«Алаш көсемсөзі» 10 томға арқау болды

«Алаш көсемсөзі» 10 томға арқау болды

«Алаш» десе елең ете қалатын жұрт үшін тағы бір жағымды жаңалық – Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш көсемсөзі» 10 томдығының тұсауы кесілді. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында иісі қазақ жұртшылығына тартылған шашу ретінде жарық көрген жобаның ұлттық баспасөз тарихы тұрғысынан маңызы зор, қоғам үшін рухани тәлімі де терең. Сондықтан болса керек, Алаш қайраткерлерінің көсемсөзімен жұртшылықты қайта қауыштырған алқалы жиын барысында елге белгілі алаштанушы-тарихшысы бар, жазушы зиялылар, қайраткер, саясатшылар онтомдық құндылыққа құтты болсын айтып, тұсауын кесіп, батасын берісті.
Бұл онтомдықты алаш тұсының мәт­бұ­ғат­тық шежіресі ретінде ғана емес, Алаш арыс­тарының жүрегінен жалындап жарып шыққан үндерінің жаңғырық жиынтығы десе де болатындай. Сондықтан да өшкенді жаңғыртып, «Алаш көсемсөзі» онтомдығын шығаруға күш салған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының дирек­то­ры, профессор Намазалы Омашұлына зор ықылас білдірген артықтық етпес.
«Осыдан 90 жылдай бұрын жазған ма­қа­ласында Ахаң «Қазақ жем болудан дек­рет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуа­ты­мен құтылады» деген екен. Аталған мә­де­ниеттің сәулелі көріністерінің бірі – бас­пасөз. Баспасөзді күшті ету арқылы жұрт­тың өзін күшті етуге тырысқан да – тағы солар. Қараңғыда қамалып жатқан жұртқа түң­лік түріп «Қазақ» деп газет ашты. Сөйт­кен «Қазақты» көзі қарақтылардың оқы­май қалғаны кем. «Қазақ» та өз оқырманын күзгі таңның салқын желіндей ши­рық­ты­рып, өлім ұйқысынан оятты, етек-жеңін жи­ғызды. «Қазақ» газетінің осындай өр­не­гін көріп, Ахаңдар мектебінен тәлім алып, іс майданына көз һәм құлақ болуға содан кейін де бірқыдыру баспасөз тобы келді», – деп бастайды сөзін Намазалы Омаш­ұлы. Бұл ретте профессор «Қазақ» газетінің ізін басып, Тәуелсіздікке ту тік­пек­ке, ұлттық мұрат жырын жырламаққа бел буған баспасөз туралы әлі де жалқы тү­сініктер, жалаң пікірлер айтылып жүр­гені­не назар аудартады. Расында, осы мә­се­леде түбегейлі түсінік беру, талдау мен мо­нографиялар жоқтың қасы дерлік. Сондықтан да профессор Н. Омашұлы жарық көрген «Алаш көсемсөзін» дәл қа­зір­гі таңда жаңғыртудың бірнеше себебін алға тартады. «Біріншіден, Алаш қайрат­кер­лері ел Тәуелсіздігі мен азаттығы туралы кемінде осыдан 70-80 жыл бұрын ілгерірек ойлады. Бүгінгі күні тәуелсіздікке тұғыр бо­ла­тын ойларды, идеяларды Алаш мұ­раларынан молынан табамыз. Олар жазған кө­семсөздердің, айтқан ойлардың зор ықы­лас­пен қабылданып, қажеттілікке ай­на­луының сыры да осында. Екіншіден, аяулы тұлғалардың көсемсөзі халық сана­сы­нан әдейілеп өшірілді. Қысқа уақыт ара­лы­ғында араб жазуынан – латынға, одан ки­риллицаға көшіру саясаты халықтың бүт­кіл рухани әлеміне зардабын тигізді. Алаш қайраткерлері ақталған күннің өзінде бүгінгі ұрпақ олардың не жазғандарынан бейхабар. Себебі шағатай, араб жазуларын кез келген бүгінгі толқын еркін оқи ал­майды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі, әде­би шығармалары, тарихы біраз зерт­тел­ді. Ал көсемсөздері тұңғыш рет көп­том­дық ретінде енді ғана шығып отыр. Белгілі бір тарихи оқиғаларды зерттеп, оларға баға берерде сол кезеңде жарық көрген баспасөзге, онда жарияланған көсемсөзге жүгінбеу мүмкін емес. Өйткені сол кезеңнің шын­дығын, уақыттың үнін айна-қатесіз беретін – баспасөз. Осындай игілікті істі ны­санаға алып Журналистика мәселелерін зерттеу институты бұған дейін ғылыми айна­лымға толық түспеген, еліміздің және шетелдің мұрағаттарында жатқан алаштық бас­пасөз өнімдерін көптомдық етіп, көп­шілікке ұсынуды қолға алды», – дейді профессор.
«Алаш көсемсөзі» 10 томдығының ерек­­шелігі – бұнда бұрын-соңғы ғылыми ай­налымға түспеген ХХ ғасырдағы ұлт бас­пасөзінің жауһарларынан сыр шертеді. Ондағы журналистикалық шеберлік те оқырманға сол қалпында жеткізіледі. «Алаш көсемсөзінің» 1-2-томы «Шолпан» жұр­налына, 3-4-том «Жас Түркістан», 5-томы – «Сана», 6-7-томы – «Таң», 8-томы «Абай» жұрналдарына бұйырса, 9-10-томы «Сарыарқа» газетіндегі Алаш қайраткерлерінің мұраларын қамтыған. Расында, шаң басқан архивтерден том томдық еңбектерді аршып алып, қазақ журналистикасын зерттеуге құлшыныспен кіріскен Еуразия университетіндегі Н.Омаш­ұлы бастаған ынталы топтың осы бастамасын зор табыс деп атауға болады. Оның бір себебі жоғарыда көрсетілсе, екіншіден, қайсыбір баспасөздің түп­нұс­қасы, негізінен, шетелдерде ғана сақ­тал­ған. Соның бірді-екісіне тоқталсақ. «Жас Түркістан» журналы   Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен 1929-1939 жылдары Бер­линде Түркістан халқына ортақ шағатай тілінде жарық көрді. Біртұтас Түркістан тәуел­сіздігі идеясын көтерген, түркі жұр­ты­ның азаттығы үшін күрескен басылым. Оның түпнұсқасы елімізде жоқ, АҚШ-тың Колумбия университетінде. «Бұрын Мұс­та­фаның жеке-дара еңбектері қарас­ты­рыл­са, бұл көптомдықта бүкіл басы­лым­дағы жарияланымдары тұтасқа жуық бе­рі­ліп отыр. «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жет­кізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек үгіт-на­сихат ісімен айналысар едім», – депті М.Шоқай. Ол тәуелсіздіктің қымбаттығын осылай сезінген», – дейді Н.Омашұлы. «Жас Түркістанның» тек Еуропа мен Түр­кия­ның белгілі жерлерінде ғана емес, со­ған қоса Иран, Ауғанстан, Қытай, Жапония, Сирия, Арабстанда да оқырмандары бол­ғаны да анықталыпты. Ал «Шолпан» жур­на­лы – Ташкентте 1922 жылғы қазаннан бас­­тап 1923 жылдың маусымына дейін айына бір рет шығып тұрған саяси, білім мен әдебиетті қамтыған қырғыз-қазақ ба­сы­лымы. «Шолпанның» түпнұсқасы да Өз­бекстанда сақтаулы. «Қазір өзбек мұ­ра­ғатынан екі томдық басылым түгіл, екі бет­тік қағаз алу қиын. Ал шекарадан шы­ғару тіпті мүмкін емес. Осындай кедер­гі­лерге қарамастан, «Шолпанды» түгелге дерлік Алаш оқырманының қолына тигізіп отырмыз», – дейді Н.Омашұлы.
Сонымен, «Алаш көсемсөзі» жұрт­шы­лыққа жол тартты. Ал бұл бағыттағы қы­руар жұмысты, негізінен, үш адам атқар­ғанға ұқсайды. Олар: жоба авторы әрі же­тек­шісі және жалпы редакциясын бас­қарған – Намазалы Омашұлы, жоба мү­ше­лері: доцент Ғалия Ақсейіт, докторант Ұшқын Сейдірахман. «Ұшқын жур­на­лис­тика факультетінің магистратурасын үздік бітірген, көне шағатай, қытай, түрік тілде­рін жетік біледі. Төте жазуды еркін оқиды. Қазір университеттің грантымен док­то­ран­тураның екінші курсында оқып жүр», – деп жиылған жұртқа жас ғалымды таныстырған Намазалы Омашұлы жағдайды пай­да­ланып, университет ректорына құлаққағыс жасаған болатын. «Ерлан Батташұлы, сізге мынаны жеткізгім келеді: соңғы уақытта уни­верситеттік грант қысқарып, док­то­рант­тар шығып қалады деген әңгіме шы­ғып жатыр. Мүмкін болса, ел алдында мы­надай ұшқын атып тұрған жас жалынды ғалымды қалдыруды сұрар едім» деп, мә­селені төтесінен қойды профессор. Ректор да «шешілмейтін мәселе жоқ» деп кесіп айтты.
«Алаш көсемсөзінің» тұсауын кесу барысына жиналған зиялы жұрт кешегі қайраткерлердің нағыз қайратшылдығын еске алып қана қойған жоқ, қазіргі қарын аштырар тірлікке сын айтып, қадау-қадау пікірлер де ортаға түсті.

