Алаш мұрасына адал ғалым

Алаш мұрасына адал ғалым

(әдебиетші ғалым Өмірхан Әбдиманұлы хақында)
Адам өмірінің қызық та қимас кезеңі жастық шақ десек, оның мерейлі де мерекелі, сәулелі сәттерінің қатарына студенттік өмірді жатқызуға әбден болар еді. Бұл тұс аңғал да алаңсыз шақ, албырт та балдәурен кезең әрі арман-аңсарла­рына, романтикалық-оптимистік серпін, сезімге де толы болып табылады. Мен Өмірхан Әбдиманұ­лын сырлы да жырлы студенттік кезден білемін. Бір курста оқымағанмен, қатар жүрдік.

Қатарының алды
«Ежелгі Тараздан, көне Құланнан кел­дім. Тарихтан белгілі, бұл өңір – ілкі кезең­нен-ақ көгорай көріністі, құнарлы мекен. Өмір-тұрмысқа жайлы, шаруашылыққа да қолайлы-ақ. Дала дидарына қарасаң, жазық та қырлы, таулы-қыратты тұстары да бар. Бастысы – кең өлке, байтақ өріс. Ну-суы мол, мерейлі мекен. Жүйрікті баптаған жер», –   деді алғашқы таныстық тұсында.
Өзі екпінді, сөзі серпінді екен. Өктем үн, өршіл сезім  бар. Ақсүйектік аңғарылды. Сезімталдық, сырбаздық та байқалды. Университетте, жатақхана мен кітапханада кездесіп жүрдік. Ашық-жарқын жүреді. Көңілін кеңге салып, азаматтық, мәрттік мінез танытатын тұстарының да барын байқаған едік.
«Әй, бала! Мені ұмытқан жоқсың ба?!» дегенді кездескенде, көрген жерде айта­тын болды. Университетте, М.Әуезов атын­дағы әдеби бірлестік жиындарында, студенттік конференцияларда да жақын-жуық жүргеніміз есте қалып қойыпты.
Жаратылысынан қатты сөйлейтіні бай­қа­лады. Серпінді сөзі, өктем үні «кедергісіз-ақ» жетеді. ҚазҰУ-ге кеш келгенін,  дайындық курсынан өткенін әркез-ақ айтып жүрді. Оқытушы-профессорлар құрамымен де еркін, емен-жарқын жүр­генін көз көрді. Той басқарғаны, асаба болғаны байқалып тұратын-ды. Еркіндікке ұмтылған, көкті аңсаған, бабы мен сыны сай келген қыран құстай басын тіктеп, екі иығын қатар қозғап, сұйықтау сарғыш шашын әлсін-әлсін қалыпқа келтірумен, «жуан мойнындағы» жұдырықтай галстугін жұлқа тартып, әлдене іздегендей жан-жағына көз тастап, көңілі алабұртып, әлгінде «көз жазып қалғанын» лезде-ақ тапқандай шап беріп, жұлқи тартып, тап басатын тұстары да байқалып қалушы еді.
Оқу үлгерімі, ғылыми ізденіс көрсеткіш­тері жоғары болғандықтан, қатарларының алдына түсіп, Мәскеуде оқуын жалғасты­рып, журналистика факультетін бітірді. Облыстық газетте, телеарнада еңбек етті. Қазақ оқымыстыларының өмірі мен қыз­меті, шығармашылық мұралары хақында қызықты, танымдық-тағылымдық қырла­ры жоғары хабарларды қалың көпшілік назарына ұсынды. Ара-тұра аталмыш хабарлар – ТВ бейнеқорлары коллекция­сы­нан көрсетілетіні де бар. Кезең, уақыттың бедері де білінеді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында ұстаз­дық қызметіміз ҚазҰУ-де қатар жалғасты. Қазақ әдебиеті кафедрасында бірге жүрдік. Қатар, тұстастары – Ә.Бейсе­баев, Қ.Сыздық, А.Жақсылықов, Ж.Мәм­бетов, Ф.Бейсенбаев, Ж.Жақсымбетов, М.Оразбай, А.Қалыш, Л.Асқар, З.Шілде­байұ­лы, Ш.Құрманбайұлы, Д.Көшім, М.Мал­бақов, Е.Тілешев, Ж.Смағұлов, Н.Сағындық, Ш.Шортанбай т.б. байла­ныс-сабақтастығы, аралас-құраластығы, әзіл-қалжыңдары қызғылықты болатын-ды.
