«Аймақты әнмен тербетіп...»
Дәл осындай атаумен Ақтөбе облысындағы Ырғыз өңірінің әнмен тербеліп келе жатқанына биыл тура – 15 жыл. 15 жыл бойы осы сахнада ұлттық өнерді бойына серік еткен жас өнерпаздар бабамыздан қалған мұраларды насихаттап келеді.
Өкінішке қарай, мұндай ән байқаулары өзге аймақтарда да басталып, түрлі себептерге орай жалғасын таппай қалған. Салған сүрлеуі жыл өткен сайын соқпақты жолға айналған ұлттық өнердің жалғасы тек Ырғыз ауданындағы өнер жанашырларының арқасында ғана сақталып келеді. Биылғы шараны ұйымдастыру үшін де аудан бюджетінен 1 млн 800 теңге қаржы қарастырылыпты.
Ән кешіне тек Ақтөбе облысының аудандарынан ғана емес, көрші Сыр өңірінің де өнерпаздары үзбей қатысып жүр. Дәстүрлі ән байқауына биыл облыстың Шалқар, Әйтеке би, Хромтау, Мәртөк, Ырғыз аудандары мен Қазалы, Арал қалаларынан үміткерлер қатысты. Екі күнге созылған ән кешінде қара домбыраның қос шанағынан күмбірлеген күйлер төгіліп, ел мен жер туралы даңқты әндер әуеледі. Сахна шымылдығы Тынышбай Дәуреннің орындауындағы Батырхан Шүкеновтің «Отан-ана» әнімен ашылды. Үміткерлердің деңгейін бағалауда облыстық, аудандық мәдениет саласының қызметкерлері мен өнер жанашырлары әділқазылық етті. Бірі ән салып, бірі термелеткен, енді бірі кең даланы күйімен толқытқан дүбірлі додадан жиналғандар үлкен ләззат алып қайтты. Өз өнерлерін көрермен назарына барын сала ұсына білген өнерпаздар да фестивальдың өміршеңдігін тілге тиек етіп жатты.
Ұлтын, ұлтының өнерін сүйген азаматтар өзіндік стилі бар осынау өнер байқауын бұдан кейін де жалғастыра беретінін айтады. Үш жанр бойынша 1-орынға – 50 мың, 2-орынға – 30 мың, ал үшінші орынды иеленгендерге 20 мың теңгеден сыйақы тағайындалды. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде сахна иелерінің қанжығаларында қалды. Гран-при жүлдесіне тігілген ақшалай 100 мың теңгені қанжығасына байлаған 20 жасар Шолпан Отаралина – Ырғыз топырағының тумасы. Екі күндік өнер бәйгесінде сарапқа салынған жүлделердің жеңімпаздары төмендегі тізім бойынша өрілді.
Эстрадалық әндер жанрында 1-орын қазалылық Айнұр Опабекованың қанжығасына байланса, 2-орын да оның жерлесі Ешнияз Жарылқасынға бұйырды. Ал 3-орынды Мәртөк ауданынан келген Әділбек Мұқанов місе тұтты.
Терме жанрының 1-орын жүлдесін Аралдан келген арқалы жыршы Болатбек Тәңірбергенов жеңіп алды. Осы жанрдың 2-орынға тігілген жүлдесін Шалқар ауданының өнерпазы Саламат Ермағамбет олжалады. Ал хромтаулық Естай Өтеулиев 3-орынға табан тіреді.
Басқа халықтарда кездесе бермейтін ғажайып өнер туындыларының тағы бір терең түрі – күй өнері. Осы салада бақтарын сынауға келген үміткерлер де киелі өнердің қасиетін көрермендерге ұсына білді. Махаббаттың мұңы мен зарының жаршысы, «Саржайлаудың» жасыл жазирасы, «Сылқылдақтың» бұраңбел бойжеткені бола білген күйдің құдіретін бүгінгі байқау тағы бір ұқтырғандай болды. Мұндағы 1-орын Арал ауданынан үмітін үкілеп келген Үкітай Ерниязовқа бұйырды. Бұл жүлде бүгін-ертең күй саласының білікті маманы болуды армандап отырған студент өреннің оң жамбасына дәл келгендей болды. Ал 2-3 орындарды ырғыздық күйшілер өзара бөлісті.