Актерлардың кинодағы образы өмірлерінде де қайталана ма?
Күні кеше танымал кино және телехикая жанрындағы актриса Дариға Бадықова жол апатына ұшарағанын айтқан еді. Қасында болған күйеуінің басынан қан кеткен. Бір қызығы, дәл осындай жағдай жақында олар түскен сериалдың сценариінде де болған, деп хабарлайды Экспресс К.
Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетіп жатқан "Күйеу бала" сериалының кешегі бөлімінде Дархан Мұсаев мотоциклмен жазық далада тасқа соғылып, басынан қан кетеді.
"Кино мен шын өмірде бірдей бүгін жол апатына түсті. Тезірек сауығып кетсін", "Ей алла, өмір мен киноның қатар келгенін-ай", "Өмірдің дайындаған тосын сыйлары көп-ау, дәл қазір осы сәт шын өмірде болып жатыр", "Өмірдің өзі" кино", — деген пікірлер көптеп жазылған.
Жалпы, кинодағы кейіпкерінің тағдыры шын өмірде қайталанған жандар өте көп. Мысалы, қазақ киносының шоқ жұлдыздарының бірі Асанәлі Әшімовтің ұлы Сағи Шоқан Уәлихановтың рөлін ойнап, ғалымның жасаған ғұмырында өмірден өткен.
Әкесі баласын киноға түсіруге дайындағанда әжесі Тәжіхан: "Сағиды неге бұл рөлде ойнатасың? Әлдеқашан сүйегі қурап қалған аруаққа тимесеңдерші, жаман ырым ғой", деп шыр-пыр болыпты.
Айтпақшы, Асанәлі Әшімов жары Майра Шәкенқызы дүниеден өткен соң (1993 жылы) бейітінің басына анасы Тәжіханды, баласы Сағиды және бірнеше кісіні ертіп келіп, құран бағыштаған. "Кеңсайдағы" кілең ығай мен сығайдың қатарында жатқан Майра Шәкенқызының жанынан Асанәлі ағамыз екі орын алып қойыпты. "Кейін Майраның жанына шешеміз екеумізді жатқызасыңдар", — депті. Сонда Сағи: "Ал менің орным қайда?", — деп сұрапты. Асағаның түрі қудай болып: "Тәйт! Бұл жерге сен жатпайсың! Сенің өмір шырағың алда!" — деп тыйып тастапты. Бірақ сол екі орынға араға алты жыл салып, Әшімовтің екі ұлы жайғасқан. 1999 жылдың басында үлкен ұлы Мәди, қазан айында Сағи бірінің артынан бірі өмірден өткен. Ал әжесі кейіннен 2001 жылы қайтыс болған.
Каратэ спортының шебері болған, актер Талғат Нығматуллин "Қасқырдың апаны" фильмінің сценариі бойынша өз тәлімгерінің қолынан қаза табады. Өмірде де өзі мүшесі болған секта басшысының нұсқауымен қазаға ұшырайды. Ақша бопсалауға қарсы болған оны өлімші етіп сабаған. Оның мәйіті Вильнюс (Литваның астанасы) орталығындағы пәтерден табылған.
Украина президенті Владимир Зеленский "Слуга народа" фильмінде президенттің рөлін сомдап, кейін өзі де ел басқарып отыр. Жалпы, мұндай мысалдар өте көп. Бәлкім, сәйкестік болар.