Қойшығара Салғараұлы, тарихшы, түркітанушы-ғалым:
– Қазір біз Алматыға да, Астанаға да Мирзоянға көше береміз. Халық аштан қы­рылған кезде билікке келіп, сол тұста кеңестің азғантай жылылығы танылғанына мәз болып, оны қазақ жұрты «Мырзажан» деп ардақтауға да барды. Ал сол «Мыр­за­­жаныңыз» кешегі 1937 жылы орталық комитетке әлі ешкімнің де халық жауы екендігі анықталмай тұрғанда-ақ 7347 адамды халық жауы деп ұстауға, оның 2437-ісін атуға рұқсат сұрап, жеделхат жолдайды екен. Кейін орталық әлгі санды дөң­ге­лектеп 7500 адам­ды халық жауы ретінде ұстап, 3000-ын атуға рұқсатын бере са­ла­ды. Бұл жеделхат сақ­талған. Бүгінгі онтомдығы шығып жатқан Алаш зиялыларының аты­луына да Мыр­за­жанымыз себеп болды. Сол Мирзоян атындағы көше – мына біз отыр­ған уни­вер­си­теттің ар жағында ғана. Бұл қалай? Ата-баба рухына адалдығымыз осы ма?

Жүрсін Ерман, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Еркін Ібітановтың өлеңі бар еді: «Арғы атам – әлде моңғол, әлде түрік, бұл өзі – әл­де шындық, әлде өтірік. Ақиқатын білетін адамдарды, жіберген тарих өзі көрге тығып». Сол секілді Алаш қайраткерлерінің шарапатынан сусындай алмайтын за­ман­да өмір сүргенімізбен, Тәуелсіздіктің өзі бізге мұны сыйлап отыр. Дегенмен Алаш арыс­тарының еңбектері қолымызға енді ғана тиіп жатқанына қарамастан, қадіріне жетіп жатқанымыз да шамалы. Сондықтан да Н. Омашұлы бастаған топ қыруар жүк кө­теріп, көп еңбек тындырған екен. Ғажайып қазына, том-том Алаш сыры. Бірақ ти­ражы аз. «Алаш қайраткерлері көсемсөзінің онтомдығы он мың ғана тиражбен шы­ғыпты» деген не ол? Бұны түзетсек керек.

Дархан Қыдырәлі, тарих ғылымының докторы, шоқайтанушы:
– Үш ұсынысым бар. Біріншіден, біз бүгінгі күні ұлттық журналистиканың бас­тауы­на барып, соның дәмін татып жүрміз. Сол тұстағы басылыммен, көсемсөзбен жұрт қауышып жатыр. Ендігі күні сол жылдары қазақ мәселесін жіті көтерген көрші жұрт­тардағы басқа да басылымдар зерделенсе. Мәселен, Исмаил Гаспаралы шығарған татардың «Тәржіман» газетінің жартысына жуығы қазақ мәселесіне, онда да жер мәселесіне қатысты болды. Түркияда шыққан «Түрк юрды» секілді газеттер де, М.Шоқай шығуына тікелей атсалысқан «Иени Түркістан» жұрналы, Тәшкентте шық­қан «Ұлық Түркістан», Уфада «Уақыт» секілді газет-жұрналдар қазақ мәселесіне бірқанша көңіл бөлді, баспасөзден алынған орны да көлемді еді. Бұлардың бар­лығының түпнұсқаларын табуға болады. Екіншіден, бұрынғы аудармаларда ре­дак­циялық қателер баршылық. Ал кейінгі жылдары ғалымдар, ізденушілер түпнұсқамен жұмыс істемей, керісінше, сол кеткен қателіктерді одан әрі қайталап барады. Бұл дұрыс емес. Ендеше, түпнұсқамен танысуға жағдай жасап, жолын келтірсек. Үшін­ші­ден, тіл білетін жас мамандарға көңіл бөлу. Оның ішінде де еуропа тілдерін емес, қазақтың ескі әдеби тілдерін, түркі-шағатай, араб-парсы тілдерін білетін мамандарды да осы бағытқа көбірек тартсақ. Біздің арғы-бергі тарихымыздың басым бөлігі – осы тіл­дің қойнауында. Зерттеуді талап ететін тұс та – осы. Бұндай тақырыпқа баратын ғы­лымдарды қолдап, үлкен мектеп қалыптастырсақ екен.

Дихан Қамзабекұлы, Еуразия университетінің проректоры, алаштанушы:
– Бүгінгі онтомдық – Алаш қайраткерлері дәуірінің айнасы. Дәл осы дәуірде ұл­тымызға қатысты көп дүниелер туды. Бұның жақсысы қайсы екенін кейінірек анық­тармыз, алайда бізге бүгінгі керегі – Алаш көсемсөзінің мәтіні. Өйткені бұл бағытта атқаруға тиісті шаруа – шаш етектен. Басқасын айтпағанда, ұлтқа қадірлі үлкен әде­би, рухани тұлғаларымыздың еңбектері жеке кітап болып шыққан емес. Іздегенде сө­ремізден суырып ала қоятын тұлғалардың кітаптары жоқ әлі. Оны кім шығарады? Сон­дықтан кейінгі ізденгіш жастарды осы арнаға бұрсақ ұтармыз. Әсіресе ескі қазақ әде­би тілін (көне шағатай) білетін адамдарға сұраныс мол.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста