«Айтұмар» ән шырқайды
Бүгін кешкі сағат 19:00-де Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Ару–Ана» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Айтұмар» тобының шығармашылық концерті өтеді.
Қазақ ән өнеріне өзіндік үнімен қызмет етіп жүрген қос талант – Елнұр Нұрқожаева мен Жадыра Қанапиянова бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің қызметкерлері. Еліне әннен шашу шашып жүрген екі қыздың өнердегі жолына демеу болып, үлкен сахналардан көрінуіне мүмкіндіктер жасап жүрген жан – ұлт руханиятының жанашыры, белгілі продюсер Сара Шаяхметқызы. Талантты қыздардың репертуарында қазақтың халық әндерінен бастап бүгінгі композиторлардың туындылары бар. Ән кешіне Роза Рымбаева, Айгүл Үлкенбаева, Алтынай Жорабаева, Бану Тұрғымбаева сынды танымал өнер жұлдыздары қатысады. «Ару ғұмыр – қызғалдақтай қыз ғұмыр» деген атпен өтетін кеш барысында сондай-ақ биші Бану Тұрғынбаева, Алматы облысы, Алакөл ауданынан шақырылған «Екпінді ақ әжелер» ансамблі шақырылған.
Газетіміздің алдағы сандарында осы концертті ұйымдастырушы, «Ару – Ана» продюсерлік орталығының жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Сара Шаяхметқызымен болатын келелі сұхбат оқи аласыздар.