Айсәуле Бақытбек өзінен ақша сұраған бейтаныс адамдарға наразылық танытты
Танымал продюсер Баян Есентаеваның шетелде білім алып жатқан қызы өзінен ақша сұрап, орынсыз өтініштер айтатын желі қолданушыларынан әбден мезі болғаны туралы жазды.
19 жастағы Айсәуле Бақытбектің инстаграмдағы парақшасына желі қолданушылары “Сәлем, маған ақша керек, өтініші жіберші”, “Айсәуле, қиындық болып еді маған ақша жіберші” сынды мәтіндегі хаттарды жиі жіберетін көрінеді. Бұдан өзге видео құттықтау жасауын өтініп, сезімін білдіретін жігіттер де бар екен.
Бәрінен де он екі мүшесі сау, өзі жұмыс істеп ақша таба алатын ер азаматтардың осындай өтініш білдіретініне бойжеткеннің ашуы келген.
Бұл туралы “Сәлем, маған ақша керек, өтініш жіберші” дейтіндердің хатына жауап беретіндей мен әлі өзім де артық ақша таппаймын. Кешіріңдер, артық заттарымды зәру болып жүрген алыстағы ағайындарыма беремін. Сендер кешіріңдер, бірақ бұл басынғандарың ба? Мен он тоғыздамын, әлі ақшаны әке-шешемнен сұраймын. Неге өздеріңіз маңдай терлеріңізбен ақша таба алатын жағдайда тұрғанда айдаладағы бір адам сіздерге көмектесуі керек деп ойлайсыздар? Құдайға шүкір жас әрі денсаулықтарыңыз бар емес пе”, – деп азаматтарға наразылығын білдірді.
Айсәуле Бақытбектен тек қарапайым адамдар ғана емес, жаңадан ашылған дүкендердің иесі де көмек сұрайтын көрінеді. Бойжеткен олардың бұл әрекеті дұрыс еместігін және айтқандары оңайлықпен жүзеге аса қоймайтындығын тілге тиек етті.
“Қысқасы сендерге ешкім, ешнәрсе қарыз емес, ешнәрсе аспаннан өздігінен түспейді, әр нәрсеге лайық болу қажет. Түсініксіз видео мен сурет жіберіп, оны жариялауымды өтінетін жандар айтыңдаршы, не үшін? Мұнымен қатар, құрметтілерім мен сендердің достарың үшін теңіздің жағасына барып, қолыма плакат ұстап құттықтау видео түсірмеймін де, түнгі сағат 12:00 де құттықтау смс жазбаймын да…Жалпы айтарым, мені шынайы болмысымның осындай болғаны үшін кешіріңдер. Дөрекі мінез танытқан шығармын, бірақ шын мәнінде жақсы оймен жазып отырмын, рахмет, кездескенше”, – деп көпшіліктен бұдан былай аталған мазмұндағы өтініш айтпауларын өтінді.
Бойжеткеннің бұл наразылығын білген көпшілік оны мақтап жақсы көретіндіктерін жазса, енді бірі мұны екіжүзділікке балады.