Әкім сыйлық үлестірді
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған түрлі жоба-бастама мен мәдени-көпшілік шара республикамыздың әр өңірінде көрініс тауып келеді.
Бұл бағытта қолға алынған игілікті істің бірі таяуда Қарағандыда жүзеге асты. Осы орайда Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды облысы әкімінің мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған жыл сайынғы сыйлығын тапсыру рәсімі болып өтті. Салтанатты шараға облыс басшылығымен қатар жергілікті зиялы қауым мен бірқатар жастар қатысты. Ең таңдаулыларды іріктеп алған байқау комиссиясы облыс әкімінің дәстүрлі сыйлығының биылғы жылғы лауреаттарын жария етті.
Серік Ахметов, Қарағанды облысының әкімі:
– Елімізде мәдени саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігін атап өткім келеді. Соның ішінде Қарағанды облысында да бірқатар рухани іс-шара жүзеге асуда. Тұрақты қаржыландыру ісі – материалдық-техникалық базаны нығайтуға, инновациялық технологияны пайдалануға, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Өңірдің мәдениет және өнер қызметкерлері де өздерінің жоғары кәсібилігін үнемі дәлелдеп келеді. Биылғы жыл – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Сондықтан біз бұл мерейлі мерейтойды ең жоғары деңгейде атап өтуіміз қажет. Облыста бұл бағыттағы жұмыс әлдеқашан басталған болатын. Ұйымдастыру комитеті бекітіліп, арнайы жоспар әзірленді. Соған сәйкес қалалар мен елді мекендер абаттандырылып, жаңа нысандар іске қосылатын болады. Әрине, концерттері, басқа да іс-шаралар өткізіліп, оларға осы өңірдің өнерпаздары тікелей атсалысатын болады.