«Ағажай-Алтай» кенді шаһарды ән мен күйге бөледі
Төр Алтай қай кезде де таланттарға кенде болмаған. Сөз ұстаған шешен де, қол бастаған көсем де киелі таудың баурайынан қанат қақты. Әлі де солай. Алтайдың атын асқақтатып, туын көкте желбіретіп жүрген азаматтар барлық салада жетерлік. Мейлі өнер, мейлі спорт, мейлі журналистика...
Алайда осынау Алтайдың баурайынан қанаттанған тарланбоздардың басы қосылып жүр ме? Олар кіндік қаны тамған топырағына келіп, тағзым жасай ма? Оларды туған жері қаншалықты құрметтейді? Олардың туған жерге деген құрметі қандай? Соңғы екі-үш жылдың бедерінде осы сауалдарға жауап тапқандаймыз. Мақтағандық емес, облыс басшылығына Бердібек Сапарбаев келгеннен бері осы өңірден түлеп ұшқан танымал тұлғалар туған жерін іздей бастады. Олар туған жеріне жиірек келетін болды. Келгенде де құр қол емес, кіндік қаны тамған мекеніне титімдей болсын жақсылық жасау үшін келетін болды. Әрине, бұл ретте Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым», «Туған ел – алтын бесігім» атты акцияларының үлкен маңызға ие болғанын айтуға тиіспіз.
Алтай демекші, жақында Алтайдың баурайында, Өскемен қаласында, ерке Ертістің жағасында «Ағажай-Алтай» деп аталатын керемет бір коңыр кеш өтті. Кештің ерекшелігі сол – төр Алтайдың баурайынан, шығыс өңірінен шыққан, әрісі мұхит асып, берісі Астана мен Алматыда жүрген танымал тұлғалар бас қосты. КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Майра Ілиясқызы, Дәлел Уәшев, жұлдызды жұп Махмұд Тойкенов пен М.Нүркенова, дәулескер күйші Секен Тұрысбеков, Толқын Зәбирова сынды өнерпаздармен бірге кезінде облысты басқарған Талғатбек Абайділдин, Парламент депутаттары Светлана Ферхо, Николай Кузьмин, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат сынды есімі елге әйгілі азаматтар осы фестивальдың құрметті қонағы болды.
Жақсылық ОМАР, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Бұл идеяны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы айтқан болатын. Шығыстан шыққан Алаштың айтулы азаматтары аз емес. Сол кісілердің басын қосып, туған жерінде үлкен бір іс-шара өткізуді мұрат тұттық. Алтай тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың алтын бесігі ғой. Сондықтан фестивальдың атын «Ағажай-Алтай» деп қойдық. Бұл шараға Алтайдың етегінде туып-өскен Бибігүл Төлегенова апамыз бастаған өнер, спорт және журналистика саласында жұлдызы жарқырап жүрген тұлғаларды шақырдық. Кейбір шақырған қонақтарымыз түрлі жағдайлармен келе алмады. Алла сәтін салса, бұл фестиваль келесі жылы да өз жалғасын табады. Ауқымды мәдени шараны өткізудегі мақсат біреу – біздің облыстың, Өскемен қаласының тұрғындарына, ең бастысы, жастарға осы адамдарды үлгі ету. Өйткені бұл адамдардың барлығы, біріншіден, өзінің талантымен, екіншіден, қажырлы еңбегімен осындай дәрежеге жетіп, ел құрметіне бөленген жандар.
«Туған жерімнің күннен-күнге көркейіп келе жатқаны қуантады»
Кеш шымылдығы КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың әйгілі «Мама» әнімен ашылды.
– Туған жерімнің күннен-күнге көркейіп, гүлденіп келе жатқаны – мен үшін зор қуаныш. Осындай әсем қалаға жиі келіп, жұртшылықпен жүздесіп тұрғанға не жетсін?! – деген халық әртісі Бибігүл Төлегенова жерлестерін айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін жолдады.
Бұдан кейін сахнаға көтерілген еліміздің еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы, күйші-композитор, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің бас дирижері Секен Тұрысбеков, елімізге еңбегі сіңген әртіс Майра Ілиясова, Дәлел Уәшев, жастардың сүйікті әншілері, жерлесіміз Толқын Зәбирова мен Лидо Ертіс жағалауындағы алаңқайға жиналған сан мыңдаған адамды өнерлерімен тәнті етіп, ән мен күйге бөледі.
