Академиктің ер-тоқымы
Баянауыл ауданындағы әйгілі ғалым, геолог, академик Қаныш Сәтбаевтың мұражайы қорында 1400-ден астам құнды жәдігер бар. Жуырда олардың қатары академиктің қолданған ер-тоқымымен толыға түсті.
Ер-тоқым қайыңнан жасалып, күміспен күптелген. Киіздің белгілері көрінеді. Мұражай қызметкерлері «бұл зат Сәтбаевтар отбасының ата-бабасынан қалған» немесе «Қ.Сәтбаевқа мұрагерлікке сыйға тартылған» деп топшылауда. Қазірде көненің көзіне айналған экспонат мұражайдың негізгі қорына енгізіліп, төрінен орын алған. Алайда жәдігер қалпына келтіруді қажет етеді.
Үміт САҒЫМБЕКОВА, Қ.Сәтбаев атындағы мұражайдың директоры:
– Ғасырдан астам уақыт бұрын жасалған көне ер-тоқымды Қаныш Имантайұлы балалық және жастық шағында қолданған. Бұл көне ат әбзелі бүгінгі күнге дейін Қаныш Сәтбаевтың туған жері – Теңдік ауылының тұрғыны Тастемір Шашеновтің отбасында сақталып келген. Болашақ ғалым туған ауылынан білім алуға аттанарға дейін пайдаланған. Кейін ата-анасының үйіне қалдырып кеткен. Негізі, Тастемір Шашеновтің әпкесі Сәтбаевтар әулетіне келін болған. Ер-тоқым Теңдік ауылында қалғаны да сондықтан.