Адыраспан жырдың құнары
Қабырғалы қазақ әдебиеті тағы бір қарымды қаламгерінен айырылды. Өз оқырманын ойлы да орамды өлеңдерімен сусындатып, ұлт әдебиетінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан талантты ақын, білікті журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дүйсенбек Қанатбаев 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ұзақ жылдар қазақ теледидары мен радиосында өнімді еңбек етіп, ел есінде қаларлықтай талай хабарлардың авторы болған қаламгер, тәжірибелі журналист ретінде де қазақ журналистикасына қызмет етіп жүрген бірнеше буынға ұстаз бола білді. Өмірінің соңына дейін қаламы қолынан түспеген Дүйсенбек Қанатбаев 1940 жылы 27 қазанда Түрікменстанның Красноводск ауданы Сүмен ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң медицина училищесін тамамдап, фельдшерлік қызмет атқарған. Алайда сол кездегі жас дарын Дүйсенбектің әдебиетке деген ынтасының қуаты оны рухани кеңістікке жетелей берді. Ақыры әдебиет пен өнерге ден қойған ол Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіріп, 1965-1973 жылдары республикалық теледидарда аға редактор, 1973-1978 жылдары «Жазушы» баспасында редактор қызметін атқарады. Талғам мен таланты ерте байқалған жас қаламгер осылайша қазақ руханиятында өз орнын айқындай бастайды. Шығармашылық-ұйымдастырушылық жұмыстарға белсене араласып жүріп, ол 1978-1982 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында бас редакторлық қызмет атқарады. Кейін «Жазушы» баспасына қайта оралып, сонда бөлім меңгерушісі болады. Бұдан соң республикалық радиода әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің бас редакторы қызметін атқарған. Соңғы жылдары «Қазақстан» телеарнасы мен Қазақ радиосында авторлық жобаларын жүзеге асырып, өмірден ерте озған тұғырлы тұлғалар жайында, әдебиет пен өнер турасында бірнеше тамаша хабарлар жүргізді. «Адыраспан», «Адай» деп аталатын алғашқы өлеңдері сонау 1960 жылдардың басынан бастап жарық көріп, қазақ өлеңінде өз қолтаңбасын қалдырған Дүйсенбек ақынның «Жазира», «Жол басы», «Серпер», «Аспан асты, жер үсті», «Таңның атысы, күннің батысы», «Жатаған ымырт, биік таң» деп аталатын 15-тен астам кітаптары жарық көрген. Өлеңдері орыс, түрікмен, әзірбайжан, башқұрт, украин тілдеріне аударылып, алыс-жақын шетелдерде де лайықты бағасын алған. Ақындық пен журналистиканы қатар алып жүрген ол аударма саласында да сүбелі еңбектер жасады. Дүйсенбек Қанатбаев әлемдік әдебиеттің классикалық үлгілері саналатын жауһарлардың ішінен Мақтымқұлыны, Франческо Петрарканы, Саят-Нованы, Лермонтовты тәржімалады. Сонымен қатар кезінде түрлі саяси тартыстарға өзек болған түрікменбашы Сапармұрат Ниязовтың «Рухнама» кітабын қазақ тіліне аударған. Осы аудармаларының ішіндегі ең бір шоқтығы биігі – шығыстың ұлы ақындарының бірі, түрікмен халқының данышпан ұлы, сөз зергері Мақтымқұлы Фрагидің жыр мұрасының қазақ тіліндегі аудармасы болды.
Өмірде барынша қарапайым әрі шыншыл, әдебиетке адал қызмет еткен қаламгер азамат Дүйсенбек Қанатбаевты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі кеше Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Алаштың аяулы перзентінің денесі қазақтың арда туған азаматтары жерленген Кеңсайдан орын тапты. Осылайша тағы бір қаламгеріміздің екінші мәңгілік ғұмыры басталып кетті... Туған топырағынан екі елі ажырамайтын, адыраспан жырдың құнары мен қасиетінен нәр алып өскен көрнекті ақын, шебер журналист Дүйсенбек Қанатбаевтың бай әдеби мұрасы халқымыздың рухани қазынасын толықтырып, әлі де талай ұрпақтың игілігіне жарайтынына кәміл сенеміз.
Төлен ӘБДІКОВ, жазушы:
– Дүйсенбектің болмысы тазалық пен адалдықтан тұратын. Ешқашан жалған сөйлеп, кісінің артынан ғайбат айтпайтын. Қашанда қаламына адал болып, өз шығармашылығын жарнамалауға әуестігі жоқ болатын. Атақ пен мансапқа, қызылды-жасылды дүние мен байлыққа қызықпады. Қолында билігі бар мықтыларға емес, кеудесін жақсылыққа толтырған жайсаң жандарға жақын жүрді. Осыдан жарты ғасыр бұрын түрікмен топырағынан қазақ жеріне келген қаламдас досымыз елін сүйген азамат ретінде де, ұлтының мұңын жоқтаған ақын ретінде де танылып, мойындалды. Оның әдеби шығармалары нәзік лиризмге құрылып, адам жанының нәзік пернелерін қозғады. Ал теледидар мен радио саласында жасаған хабарлары миллиондаған қандастарымыздың жүрегін тербеп, ұлттың рухани санасына кәдімгідей қозғау салды деуге болады.
Көпен ӘМІР-Бек, сатирик-жазушы:
– Қазақ әдебиетінде әлдеқашан өзінің орнын айқындаған Дүйсенбек ағамыз қазақ журналистикасының қалыптасып, дамуына қыруар еңбек сіңірді. Дүйсекеңнің журналистік тәжірибесі өзінен кейінгі талай жастарға үлгі болып, бір өзі бір мектепке айналды. Ол кісінің қолынан шыққан телевизиялық және радио хабарлардың барлығы дерлік бүгінде «Алтын қорымызда» қатталып тұр. Туғаннан бойында ерекше дарыны бар қаламгер ағамыз өте еңбекқор болды. Бейнелеп айтсақ, Дүйсекең журналистика саласында: өзі жер жыртты, өзі бидай екті, оны өзі күтіп-баптады, өзі жинап, бастырды. Маңдай терімен келген осы ырысты алып диірменге өзі салып өткізді. Бұдан соң керегін бір жаққа, кебегін бір жаққа екшеп, сұрыптады. Осылайша талғампаз талант иесі әрдайым ел-жұртына
ең бір тұшымды да тартымды дүниелер ұсынуға бейілді болатын. Қаламгер ағамыз көзі тірісінде байлық жинамаса да, енді өзі байлыққа айналды.
Бір өлең
Адыраспан
Дала – аңызақ
қаптаған
Алтыннан қазір
су сыйлы.
Өмірде тыным
таппаған
Қып-қызыл шағыл
сусиды.
Жалбарын, жалын,
өл мейлі
Татырмайды аспан нәр.
Тек оған көңіл бөлмейді
Шөлдегі адыраспандар,
Иісі мен кермек
дәмі үшін
Оны ешкім
көзге ілмейді.
Сонда да бұзбай
болмысын
Өзінше ол да гүлдейді.
Даланың долы желі де
Жұлқиды
адыраспанды.
Сонда да ол
өнген жерінен
Екі елі ажыраспайды…
Дүйсенбек ҚАНАТБАЕВ