Айтпақшы, өңірдегі бас қаламыздың туған күніне терістіктегі көршілеріміз де өзінің тарту-таралғысын ала келіпті. Ресейдің Барнаул қаласынан келген «Песнохорки» халық әндері театрының ұжымы үлкен қошеметке бөленді. Сондай-ақ Алатаудың баурайындағы ару Алматыдан келген «Самұрық» бишілер тобы оңтүстіктің сәлемін жеткізді. Топ жетекшісі, жерлесіміз Гүлнара Адамованың айтуына қарағанда, он жылдан астам сахна төрінде көрермендерін қуантып жүрген өнер ұжымы осы тойға өздерінің арнайы әзірлеген бағдарламасымен келіпті.
Майра ІЛИЯСОВА, елімізге еңбегі сіңген әртіс:
– Мен өте қуаныштымын. Өйткені өзімнің еліме келіп отырмын. Сахнадағы, өнердегі достарымызды көріп жатырмыз. Әрине, Алматыда да жолығып жүреміз. Бірақ бұл кештің мәні де, маңызы да ерекше. Мен бұл мәдени шара өз жалғасын табады, ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын. Өйткені мұндай кештер бізге ғана емес, елге керек. Теледидардан көрсету бір бөлек, ал мынадай аспан астында елмен етене жүздесудің мәні тіпті ерекше. Сондықтан мұндай кештің тәрбиелік мәні өте жоғары. Осындай игі шараны өткізуге мұрындық болған облыс басшысы мен облыстық мәдениет басқармасына басымды иіп, алғысымды айтамын.
Айта кетейік, бұл фестиваль 15 қыркүйек – Өскемен қаласының күні аясында ұйымдастырылды. Бұл күні облыс орталығында бірнеше тұрғын үй пайдалануға беріліп, Үлбі көпірі астындағы жолайрығы салтанатты түрде ашылды. Фестивальға арнайы келген құрметті қонақтар осы шаралардың барлығына қатысып, күннен-күнге өркендеп келе жатқан Өскемен қаласының тыныс-тіршілігімен танысты.
Қонақтар лебізі
Талғатбек АБАЙДІЛДИН, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Шығыста жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды, бастамаларды көріп, шынымен де, риза болып отырмын. Ел халқының игілігі мен жақсы тұрмысы үшін бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың барлығы бұл өңірде орнымен орындалып, өз шешімін табуда. Жұмыс сапарлары аясында, нысандарды аралау кезінде, тұрғындармен кездесулерде байқағаным, жергілікті жұрттың көңілі тоқ. Әлеуметтік жағдайлары да жақсы көрінеді. Әсіресе өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Ағажай-Алтай» фестивалін ерекше атап өтуге болады. Рас, шығыстан шыққан тұлғалар аз емес. Бірақ олардың басын қосу оңай шаруа емес. Дегенмен облыс басшысы үлкен бір істі қолға алған екен. Біз мұны әрдайым қолдап, қуаттаймыз.
Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы:
– Елдің бірлігін нығайтып, ұлттардың ынтымағын жарастыруда мұндай мерекелік шаралардың маңызы жоғары. Бүгінгі өтіп жатқан фестивальдың ұйымдастырылуы, өту барысы көңілімізден шықты. Алдағы уақытта жалғасын табар деген ойдамын.
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры:
– Бұл шараның мән-маңызы, ұрпаққа берер үлгі-өнегесі терең деп білемін. Қала өсіп-өркендеп келеді. Жыл сайын жаңа ғимарат, жаңа нысандар салынып жатыр. Үлбі көпірінің астынан ашылған жолайрығы қандай керемет! Бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұның бәрі, айналып келгенде, қала тұрғындары үшін жасалып жатқан дүниелер.
Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы, Майра Ілиясқызы секілді тұлғалар елге келіп, туған жеріне тағзым жасап жатыр. Бұл – өте қажет дүние. Осындай іс-шаралардың ортасында болып, басы-қасында жүруді парыз деп санаймыз. Өйткені біз шығыстың тумасымыз. Мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізіле берсе, нәтижелі болады. Елдің қуанышына, алғысына бөленеді.