талайымен әлемнің әр қиырына шашылып кеткен қазақтардың басын атажұртта қосу мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың іс жүзінде заңды құқықтық негізге ие болуын мақсат етіп, оралғандар мен оралатындардың тағдырын ойлап, жат болмаса да, жаңа жерге келетін жандардың жағдайын ескеріп, сан алуан сүрлеулі саясаттың соқпағында жүріп, көші-қон туралы жаңа заңды қазақ тілінде жазды. Тұңғыш рет.
Мұны біреулер түсінді, біреулер түсінбеді, тіпті біреулер түсінгісі келмеді. Бірақ жаны қазақ, діні қазақ, ділі қазақ, тілі қазақ жақсы түсінді, бағалады, байыптады. Менің де осы түсінген топтың ішінде болғанымды Әкімнің өзі де айтпай білетін шығар деп сенемін.
Әкім – ақын. Ақын болғандықтан, ол үнемі жол үстінде. Жұмыс кабинетінде отырса да, ас үйінде тамақ ішіп отырса да, тіпті ұйықтап жатса да. Сонда ол жол үстінде не іздейді? Адам іздейді!
Данышпан Диоген іздеген адам әлі таптырмай жүрген секілді. Әкім сол Диоген салған ізбенен келе жатыр. Бөшкеге басын тықпаса да, ойға басын тығады. Айналасына байыптап қарайды. Сосын мына бір сұрақтарға жауап іздейді:
«Адам дүниеге не үшін келеді?
Өзін қоршаған ортаны білуге талпынады. Болашағына бағыт-бағдар жасайды. Артыма ұрпақ қалдырсам дейді. Адам мынау жарық ғаламға өмір сүру үшін, өзін тану үшін келеді.
Ғұмырлық мұратың не ?
Тағдырдың салғанына көне салу емес! Азабына шыдай білу, төзу, қайраттану, жігерлену. Жақсылыққа, ізгілікке ұмтылу.
Не үйренген жөн?
Үйрену үшін қабілет қажет. Қабілетің болса, ұстаз табылады. Ал бірінші ұстазың – өз өмірің. Тағдырыңның әрбір сәтінен ғибрат ал, тәжірибе жина. Қателігіңді қайталама! Үйрену деген – сол.
Не қымбат ?
Ата-анаң, перзентің, аға-бауырың, досың қымбат. Өзіңді сыйлаған, түсінген, көңіліңе жақын жан қымбат. Бәрінен де өмірде адами еркіндік қымбат.
Адам адамнан не күтеді?
Қиналған кезінде қол ұшын берсе екен дейді. Бір ауыз жылы сөз, ыстық ықылас, адамдық қарым-қатынасты, сенімді, түсінушілік пен сүйіспеншілікті күтеді.
Естен не шықпауы керек?
Адам өзінің адам екендігін және қанағат пен ынсапты, төзім мен сенімді естен шығармағаны жөн.
Адам нені қуаныш тұтады?
Өзге бір жанға көмегің тиіп, қажет екеніңді сезіне түссең, соның өзі – қуаныш.
Адамның артында не қалады?
Бұл өмірдегі ісің, еңбегің және жасаған жақсылық пен жамандығың қалады».
Әкім осылай деп жазады. Біліп жазады. Сезініп жазады. Білсін деп жазады. Данышпан болып көріну үшін емес, өзінің өмірден түйгенін жазады.
... Мен Әкімнің өлеңдер жинағын оқып болып, сазды әуендерін тыңдап, жақсы бір ойға қалдым. Ол өз өлеңдерінде де, әндерінде де балауса балалық шағын сағынады. Демек, әлі балалығын жоғалтпаған. Балалығын жоғалтпау – тазалықтың белгісі. Адамгершіліктің белгісі. Азаматтықтың белгісі. Игілік пен ізгіліктің белгісі. Мен де сені таптым, Әкім інім, Әкім әріптесім, Әкім бауырым. Таптым, қуандым. Қуанғанымды қағазға түсірдім.