Айтыскер ақын Шыңберген Сүлейменов ауыр халде жатыр
"Іздеме", "До ре ми", "Қайран жеңгем" сынды көптеген хит әндердің авторы, талантты сазгер, айтыскер ақын Шыңберген Сүлейменов Тараз өңірінде көлік апатына ұшырап, ауыр халде жатыр. Бұл туралы "Меломен" тобының әншісі Жігер Ауыпбаев Инстаграмдағы жеке парақшасында мәлімдеді. "Құрметті әріптестер, достар! Алла разылығы үшін дұға жасап қойсаныздар... Айтыскер ақын, көптеген xит әндерді дүниеге алып келген Шыңберген Сүлейменов ағамыз жол апатына түсіп, ауыр xалде жатыр. Бірігіп Алладан амандығын тілеп қойсақ. Алла разы болсын баршаңызға. "Әлі алар асуыңыз, шығар шыңыңыз бар Шың аға. Алла дертіңізге шипа берсін" - деп жазды әнші. Туыстарының айтуынша, ақын жасанды тыныс алу аппараты арқылы демалып жатыр.
Айта кетейік, әнші, ақын, композитор, асаба Шыңберген Сүлейменов 1975 жылы 28 шілдеде Қызылорда обылысы Арал ауданы Кызылжар ауылында дүниеге келген. Ең алғаш айтыс сахнасына 17 жасынан шығып, биік белестерді бағындырған.
Қызылорда обылысында өткен VІІ ақындар айтысында ІІІорын (1993), Зейнолла Шүкіров атындағы жүлде үшін өткен айтыста бас жүлде (1994), Арал қаласындағы ақындар айтысында І орын, Қазалы қаласында Бекарыстан би асында ІІорын (1996), Ырғыз қаласының 150 жылдығына арналған айтыста ІІорын (1996), Н. Байғаниннің 140 жылдығындағы айтыста ІІ орын (2000), Қызылорда қаласында өткен республикалық «Айтыс – мың жылдық мәртебе» айтысында ІІІ орын, «Асан көтерілісіне» арналған республикалық айтыста І орын (2000), Замаддин Ибадуллаевтың 60 жылдығында ІІІ орын (2000), ҚР Тәуелсіздігіне арналған республикалық айтыста І орын (2001), «Жас Алаш» газетінің 80 жылдығындағы айтыста ІІІорын (2001), республикалық Ғ. Мұратбаевтың 100 жылдығына арналған айтыста І орын (2002), Байқоңырда өткен ақындар айтысында бас жүлде (2002), Шығанақ Берсиевтің айтысында бас жүлде (2006), «Аламан айтыста» ІІ орын (2007-2008), С. Боранбайға арналғын республикалық ақындар айтысында І орын (2008) иеленген.