Алаш пен айтысты ажырату мүмкін емес

Алаш пен айтысты ажырату мүмкін емес

Қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ұлттық өнердің төресі – айтыс десек, Алаш баласы мұны ағаттыққа балай қоймас. Сол айтыс өнері арамыздан сәл алшақтап қалып еді, қазақы рух қалғып бара жатқандай әрі-сәрі күй кешкеніміз анық. Бірақ кеудедегі шыбын жаны үшін тәннің ақырға дейін алысатыны секілді, айтыс үшін Жүрсін Ермандай Алаштың арда азаматы барын беруге даяр. Міне, соның арқасында сөз барымтасы қайта дүр сілкінді, бүршік жарды.
Сонымен, мамырдың 8-9-ы күндері Ал­матыдағы Студенттер сарайында ала­ман айтыс болды. Бұл жолы «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деген тақырыпты ту ете кел­ген аталмыш айтыстың бұрынғыдан өз­гешелігі неде? Біріншіден, көкірегіне то­лып қалған мұң мен шердің қылын шер­те­тін, солайша бір күлдіріп, бір жылататын айтысы мен айызын қандыра жырлайтын ақындарын сағынып қалғанын Алашы бұл жолы шын сездірді. Бұған біз сарайға ағ­ыл­ған елдің бет алысына қарап көз жет­кіз­дік. Әдетте екі мыңнан аспайтын билет ба­ғасы бұл жолы алты мыңға бір-ақ ас­пан­даса да, қымбатсынбай, билеттерді жапа-тармағай талап кеткенінен-ақ ба­ғам­дау қиын емес. Екіншіден, бұл жолы ай­тыс­қа қазақтың үш биі арқау болып, сол үш бидің атынан үш темір тұлпар тігілген еді.
Айтысты жүргізетін «сақал» кетіп, орнына желкілдеген «мұрт» келіп тұр
Бұл айтыс, расында да, елең еткізерлік тосынсыйларға толы болды. Біртіндеп санамаласақ, ә дегеннен жиналған жұртты елең еткізгені – айтыс жүргізушісінің ауыс­қаны. Құлынды биедей қашан болсын, қай­да жүрсе де айтысты ісі түгіл, ойынан бір сәт шығармай, бірге ертіп келе жатқан Жүрсін Ерман осы айтыста өз қолымен ай­тыс тізгінін Арқаның алдына жүйрік сал­дыр­мас асау ақыны Аманжол Әлтаевқа тап­сырды. Әрине, бұл айтыскерлер үшін де, Алаш үшін де үлкен жаңалық болғаны сөз­сіз. Себебі қазақ қашанда айтысты Жүр­сін Ермансыз, Жүрсін Ерманды айтыс­сыз елестете алмайды десек, еш өтірігі жоқ. Алайда Жүкең, яғни айтыстың «әкесі» алысқа кеткен жоқ, тек жүргізуші мінбері­нен қазылар алқасы тағына ауысып еді. Бұл нәрсе өз кезегінде ақындардың наза­ры­нан тыс қалған жоқ, тіпті бірі «айтысты жүргізетін «сақал» кетіп, орнына желкілде­ген «мұрт» келіп тұр» деп тайсалмай айтып сал­ды да.
