«Алаш көсемсөзі» 10 томдыққа жинақталды
Бүгін елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Алаш көсемсөзі» 10 томдығының тұсаукесері өтеді.
Аталған көптомдық ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылған. Жоба жетекшісі және басылымның жалпы редакциясын басқарған – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашұлы.
«Алаш көсемсөзі» жинағына бұған дейін ғылыми айналымға толық түспеген «Шолпан» (1-2 том), «Жас Түркістан» (3-4 том), «Сана» (5 том), «Таң» (6-7 том), «Абай» (8 том) журналдары мен «Сарыарқа» (9-10 том) газетінің жарияланымдары ғылыми-көпшілік назарына ұсынылып отыр. Әр томның көлемі шамамен 22 баспа табақтан тұрады. Мұны қазақ журналистикасы ғылымының зор табысы деп бағалауға әбден болады. Себебі осыған дейін Алаш қозғалысының тарихы, әдебиеті, саяси күресі біршама зерттелді. Ал көсемсөзі толықтай көптомдық түрінде алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Жинақтың ғылыми тұрғыдан берер жаңалығы да аз емес.
Біріншіден, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Берлинде шыққан (түпнұсқасы Колумбия университетінде сақтаулы) «Жас Түркістан» журналында жарияланған ұлттық тәуелсіздік, ел мен жер, ғылым-білім, тіл туралы және т.б. көсемсөздері жарық көрді. Осыған дейін Мұстафа Шоқайдың жеке-дара мақалалары ғана қарастырылса, бұл томдарды шығарушылар «Жас Түркістандағы» жарияланымдарды тұтас жарыққа шығаруды мақсат етті.
Екіншіден, осыған дейін көпшілікке беймәлім болып келген, шетелдік архивтерде, өзіміздің кітапханаларда там-тұмдап сақталған Алаш баспасөзінің басы біріктіріліп, халқымен қайта қауышты. Ондай мерзімді басылымдардың қатарына «Шолпанды» (Өзбекстан мұрағатында сақтаулы), «Абайды», «Сарыарқаны», «Сананы», «Таңды» жатқызуға болады. Мысалы, «Абай» журналы елдің Тәуелсіздік рухын кемелдендіріп, философиялық, психологиялық терең талдауларға құрылған жарияланымдарымен ерекшеленді. Онда елдік қана емес, әлемдік деңгейдегі келелі мәселелер көтерілді.
Үшіншіден, Алаш ардақтыларының жазғандары түпнұсқадан алынды. Оның кеңестік кезеңде саясат лебімен қысқартылып, мағынасы өзгертілген тұстары қалпына келтірілді. Алаш зиялыларының үркердей аз ғана тобы бүкіл Түркістан Республикасы мен Қазақ Автономиясының саяси-экономикалық, оқу-ағарту, тіл, әдеби, мәдени-рухани, әлеуметтік т.б. қажеттіліктерінің барлығын өтегені таңдай қақтырады. Өз ұлтын сүюдің осыншалықты ерекше үлгісін бұдан өзге басылымдардан кездестіру қиын.
«Алаш көсемсөзі» сериясымен жарық көрген бұл құнды еңбектер қазақ журналистикасы мен әдебиеті, сонымен қатар қоғамдық, гуманитарлық ғылымдар үшін де маңызы орасан зор саналмақ.