Айнұр Тұрсынбаева: Жар таңдауда жолым болған адаммын
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Kazaitys.kz порталының оқырмандарымен пікір алмасып, көптің көкейінде жүрген сұрақтардың нүктесін қойды.
Жақын күндердің бірінде жер бетіндегі ең бірінші тұрғызылған үйге барып, Алла алдындағы парызын өтеп қайтқан айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева “Айтыс бар, отбасы, бала-шағам, күтпеске болмайтын қонақ… т.с.с. Енді осыдан-ақ отбасы мен өнердің тізгінін қатар алып жүрудің қаншалықты киын екенін байқауға болады деп ойлаймын. Әйелдің қырық жаны бар ғой, шыдамды халық. Өнердің жүгін арқалап, тәуекел еткеннен кейін босаңсуға хақымыз жоқ” деп қанша тырысып бақса да, көп іске уақыты жете бермейтінін айтты.
Жолдасын жасыратын Тұрсынбаева оқырмандарының қазіргі отбасы туралы қойылған сұрағынан әдеттегідей айналып өтпеді.
– Сіздің қазіргі жолдасыңыз Шамсат Исабеков адамгершілігі жоғары адам екенінен хабардармыз. Ол кісі еліміздегі саяси мансабынан бөлек, Таэвкондо федерациясының президенті екенін білеміз. Сіз жолдасыңызбен бірге таэквондодан өтетін жарыстарға барып тұрасыз ба? Жалпы спортқа көзқарасыңыз қандай?
– Жалпы жолдасым отбасымыздың көпшілік талқысына түскеніне өте қарсы адам болғандықтан қысқа жауап берейін. Жар таңдауда жолым болған адаммын. Өнерде де, өмірде де тиянақты, материялдық түрде көмектесетін, менің ғана емес отбасымыздың тірегіне Аллаһ куат берсе екен деп амандығын тілеп қана отырамын. Аллаһ барша қыз-келіншектерге әйел бақытын нәсіп етсін! Спортқа өте кұштармын. Мүмкіндік болса әрбір адам шамасының келгенінше айналысу керек! Себебі, спорт – денсаулықтың кепілі!
Бұдан өзге “Жас ақындарға көңілім толғанда қандай. Жастардың айтысын айызым қанып сүйсініп тыңдаймын. Біз де жас болдық, жасқаншақ болдық. Қазіргі жастарда өрлік басым. Өр мінезді ақын ғана елдің сөзін айта алады. Алдымен бап шабады, бейнет түбі зейнет демекші айтыстың жеңісі – еңбегіннің жемісі!” деп жастарға баға беруде әділ төреші болғысы келетінін айтты.
Мұнымен қатар, “Сынға әрқалай қараймын. Көпті көрген, тәжірибелі аға, апаларым айтса, жаны ашитын достарым жылатып айтса міндетті түрде қорытынды шығарамын. Ал, аты-жөні белгісіз біреулер жасырын түрде сын айтқан болып кекетіп, мұқатып отырса аяймын. Ахирет күнінде сол жасырын “жанашырлардың” бәрі жанымды жаралаған ауыр сөздері үшін жауап береді екен, осы пәтуаны естігелі оларды аяп жүрмін қатты. Ал мына дүниеде бәрін бақылап отырған аса ұлы Аллаһ тағалам іші тар бейшаралардың ісін алға жүргізбей сорлатып қояды екен. Сондықтан, өздеріне солай жүрген ұнаса жаза берсін, жамандай берсін. Ғайбат арқылы маған көмектесіп жатқандарын білсе ғой деп армандап қоямын кейде. Ұстаным әр нәрсеге әртүрлі болады ғой. Мысалы, отбасы туралы ұстаным, дос, туыс жөнінде ұсаным дегендей. Сұрағың келгені айтыскер ақын жайында болса, менің ұстанымым: “Бір ақынның сау болса тіл мен жағы, мың адамның айтылар мұң мен зары”, – деп өзінің де алда халықтың талай мұңын жеткізе алатындығын тілге тиек етті.
Тұрсынбаеваның айтуынша, жастарға емес, өзіне көбірек көңілі толмайды екен. Әр кемшілігінен сабақ алып, қателігін екінші рет қайталамауға тырысатын көрінеді.
“Мен бақытты ақынмын, Әселхан, Әсия апаларыммен бір сахнада жүрдім, Ақмарал, Маржандардан сабақ алдым, өзімнен кейінгі Саралардың өзі қазір тәжірибелі ақынға айналды, яғни бірнеше буынмен бір жүру бақыты бұйырды маған. Қатты шаршаған, тоқыраған кездерім де болды. Бас тарттым қанша айтыстан, бірақ бәрібір қатысуға тура келді. Себебі, өзіме сұраныс бар екеніне көзім жетті. Айнұр, сен енді демал, орныңа осындай қыздар кеп жатыр десе қуана-қуана кете салатын күйде жүрмін қазір. Шәкірт тәрбиелеу қазіргі менің ең басты шаруам болып жүр. Барған жерімнің бәрінде өлең оқыған, домбыра тартқан қыз көрсем сұрақтың астына алам, Сара мен Ұлбикелерді туған қазақ ақын қызға кенде болмау керек қой, бұйырса көп күттірмеймін”, – деп өзінің айтыстан қалмай келе жатқанын қыздардың аздығымен байланыстырды.