Екінші бір жаңалығы тіпті қызық. Ес­те­ріңізде болса, қазақта бұрынырақта «Тел өскен ұлдың оралуы» атты фильм бар-тын. Сонда соғыс кезінде үйінен көз жазып қал­ған орыс бүлдіршінін қазақ отбасы ба­уырына басып, өсіріп, кейін елде бейбіт­шілік орнап, әлгі ұл есейген шақта өзі­нің туған анасын тауып барушы еді ғой. Сол секілді Ринат Зайытов та біршама уа­қыт айтыстан қол үзіп қалғанын білеміз. Ол төңіректегі дауға тоқталу турасындағы ойдан аулақпыз, айтайын дегеніміз – сол Ринаттың айтысқа қайтып оралғандығы. «Өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді» де­мекші, қан­ша тентек болса да, қанша жер­ден сыпсың сөздер айтылса да, ел Ринат Зайытовтай ұлының айтыстан бір­жола қол үзіп кет­пей­тінін сезіп еді. Сол үміт ақталды. Айнұр Тұр­сынбаева, Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Ерке­бұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Жан­дарбек Бұлғақов сынды кіл мықты деген жиырма шақты ақынның арасынан алғаш­қы болып айтысты бастау мәртебесі де Ринаттай марқасқа ұлына бұйыра қалға­ны. Айтысқа сусап жүрген жұртшылық ә де­геннен-ақ дүр сілкінді. «Шындықты айту болып тұр қылмыс бүгін» деп бастап, қа­зақ­тың шым­байына батып жүрген бар мә­селені айтып салған ол Нұрлан Есенқұлов­пен додаға тү­сіп еді, қарсыласын жеңіп шық­ты. Тағы бір айта кетерлігі, бұл айтыста бұрынғыдай қазылар ұпай көтермей, да­уысқа салу ар­қы­лы, «бірі жеңді, екіншісі жеңілді» деген тәртіп салтанат құрды. Ал Жүрсін Ерман­мен қатарлас қазылар алқа­сы орынтағына еліміздің азулы, танымал басылымдары­ның бас редакторлары жай­ғасты. Атап айт­сақ, олар «Айқын» газетінің бас редак­то­ры Нұртөре Жүсіп, «Алматы ақшамынан» – Қали Сәрсенбай, «Алаш айнасынан» – Серік Жанболат, сондай-ақ «Қаламгер-ме­диа» орталығының дирек­торы Жанар­бек Әшімжан еді.
Үш би, үш қыз, үш көлік...
Әрине, жұп-жұпты тізіп айта берсек, ма­қа­лаға сыйдыра алмасымыз анық, сон­дықтан ең есте қалған жұптардың айты­сына тоқталсақ. Үш би арқау болып, үш көлік тігілген бұл айтысқа кәмшат бөркін ғана емес, үмітін де үкілей келген үш қыз бол­ды. Оның бірі – қыз болса да тал бойы­нан Махамбеттей батырдың өрлігі есетін Ақ Жайықтың аруы Жансая Мусина, екін­шісі – Жүрсін ағасы күллі Алашының ал­дын­да «Алланың Алаштың маңдайына бі­тір­ген бағы» деп бағалаған Сара Тоқта­мы­сова бол­са, үшіншісі – от ауызды, орақ тілді, отыз төрт көлікті Айнұр Тұрсынбаева. Үш қыз да бұл айтыста асау аттай ауыздық­тарын қарш-қарш шайнап, қарсыластарын сөз семсерімен бірде аямай кескілесе, бірде қызға тән нәзік те ерке қылықтарымен баурап алып отырды. Әсірсе Жансая мен Еркебұланның (Қайназаровтың) айтысын­да халық қайсысын таңдарын білмей, «еке­уін де, екеуін де» деп, екі саусақтарын көк­ке көтере айғайлады. Сондай-ақ Айнұр Тұрсынбаева мен «айтыстың сүт кенжесі» ат­ан­ған Сырым Әуесханның айтысы ел-жұртты сондай керемет күйге бөледі. Се­бе­бі бірі ене, екіншісі күйеу бала кейпіне еніп, солайша ә дегеннен әзілдері жараса жөнелген еді. Кенженің ерке назына басып Сырым бала Айнұр апасына «Сен Жандар­бек­ке – әтір, тағы біреуге тіпті темір тұлпар да мінгізе салыпсың, ал маған ше?» деп бас­тап еді, онысына апасы да еш тосыл­мас­тан мырзалыққа басып, саусағындағы сақинасын шешіп бере қойды. Осыны Сырым бала тапқырлықпен іліп әкетіп, «осы сақинаңды мен сізге күйеу бала болып, қызыңызға қайтарайын» дегені. Басқаларды қайдам, өзіме дәл осы сәт бая­ғы Бекарыс Шойбеков пен Әсия Бер­кенованың айтысын елестеткен еді. Бал­ғынбек Имашевтай байыпты, иманжүзді ақын мен жанған оттай лапылдап тұрған Жандарбек Бұлғақовтың айтысы да ерек­ше есте қалды. Айтып-айтпай не керек, екі күнге созылған айтыста сөз болмаған мә­се­ле, айтылмаған әзіл қалмады десе де бол­ғандай. Ел мен жер мәселесі, жікшілдік пен жершілдік, дүмшелік пен мәңгүрттік, салт-сана мен тіл мен ділдің өзегіне түскен жегі құрттай мәселелер айтылған сайын, жиналған жұрттың айызы қанып, арқасы қоза түскені сонша, екі күнде де бес сағат бойы тапжылмастан отырып, айтысты ая­ғына дейін тамашалады.
Алаш барда айтыс та, Атымтайлар да жасай береді
Естеріңізде болса, біз қазақтың бай де­ген ұғымының мәні мен парасаттылығы­ның басқа халықтардың дәулеттілеріне еш ұқсамайтын бөлек бітімін сөз еткен бола­тын­быз. Қазақта малға да, жанға да бай ауқаттыларының кезінде қазақ балалары­ның оқып, білім алып, сол арқылы Алаш ар­ыс­тары сынды нағыз ұлт элиталарының пайда болуына түрткі болғанын тілге тиек еткеніміз бар. Сондай бай, сондай атым­тай­лардың жалғасы арамызда әлі барын дәлелдеп келе жатқан бірден-бір сала осы – айтыс өнері. Айтыс десе, жалпы қазақ десе, ішкен асын жерге қоятын сондай жандардың тіпті біршамасы елге танымал да. Мәселен, Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев, Исламбек Салжанов сынды азаматтар әлі де болса өздерінің сол бол­мыстарын сақтап, тіпті айтысқа демеу көр­сетуді өз міндеттеріне балап алғандай да. Осы жолы да Төле, Қазыбек, Әйтеке сын­ды үш бидің атынан үш көлік мінгізген осы бір азаматтар еді. Сонымен, екі күнге со­зыл­ған бұл айтыста 10 ақын суырылып ал­ға шығып, соның біразы қалталарына 100 мың теңгеден қаламақы салса, үш жүйрік үш көлік тізгіндеді. Оның бірі қасиетті Қор­қыт мәңгі тыныс тапқан Сырдың ақыны Мұх­тар Ниязовқа, екіншісі сара сөздің сар­дарындай Сара Тоқтамысоваға бұйыр­са, бас жүлдеге Балғынбек Имашев лайық деп танылды.
Жүрсін Ерман:
– Айтыс – қазақтың ұяты, намысы, рухы. Біз, шыны керек, кейде өз ұлты­мыз­дың ұлыларын да ұмытып кетеміз. Айталық, Абылайханның 300 жылдығын ұмыт қалдырғанымыз өтірік емес, Біз оны осыдан екі жыл бұрын 2011 жылы атап өту керек болатынбыз. Осындай атау­сыз қалған талай тұлғаларымызды естен шығармай, атаусыз қалдырмай келе жатқан бірден-бір сала болса, ол – осы айтыс. Біз өр Махамбет тойын, Кене­сарының тойын да атап өттік, оған өздеріңіз куә, қадірлі көрермен. Мемле­кетке қол жайып отырғанымыз жоқ, сіз­дердің ықыластарыңыз бен, сіздердің кө­мектеріңіз арқылы өткізіліп келе жат­қан айтыс. Бүгін, міне, үш биге атап отыр­мыз. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз шарт, бұл айтыс әлдеқашан аруаққа ай­нал­ған үш биге керегі жоқ, бұл айтыс бү­гінде көзі тірі қазаққа керек.
Бекболат Тілеухан:
– Айтысты қазақтан ешкім ешқашан ажырата алмайды. Өйткені ол – біздің қанымызға сіңген өнер. Өзінің ішінен шық­қан өнер болғандықтан да ол басқа жасанды өнерлер сияқты емес, қазаққа өте жарасып тұрады. Мысалы, басқа бір тележобаларды көресіз ғой, қанша жер­ден иіп әкеліп тұрса да, біртүрлі қа­зақ­қа жараспай тұрады. Өйткені олар өзіміздікі емес, жасанды нәрсе. Ал айтыс өз ішінен шыққан перзент болғандықтан жарасы­мын тауып, әр қазақтың жүрегі­нен орын алып тұрады. Сондықтан да қазақтан айтысты ажырату деген бос сандырақ, бос қиял. Айтыс – қазақтың жаны. Әйт­песе кеңестік империя бекерден-бекер Жамбылды алғы шепке қоймаған. Атал­ған империя өз ойын қазаққа Жамбыл арқылы сіңіруді көздеген.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста