«Академиялық театрдың сахнасында мынандай спектакль қою – позор! Ө-Ө-Ө-Ө-Ө…» деп жылағандарды да көрдік

«Академиялық театрдың сахнасында мынандай спектакль қою – позор! Ө-Ө-Ө-Ө-Ө…» деп жылағандарды да көрдік

 «Маған рөліңнің оңы мен солы бір. Алып та жығамын, шалып та жығамын. Сахнаға шықсам болды, шиырып жіберемін» деп, кей әріп­тестері секілді күпінсе де болар еді. Тіпті, жара­сар ма еді? Бірақ, ол бойын жасыра беретін бетеге секілді, көрермені бағалап, биіктеткен сайын қарапайым тартып, өнерін өрістете түскенді ғана біледі. Ең бастысы, оның әмбебап амплуасына мына біз, көрермен, сенеміз және сүйсінеміз. Комедиялық спек­такль ме, мар­хабат, «Үйленудегі» иненің көзі­нен өтетін жылпос Кочкарев шыққанда, сахна­ны әлдекім сұқ саусағы­мен шыркөбелек айналды­рып жібергендей, бәрі жанданып, сарт-сұрт қозғалысқа түседі. «Қалай білмегем, Дулығаның стихиясы комедия екен ғой» деп шығасың. Енді бірде заманның зарын толғаған «Абай» трагедиясына келесің. Айдарды өлтір­мек болып қойнына у салып келген жағымсыз Керімді жек көргің келеді, бірақ, жауыздың рөліндегі Дулыға Ақмолданың ойыны кейіп­керіне кінә таққызбақ түгілі, досына, төңірегіне, заманына өкпелі, ішінде күйігі бар Керімнің жанын түсінуге міндеттейтін сияқты екіұдай күй кештіреді. «Керімнің қасіреті қатпар-қатпар екен-ау…». Актер — өз рөлінің адвокаты деп осындайды айта­тын шығар, бәлкім. Ал, күні кеше біздің абыз, әулиелер туралы тар түсінігімізді тағы да талқандап, сахнаға 40-тан жаңа асқан жап-жас Қорқытты алып шыққан кез­дегі дауыл ма, найзағай ма, нөсер ме, әйтеуір табиғаттың дүлей бір күшімен бой талас­тырып, шиыршық атқан Дулыға кейіп­керінің жан күйзелісі әлі ұмытылған жоқ. «Құдай Дулыға екеу­мізге бой бермеді, бой болғанда екеуміз біраз жерге баратын едік», деп белгілі театр тамыршысы Әшірбек Сығай ағасы айтқандай, актер туралы түсінікті бұзып-бұтарлап, бір бойына суреткер­ліктің бар бояуын жинап алып, осы қалпымен сахнаның олқы тұратын тұсын толықтырып жүретін талант иесі бұдан арғы әңгімені өзі жалғасын.

– Сіздің соңғы уақытта ойнаған ең сүбелі рөліңіз – Қорқыт деп білеміз. Мұншама күрделі бейнені жасауда тек сізге ғана тиесілі жаңалық болғанын да аңдадық. Шамасы, «Таңсұлуда» да Бақсы бейнесін орындадыңыз. Мистикалық, мифтік бейнелерді ойнауда актер нені ескеруі керек?