Факультет деканының (проф. Ж.Дәде­баев) күндізгі және сырттай бөлімдері бойынша орынбасарлық қызметті де қатар атқарған едік. Сол тұстарда елдік мұрат-мүдде, ұлт руханиятының арғы-бергі арналары, қазақ сөз өнері тарихының бел-белестері,танымал тұлғалардың тағдыр-талайы, уақыт пен кеңістік сырлары, тіпті арыдағы арналарды айтпағанның өзінде, алдындағы аға буынның өмірі мен қызметі жайлы толғаулы ой, толғамды пікірлер айтып, әңгімесіне қызықтырып отыратын еді. Әсіресе ұстаз-оқытушыларының жауап­кершілігі мен жанашырлығын сағынышпен, сүйіспеншілікпен еске алып, тебірене әңгімелеп, ұстаздық қызмет мерейлі міндет әрі ұлт пен ұрпақ қамына қатысты жауапты іс  екенін жан-жүрегімен түсінетінін сездіре келе, «ұстаздыққа, ғы­лым­ға адалдықты кейінгілердің бойынан таба алмай жүрміз ғой» дейтін. 
Тағылымды ғалым
Өмекеңнің, сөз жоқ, ұстаздар арасында академик З. Қабдоловқа, профессорлар Т.Кәкішұлы мен А. Қыраубаеваға деген құрметі мен бағалауы аса жоғары. Ол негізсіз де емес еді. Өйткені олардан дәріс тыңдап, сабақ оқып ғана қоймай, ұстаздық тағылым алған. Ұстазы ретінде қамқорлық­тарын көрген. Олар туралы жазған ойлы мақаларында азаматтық келбетін, адам­дық қасиеттерін, ұстаздық тағылым-тәлім­дерін, ғалымдық  болмысын жан-жақты ашу үлкен ризашылық сезіммен өріледі. Бұл ұстазға, алдыңғы толқынға деген көл­гірсуі жоқ, жүректен шыққан  шынайы тағ­зым деп білеміз.    Өмекеңнің әдемі сөйлеу­ге, көркем сөйлеуге жаны құмарлығы, сөзге шешендігі Зекеңдей ұстаз­дардан жұққандығы ұстаз шешендігі туралы ойларынан көрініп-ақ тұрған жоқ па?!
Осы ұстаздарына қатысты келесі бір байқалған жағымды да ұнамды құбылыс – профессор Т. Кәкішевпен  ұстаздық-шәкірт­тік қарым-қатынаста, аға-інілік жақын-жуықтығындағы еркіндік. Ағалап жүріп сөзін өткізетін, кейде жалтармай турасын айтып, мойындатып қалатын жайлары барлығы. Мұның өзі көбінде астарсыз әзіл, пердесіз көңіл толқынындай жүзеге асатындықтан Тұрсекең – Тұрсын­бек Кәкішевтің «Ауыз өзінікі. Гәп – айта бі­лу­де ғой!» деп шәкір­тіне кеші­ріммен қарап, қиын да  қилы түйін­дер­ді оп-оңай шешіп, тігісін жатқыза қоятын­дығы. Әнше­йінде, қатаң да қатал Тұрсе­кең­нің шәкіртіне елп ете қа­луы­нан бағалайтын­ды­ғының белгісі білініп-ақ тұра­ды.
Бұдан басқа Өмекең қа­шан да болса Б.Кенжебаев, Ы.Маманов, М. Жолдасбе­ков, Р. Әмір, С.Ордалиев, М.Сер­ғалиев, Т.Сайрамбаев, Р.Нұр­ғали, С. Мырзабеков, Х.Кә­рім,  А.Қыраубаева, Ж.Дәде­ба­ев т.б. ұстаздары мен әріптесте­рінің ақыл-пара­сат, оқу-білім, тәлім-тәрбие төңірегіндегі ке­мел көзқарасы туралы келелі әңгімелерін жиі айтып отыра­ды. Ол әңгімелердің өзінен кейінгі інілеріне де тағы­лым­дық мәнінің зор екендігі бесе­неден белгілі. Аға ұрпақ­қа, танымал тұлғаларға құр­­мет пен сүйіспеншілік жоға­ры болса, оның өзі, сөз жоқ, келесі кезекте өзін де нұрға бөлеп, мейірім шуағын төгіп, сәулелі сәтте­рін молы­нан түсіреді емес пе? Алдыңғы буын­ның басты мұраты, жауап­кершілігі, үлгі-өнегесі де осында болса керек-ті. Мұны Өмағаң жақсы ұғынған.
Жоғарғыдағы айтылғанның бәрі – Өмірханның тәрбие бесігінің негіздері. Бастысы – жастық кезде білім-ғылымға оң бағыт берілді. Ол адамды құрметтеуді, өмірге құштарлықты арттырды. Кітаппен табыстырып, ғылыммен достастырып  рухани нәр берді. Сол арқылы ақыл-парасатқа кең өріс ашылды. Адамдық іс ардақталып, адамгершілік қасиеттердің құны еселеп өсті. Игілікті іс атқарылып, ізгілікті қадамдар жасалды. Болашақ бағдары айқындалып, келелі келешекке сенім артты. Адам мұраты, жауапкершілік пен жасампаздық құны осы емес пе?!
