Алаш арыстарының зиратына ескерткіш қойылды
Уа, Алаш баласы! Ақсарбас айтып, сүйінер күн бүгін! «Өлі разы болмай, тірі байымайтынын» бағамдаған аталы елдің ұланы ұлт болып сүйінер, сүйіншілер іс атқарса, ақсарбас айтпай, не дерміз! 28 қазан күні Алаш арыстары, арманда кеткен аталарымыз Әлихан Бөкейханұлы мен Нығмет Нұрмақов жерленген Мәскеудегі Дон зиратында қос арысымыздың рухына тағзым етіліп, ескерткіш-тақта орнатылды.
Қара тастың бетіне Алаштың қос арысының бейнесі таңбаланып, туған жылдары мен атылған күндері туралы дерек берілген. Сол деректердің етегіне қарай Қасым Аманжоловтың:
«Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені,
Мен – қазақтың баласы!» – деген өлең жолдары жазылған!
Ескерткішті қойған – белгілі қоғам қайраткері, Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымының докторы Нұрлан Дулатбеков.
1937 жылы 27 қыркүйекте атылған Алаш ардагерлері Дон зиратында №1 ортақ қабірге жерленген. Бұл турасында өткен жылдардан бері белгілі әлихантанушылар Болат Мүрсәлім мен Сұлтанхан Аққұлы елге сүйіншілеп жазып келе жатқан болатын. Дон қорымында тәндері мәңгі дамыл тапқан қос ардагер ерімізге ескерткіш қойған Нұрлан Дулатбеков: «Бұл – менің азаматтық, мұсылмандық парызым! Жалпақ жұртқа жариялап, жарнамалау қажет емес», – дейді. Бірақ осынау аталы істі, парасатты парызды атқарған жанның есімін елге жария етпеу – бізге сын!
Ал зираттың ортасындағы алаңқайда орналастырылған ескерткіштер арасынан қара тасқа бейнелері бедерленген қос қайраткеріміздің ескерткіш тақтасы ерекше көзге түседі.
Әлихан мен Нығмет аталарымыз жатқан №1 ортақ қабірдің тұсында жазықсыз атылған жандардың мүрдесін өртеген крематорий әлі күнге дейін тұр, бірақ қазір шіркеу ретінде пайдаланылады екен.
Алаш арыстарының арманы болған Тәуелсіз елдің өрені енді Мәскеу барса, аталарымыздың басына тәу ете алады. Ал Әлекең мен Нығмет аталарымыздың басына ескерткіш қойған Нұрлан Дулатбеков мырза болса – сол аталарымыз туған өңірдің тумасы, Алаш рухына қанығып өскен, ардагер арыстарымыз басқан топырақта өнген азамат.
Арыстарымыз жатқан қорымға ескерткіш қойылды, енді елдік мұраттарымыз жолында сол аталар арманын алға асыру өзгемізге парыз болса керек.