–«Мистикалық», «мифтік бейне» дегенде біз де бір­нәр­сені ескеруіміз керек. «Миф» дегеннің өзі көне дәуірлердегі аңыз-әфсана дегенді білдіретіндіктен, миф деп айтқан сайын драмадағы кейіпкерлерімізді көрер­меннен саналы түрде алыстатып аламыз. «Баяғы өткен заманда осындай болыпты-мыс» деген сөздің өзі бүгінгі күнге беттетпей, керісінше, кеудесінен итеріп тұрады. Осыдан арылуымыз керек. Сол себепті мен Қорқытты осы заманға жақындатуға тырыстым. Неге десеңіз, тари­хи кейіпкерлерді неғұрлым бүгінгі кезеңге жақындат­саңыз, ол соғұрлым көрерменге түсінікті болады. Меніңше, мұны түсіну үшін данышпан болудың қажеті жоқ, бірақ, задында осылай болуы керек. Егер, біз, актерлер ғасырлар мен мыңжылдықтардың оқиғасын көне етіп көрсете берсек, көрермен де алыстай түседі. Театрға келген көрермен «сондай адам болған екен» немесе «болды ма, болмады ма», «болыпты-мыс» деген дүдәмал ойда кетпеуі керек. Шынымен, осы адам болды. Ол осылай сөйлеген. Сен сияқты ойлаған. Ол да жыла­ған, ол да күлген. Болды. «Қорқыт – бақсы болған, ол қобызда ойнаған. Ей, неге сенбейсің сен, біз оны Дулы­ғаның ойнаған Қорқытынан көрдік қой» деген деңгейге жеткізу керек. Сонда ғана театр Қорқыттың болғанына сендіре алады. Негізі, Қорқыт болған. Ол болмаса, мыңдаған жылдарды артқа тастап, аты осы күнге жетпес еді ғой. Драматург Иран-Ғайыптың түпкі ой-қазығы өте мықты: Қорқыт – ой жетпейтін, қол жетпейтін филосо­фиялық үлкен тұлға. Бірақ, Алланың алдында ол да пенде. Шарқ ұрып Жаратушысын іздейді. «Сен неге көп­сің, сен неге жалғыз емессің? Неге, неге?» деген сансыз сауалдан қауашағы жарылып кетердей болды да, аласұрып Ақиқатты іздей бергеннен жалығып, айналып келді де: «Жоқ, мен өзіме-өзім Құдаймын» деді. Өзі құдай болғанмен, сансыз сауалына жауап таппады. Бірақ, соңында намазға бас ұрып жығылғанда Алланың бар екеніне, хақ екеніне сеніп, Өзінен де жоғары Жа­ратушы иенің бар екенін мойындады. Жалпы, Қорқыт туралы пьеса – ауыр материал. Драманың өзі ақ өлең түрінде жазылған. Құдайға қарата айтылатын ауыр сөз өте көп. Екі періштемен айтыстың өзі оңайға соқпайды. Айтсам, әркім әр саққа жүгіртер, бірақ, Қорқыттың өзі маған күш берді. Қорқытты ойнап жүріп фальш жасау – үлкен қателік. Мұны қарадүрсін түсіндірсем, қылы­шынан қан тамған кеңестік кезеңде қылдың үстінде жүріп Лениннің рөлін ойнағанмен бірдей дер едім. Мүлт кеттің бе, майып боласың. Осыдан кейін өнермен қоштаса берсең де болады. Үкімді өзіңе-өзің шығарып қойдың. Тура мағынасында солай: иненің жасуындай қателікті көрермен де кешірмейді, бұл үшін төбеңнен төніп отырған төрелер де басыңнан сипай қоймас. Сондықтан рөл актерге құйылып түсуі керек. Жеңі ұзын, балағы қысқа, немесе етегі тар, иығы кіші болса, киімді де қомсынып тұрасың ғой. Сол секілді актер де рөлге құйылып түскенін сезінбесе, мың жерден тыраш­танса да тұщымды дүние шығара алмайды. Актер кейіп­керінің не себепті сондай жағдайға тап болғанын түсінуі тиіс. Мысалы, мен, Дулыға, сол кейіп­кердің орнында болсам, не істер едім? Рөлге дайындық, міне, осы сұрақтан басталуы керек.

— Білуімізде, сіз Қорқыттың рөліне кездейсоқ келгенсіз…

— Ия, бастапқыда рөлге бекітілгендердің арасында менің аты-жөнім жоқ болатын. Кейінірек қосылдым. Шынымды айтайын, о баста мың жерден атағы жер жарған режиссер болса да, ұлты да, діні де басқа Йонас Вайткус дей­тін латыштың қазақтың төл дүниетанымымен тығыз байланысты, тәңіршілдікпен тағдырлас, тарихымызбен тамырлас Қорқытты қалайша сахналауға келгенін түсін­бедім. Ақылға сыйымсыз болып көрінді. Күмәндандым. Бірақ, уақыт өте, әңгімелесе келе, режиссердің түпкі ойын түсіне бастағандай болдым. Ойымыз бір жерден шықты. Даналығына көзім жетті. Қорқытты бүге-шіге, түп-тамы­рына дейін түсініп келген адам деп айта алмаймын, бірақ, ре­жиссер ретіндегі міндетін театрымыздың алдында адал атқарып шықты. Спектакль маған физикалық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда да көп күш жұмсауды қажет етті. Бір сахнадан бір сахнаға өту, үнемі Құдаймен текетіресте болу, өзінен де Құдыретті күш бар екенін біл­геннен кейін Қорқыттың аспандаған көңілінің бір-ақ сәтте басылып қалуы, мейманасы тасыған көңілдің жерге түс­кеннен кейін де жай таппай аласұруы ойнап жатқан мен түгілі, жай қарап отырған көрерменнің өзін шиыршық атқызады.