Ұстаздық еңбек пен ғылымды ұштастырған
Ұстаздық қызмет-абыройлы, мерейлі міндет десек, бұл бағытқа екінің бірі бұры­ла бермесі анық. Оқу-ағарту ісі, білім-ғы­лым жолы қашанда қиын, бұралаң-қалтарысы да көп-ақ. Осы реттен келгенде, Ө. Әбдиманұлының әдебиетші-ғалым­дығы, ғылыми-педагогикалық қызметі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­сите­тінің – журналистика, сосын фи­ло­ло­гия факуль­тет­теріндегі ұстаздық жолдарынан көрініс береді. Біраз уақыт тележурналис­тика, қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқып, сосын ХХ ғасыр басындағы ұлттық сөз өнеріне біржола бет бұрды. Ұстаздық қызметпен қатар, ғылым жолына да қадам жасады.
 Асылы, білім-ғылым жолы бұралаң, қатпар-қалтарысы көп екенін ескерсек, Тәуелсіздік кезеңінің елең-алаңында Алаш мұратын асқақтатқан бір шоғыр қайраткер-қаламгерлердің шығармашылық мұра­ларының ақталуы (1988) қазақ қоғамын­дағы аса мәнді оқиғаға айналды. Олардың арасынан Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың әдеби еңбегі мен көсемсөздері, сөз жоқ, Ө. Әбдиманұлын ерекше қызықтырды. Көңілін баурап, арман-аңсарына айналды. Ахметтанумен шын «ауырды».
Ол алдында Ш. Айтматов туындыла­рындағы қазақ тақырыбына көңіл бұрып, бұл бағытта да бірқыдыру ізденіс жасаған-ды. Аспирант, ізденушілердің тақырыбын бекітетін тұстарда проф. Т. Кәкі­шұлы: «Алаш тақырыбы бізге жат емес. Ахаңның ақ жолына түсуіміз керек. Менің ұсынысым: «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицис­тикалық мұрасы» деген тақырыпқа тоқтап, бұл жігітті (Ө.Әбдима­нұлын) Алаш әлемін ашуға, оның көлең­келі-күнгей тұстарын танып-білуге бағыт­тауымыз керек», – дегенді анық та қанық айтады. Осы тұста кандидаттық диссерта­ция тақырыбы «А. Байтұрсынұлының әде­би-публицисти­калық қызметі» болып бекі­тілген еді.
Тәуелсіздік мұраттарын жүзеге асыру бағытында азаттық идеясы, ұлттық рух еркін көрініс берді. Ө. Әбдиманұлы осы тұста қаламын өткір ұштап, білім-ғылым көкжиегіне көз салды. Ахаңның ақ жолын таңдады. Нәтижесі белгілі, «А. Байтұрсы­н­ұлы­ның әдеби-публицистикалық қыз­ме­ті», «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр ба­сын­дағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні және жаңашылдық сипаты» атты тақырыптарда кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Бұдан басқа – көптеген тұшымды әдеби-ғылыми бағыт­тардағы ізденіс, зерттеу еңбектерін, оқу­лық, оқу-әдістемелік һәм танымдық құ­рал­дарды жарыққа шығарды.
Орайлы тұста аталған еңбектер арасы­нан ғалым ретіндегі Өмірхан Әбдиманұлы­ның басты еңбегін – «Ахмет Байтұрсынұ­лы» атты зерттеу-эссесін айрықша атауға тұрады. Кітапта ұлт руханиятының арғы-бергі кезеңі, әсіресе ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен оның даңқты тұлғала­рының өмір-тағдырлары, Тәуелсіздік мұраттары жолындағы жауапкершілігі мен жанкешті әрекет-қимылдары кең орын алады. Атап айтқанда, Алаштың азатшыл әдебиеті, қазақ сөз өнеріндегі ізденіс арналары, ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси һәм әдеби-рухани бағыттардағы ұстанымдары елдік мүдде, өркениеттік қадамдары кеңінен қарастырылады. Еңбек қазақ зиялыларының өмір-тағдырын, байланыс-сабақтастығын терең танытуда сүбелі үлес болып қосылды.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымының докторы, профессор

P.S.
Қарап отырсақ, ғалым ағамыз  ХХ ғасыр әдебиетіне қатысты біраз шаруаны тындырған екен. Қанағатшыл көңіл, салмақты сабыр үстемдік еткені байқалады. Ақыл-парасаты, ерік-жігері жеткенінше еңбек етіп келеді. Өйткені ұстанымы – Алаш, мұраты – Азаттық идеясы.
Ө.Әбдиманұлы кейінгі кезеңде бір кездері ұстаздары Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев иелік еткен қазақ әдебиеті  кафедрасын басқарды. Қазір өзі ғылыми-педагогикалық еңбек жолын бастаған журналистика факультеті деканы қызметін абыроймен атқарып келеді. Басшы болу  нұсқау беру емес, керісінше елге қызмет ету, өмір-тәжірибесін қалың көпке арнау екенін ол кісі терең түсінеді. Қысқа ғұмыр, өлшеулі уақытта мейірім азаймай, сезім селдіремесе екен. Сөз соңында Өмекеңе өмір-өзенде, ұстаздық қызметте жолың ашық, өрісің кең болсын демекпіз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста