Әкімтану басталды
Өткен ғасыр қойнауларынан бастау алған қазақтың қаламгерлік өнері бүгінде осы заманның өрнегіне сай жандана түсті десек, артық айтпаған болар едік. Алайда бір олқы тұсы, руханиятымызды зерттеуші тұлғалар өткен ғасырдағы немесе кеңестік кеңістік аясындағы танымал есімдерді зерттеумен шұғылданса да, Тәуелсіздік кезіндегі ұлт мәдениетін қалыптастыруда ерен еңбек атқарған, сонысымен халықтың жанына жақын ұлт мақтаныштарының шығармашылық болмысына әлі үңіле қоймапты.
Сондай бір ғылыми және шығармашылық әлеміне зер салуды қажет ететін қаламгер – Әкім Ысқақ. Ондай қажеттілікті заман туғызып отыр. Осы қажеттілікті дер кезінде сезініп, қайраткер қаламгердің рухани болмысына, оның түрлі жанрдағы кітаптарына ғылыми тұрғыдан талдау жасауға жас та болса, осыған дейін өзінің әдебиеттегі жолын салып үлгерген, «Сізге ғашық қыз», «Мәңгілік сағыныш» сынды прозалық жинақтардың авторы, тәуелсіз «Үміт-Тарлан» сыйлығының иегері Лира Қоныс кірісті. Осы жолда біраз жылдар ізденіп, көп еңбектенген жас қаламгердің таяуда «Ізгілікті іздеу теориясы» атты кітабы жарық көрді.
Кітапта автор Әкім Ысқақтың Ата Заңымыздың аяғынан тік тұруына, қазақы жолмен қадам басуына жасаған ықпалдарына, психологиялық-пәлсапалық саладағы туындыларына, балалар әдебиетіне қатысты дүниелеріне жеке-жеке тоқталып, талдау жасайды. Оған ғылыми тұрғыдан баға беріп, әдеби зерттеу жүргізеді.
Балалар әлемінің көрінісі деп аталатын бірінші бөлімінде автор Әкім Ысқақтың қазақ фольклорынан бастау алатын балаларға арнап жазған туындыларына тоқталады. Автордың әлпештеу жыры, санамақ, жаңылтпаштарына үңіледі.
Әкім Ысқақ сонымен қатар балалар поэзиясын көптеген жанр арқылы дамытып түрлендірді десек, оның бірі – өтірік өлеңдерге қалам тартуы. Тазша баланың қырық өтірігі қазақ фольклорындағы осы бір жанрдың бастауы дер болсақ, жазушы – сол жанрды түрлендіруші әрі бүгінгі балаларға арнап жаңғыртушысы. Автордың барлық өтірік өлеңдері иронияға, сатираға құрылған деуге әбден болады.
Ал екінші бөлім Ізгілікті іздеу теориясы немесе Найман-Ананың мұңы деп аталады. Онда Әкім Ысқақтың қаламынан туған пәлсапалық-психологиялық туындыларға талдау жасалса, келесі бөлімінде автордың сатирасы сарапталады.
Кітаптың соңғы жағында «Жусан иісті жыр» деген тарауда қаламгердің ақындық қырына да кезек беріліп, жырсүйер қауымның тарапынан жылы қабылданып, биік бағаға ие болған «Гүл қауызындағы тамшы», «Жан жаңбыры» секілді кітаптарына талдау жасалады.
Әкім Ысқақ әлеміне осылайша саяхат жасалған әдеби зерттеу бүгінде оқырманға жол тартты. Әдебиетсүйер қауым, ізденуші ғалымдарға таптырмас олжа, ал қазақ ғылымына үлкен үлес қосылып, әкімтану ғылымына соқпақ салынды деуге болады.