– Ініңіз Саян – белгілі қобызшы. Қазақ мәдениетіндегі қобыз дәстүрінің өзі бақсылардың пайда болу процесімен тығыз байланысты. Жер мен көктің тілін бірдей білген бақсы Қорқытты кескіндеу үшін спектакльде аспандағы құстың тіліне дейін меңгеріп, тыраулаған тырнаның үнін салғаныңыз тың жаңалық қана емес, қанмен ғана жалғасатын осы көне дәстүрдің әулеттік генескопта жақсы сақтал­ғандығынан болар деп түсіндік. Қорқытты ойнаудағы өзгеше өрнегіңіздің сырын содан іздедік өз басымыз…

– Бала күнімнен Қорқытты біліп өскендігіме қуанамын. Қорқыт күйлерін кейінгіге жеткізуде Ықылас Дүкенұлы, одан беріде Жаппас Қаламбаев көп еңбек сіңірді. Соның бәрін тыңдап өстік. Жалпы, біздің ауылда, Жамбыл облы­сы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында қобыз мектебі жақсы дамыған. Мен де бір кездері қобыз тартқым келіп құлшынғам. Біртартар өнерім де жоқ емес, солай бола тұра, өзімді қобызшымын деп есептеген емеспін. Ал, Саян – нағыз қобызшы. Сөйтсем, қобызды үйрену мүмкін емес, ол адамға қонатын өнер екен. Шығармашылық адамы ретінде қобыздың адамға құдыреттің күшімен, Құдайдың өзінің қалауымен ғана қонатын өнер екенін түсіндім. Консерваторияны, әр түрлі музыка оқу орындарын бітіріп, ел алдында өнер көрсетіп жүрген қобызшылар өте көп, бірақ, оларды қобызшы деп есептемеймін. Өз басым екі күйден артық тыңдай алмаймын да. Неге десеңіз, домбыраға қарағанда қобыз күйлері өте терең һәм тылсым. Тыңдау­шының психика­сына қатты әсер етеді. Қобыздың бебеу қағып зарлаған көмекейі ешқашан көңілді күй төкпейді, бәрі ауыр. Біз тәубемізге келіп жүруіміз үшін қобыз өзімен бірге мұң, қасірет, қайғы, зар-запыран, шер-шемен, күңі­ренген күйді жетелей келген сияқты. Қобыз күйін, сарынын жиі тыңдайтын адам асып-тасып, тоқмейілси алмақ емес. Қобыз күйі адамның адасып жүрген ойларын арнаға салып, жинақтауға, шатасып кеткен ми жұмысын реттеуге көмектеседі. Ал, қан жалғастығы туралы айтсақ, қобыз өнері тек бүгін ғана келіп бойымызға қонған жоқ, қобыздан басқа жалпы өнердің аталарымызға қонғаны рас.

– Дулыға, «палуанға оңы мен солы бір» деген­дей, сізді қай жанрға салса да, жүйрік екеніңізді байқатасыз. Өзіңізге, сахна туындыларына сын көзімен қарағанда, сізді не нәрсе тіксіндіреді?

– Кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін атап өттік. Көптеген театрлардың хандардың, билердің, бектердің бейнесін жасаған актерлік ойындары көп жерде көңілімнен шықпады. Қазақстандағы бүкіл театрларды алып қараңызшы, хандардың бәрі біркелкі сөйлейді. Абылай болса да, Кенесары болса да қапсағай денелі, өр тұлғалы, ханның тағында бір жамбастай мықынын таянып, түнерген қабағын одан ары түкситіп, тау қопарардай дауыспен екпіндей сөйлеп, бет қаратпай отырғандары. Неге осылай сөйлейді ол бек пен би? Осыдан басқа үлгісі жоқ па сонда? Мейлі, сөйлесін-ақ, өйткені ол – хан. Апыр-ау, оның да бір шегі болуы керек қой. Ол да адам ғой, ол да күйінетін-сүйінетін болар, оның да адами мінез-аңсары бар шығар. Жарайды, арыдағы хандарды қояйық, берідегі Шәмшіні алайықшы. Шыны керек, Шәмшінің әні үшін ғана көрермен жинап отырмыз. Ал, Шәмшінің әнін екінің бірі айтады. Біздің театрымыз Шәмшінің ішкі жан дүниесін ішін сыртына ақтарып, қырындысына дейін қопарып көрсете алатындай, ішіне үңіліп, үйдей азабы мен мұңын алақанға салғандай етіп айтатындай деңгейге әлдеқашан жеткен. Шәмші неге сол әндерді шығарды? Бірде мұңлы, бірде шаттыққа толы сол әндер неге қоңыр қазақтың өзіне ұқсайды? Оның жанын жегідей жеген не? Неге ол сыған­дарға ілесіп кетіп қалды? Неге ол гаражда өмір сүрді? «Толқысын шартарап, тасышы, тебіренші, о, гитара…». Меніңше, ол гитарамен сырласқан, әңгімелескен болуы керек. Жүрегінің әр тамыры солқылдап, ішінде дауыл соққанда, саусақтарымен пернесін аямай сабалаған, сол кезде гитараның пернелері бырт-бырт етіп үзілген болуы керек. Сосын барып «құдай ау, мен не айтып кеттім» деп қайтадан өзіне-өзі келген болуы керек. Біз ұлы сазгердің күйігі мен күйзелісін көрсетудің орнына, арзан абырой үшін көрерменнің жетегінде кетіп қаламыз. Көрерменнің ығына жығыла бермей, керісінше, көрерменді өзімізбен бірге ілестіріп алуымыз керек. Жыл сайын Шәмші әндерінің фестивалін өткізіп, әбден жауыр жасап, қадірін қашырып, естісек болды, айналып қаша­тындай жағдайға жеткіздік. Неге біз Шәмшінің әр әніне құрметпен қарамаймыз? Бұл үшін ең алды­мен Шәмшінің өзін құрметтеуіміз керек. Жалау­латқан сайын жадағай тарта беретінін, әсіреқызылға айналдырған сайын тез оңатынын ескеруіміз керек.

– Театрда «Режиссер, умирающей в актере» деген ұғым бар. Сахна сайыпқырандары болған актерлердің ішінен режиссер болып шыққандар жоқ емес. Өзіңізді режиссер ретінде сынап көргіңіз келмей ме?

– Режиссерлік – жанкешті жұмыс. Көркемдік пен сұлулық әр жүректе жалғасын табу үшін жанкешті еңбек қана емес, керемет білімдар, ерекше сезімтал жаратылыс иесі болуың керек. Білмеймін, айналамдағы әріптес достарым да маған «саған режиссер болатын уақыт жетті» деп, қолқалап жатады. Бірақ, өзім олай ойламаймын. Режиссер болу үшін әбден пісу керек. Ал, мен бір қай­науым ішімде сияқты қолға алуға қорқақтай беремін. Алайда, мені жақсы білетін тілеулес жандар жаңағыдай айта бергенінен болар, сондай ойдың кеу­демде ояна бастағанын жасырмаймын. «Шіркін, режиссер болсам, былай жасар едім, мынаны қояр едім» деп талай рет армандадық та. Армандау бар да, толысып, дайындықпен келу тағы бар. Уақыты келсе, бұл жұмыс­тың да жалына қол артуға болатын шығар.

— Домбыра, гитарада ойнайсыз, шертпе күй төгіп, күй шығаратын өнеріңіз бар екен. Сурет салып, шахмат ойнауды ұнатасыз. Жігітке қажет жеті өнер деген осы болар. Осының бәрі актердің құрамдас бөлігі ме?

— «Күй шығарады» деген жалған, бірақ, қалғанының бәрі бой сергітер, ой сергітерге қажет болып, өз-өзінен үйірілген өнер болар. Мектепте жақсы оқыдым, қоғамдық жұмыстарға да белсеніп шығатынбыз. Ауылда жүріп, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі болдым. Осының бәрі музыкалық мектепте оқып жүргенде жақсы ұстаздарға жолыққанымның арқасы. Бірсыдырғы күй тарта аламын, бірақ, Саяндай інім тұрғанда күйшімін деу әбестік болар. Гитарамен ән де айтып шығуыма болады, бірақ, оған алдымен кәсіби дайын­дықпен келмей, көрерменнің көңілінен шығатын ән табылмай, «әншімін» деп белсеніп шығуға мәдениетім жібермейді. Суретті де тек өзім үшін саламын. Бірақ, осының әрқайсысын жеке-жеке өнер ретінде бағалайтындықтан, «хобби» деген нәрседен биік қоямын. Актерге жан-жақтылық керек, бойында жеті өнер емес, жетпіс жеті өнер болса да актерге көптік етпейді.

— Биылғы жазда Қазан қаласына барған гаст­рөл­деріңіздің бейнежазбасын қарап шығып едім, қазылар алқасының құрамында болған білікті театр сыншы­лары бірауыздан сіздің ойыныңызға «ғажап» деген баға беріпті. Тіпті, мақтауға теңеу таба алмады. Мұндай мақтау­лардың сіздің шығармашы­лығыңызға әсері қандай?

— Шынымды айтайын, еш әсері жоқ. Әрине, еңбекті елегендері жақсы, қуанамын. Бірақ, мақтауға мән бермеймін десем, өтірікші болып көрінемін, ә? Өйткені, бетің қызарып тұрып еститін түрлі-түрлі мақтаулардың түбі адамды бейтарап­тыққа әкеп тіремей тынбайды екен. Өзімнің өнеріме «наным» деп қана қарайтын қатардағы қазақпын. Инженер де, мұғалім де, дәрігер де мен сияқты еңбек етіп, балаларын асырап жүр, неге мақтануым керек? «Атақ үшін…» дейін десем, атақтың да пайдасын көріп жүргеніміз шамалы. Әлі есімде, бұрынырақта спектакльді қабылдап алуға Мәдениет министрлігі­нен арнайы өкілдер келетін еді. Шіренген шенеу­ніктер, жазушылар, драматургтер, не керек, спектакльді білетіндер де, білмейтіндер де келеді. Театрға анда-санда бас сұғатындар келіп сын айтқан кезде, актерлер отырған орнынан тұра алмай қалатын. Алайда, ішінде дәйекті, дәлелді айтылған өте керекті сындар да болатын. Режиссер Қайрат Сүгірбеков марқұмның бір спектаклін көркемдік кеңеске алты рет тапсырған кезіміз болды. Тұр­ғызып қойып, жер-жебіріңе жетеді. Е.Аманшаев аударған Ф.Каф­каның «Құбылыс» атты қойы­лымында мен Грегор Замзаны ойнадым. Амал не, Қайрат марқұм тым ерте қозғалып қойды – халық оны түсінбеді. Сол спектакль, міне, қазір қойылса, көрерменін сөзсіз табар еді. Сол келгендердің ішінде «Академиялық театрдың сахнасында мынандай спектакль қою – позор! Ө-ө-ө-ө….» деп еңіреп тұрып жылаған адамдарды көрдік. Біз өзімізді құдды қылмыскер сияқты сезініп, «не бүлдіріп қойдық?» деп түсінбей, бір-бірімізге қараймыз. Қайрат та қайтпады, көркемдік кеңеске алты рет апарды! Бірақ, Қай­раттың өз ғұмыры секілді спектаклінің де ғұмыры ұзақ болмады, кассалық спектакль бола алмай, жыл жарым жүрді де, репертуардан түсті. Жылайтынын жылап, күлетінін күліп, театрдан шыққан соң бәрін ұмытып кететін, ойланып шығуға үйренбеген көрермен, амал нешік, бағалай алмады. «Шолпан­ның күнәсі» қойылды. Онда да – осы. «Қайтпас қайсар ерлер» көркемдік кеңестің алдына үш рет бардық. Ең соңында Қайрат марқұм жылады. Өзі де бала секілді ақкөңіл, жаны таза жігіт еді. Шыдамады. Мен Қайрат марқұмды қазір түсінемін. Оның ойын ешкім түсінбегендіктен, идеясын өткізе алмаған­дықтан ызадан жылайды екен ғой қайран ағамыз. Сынның атасын сол спектакльдерде естідік. Менің Әзімбек деген кейіпкерімді көрген бір ағамыз «бойы ұзын біреу табылмады ма?», «неге ән айтады?», «ол әнді неге жатып айтады, түрегеп айтса болмай ма?» деп тиісті. Осындай сынды естігенде күйіп кетесің. Актердің ойынына, материалдың идеясына, режис­сердің концепциясына емес, ұсақ-түйек бір­деңені себеп қып, ұялмай сын айтады. «Сен – жақсысың, сен – жамансың» деген сын болмайды, спектакльге, актерге айтылатын сын әділ болуы керек. Сын айта­тын адам материалды толық­тай түсініп, сахнаның заңдылығынан, актердің ілге­ріректегі-кейінгі ойындарынан хабары болса, ол сынның біздің кәсіби шеберлігіміздің артуына көмегі болар еді. Ол сын бізге, актерлер ойынына импульс берер еді.

–Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Айгүл Аханбайқызы.

almaty-akshamy.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста