Алаш поэзиясы абызынан айырылды
Бүгін Алаш поэзиясы өзінің данагөй абыздарының соңғы тұяғындай қазына қарт, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақ әдебиетіндегі қайталанбас құбылыс – Қадыр Мырза-Әлиді ақтық сапарға шығарып салды. Жауһардай жырлары күллі қазақ жұртының баға жетпес рухани байлығына айналған Қадыр аға қаңтардың басында ғана 76 жасқа толған еді...
Тырнақалды туындысы “Пионер” журналында жарияланған 1954 жылдан бастап, дүниеден өтер-өткенше қаламы жазудан, қағазы өлеңнен құрғамаған арқалы ақын күні бүгінге дейін оқырманға 40-тан астам жыр жинақтарын, әдеби-сын жанрындағы еңбектер мен прозалық кітаптар, көптеген ән мәтіндерін, сонымен бірге он бір томдық көркем аударма ұсынған екен. Бас-аяғын жинақтай келгенде жалпы көлемі 30 томды құрайтын осыншама мол, онда да ел-жұрттың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген інжу-маржан мұраны дүниеге әкелу үшін де суреткерлік зор қасиет қажеттігі анық.
Осы тұрғыдан алғанда,
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! –
деген қарапайым ғана шумағы ұлт ұланы үшін ұранға айналғаны өз алдына,
Нағыз қазақ қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра! – немесе:
Азандағы мал үні – атамыздың
гимні... –
сондай-ақ:
Жанартаудың сөнгендері – даңқты,
Атылмаған жанартаулар – қауіпті... –
және де:
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі өзгені де жылатып.
Жылайтыны туа сап –
жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде –
жақсылар бар қимайтын, –
деген тәрізді жүрекке жылы, көңілге қонымды өзіндік ой орамдары жырсүйер қауымның әркез жадында. Өлеңдерін былай қойғанда, Қадыр ақынның «Мансапқордың кеңсесі биік, еңбекқордың еңсесі биік», «Жомарттар қарыз береді, сараңдар қарыз алады», «Адамдарды өмірдің өзі өлтіріп, құжатына «өлім» деп қол қояды» деген тәріздес афоризмге айналған ұтымды ойлары қаншама!..
Бір анығы, найзаның күшін қаламның ұшымен аңғартып, бір сөзге бір ғасырдың жүгін арта білетін қазақ сөзінің ұлылығы Қадыр ақын жырынан кеңінен көрініс тапты. Кеңсе жұмысынан 40 жасында кетіп, таза шығармашылықпен айналысқан ол, үйде отырған әрбір 10 жылында 20 жылдың жұмысын істеді, әдебиеттің қай жанрында болсын, өндірте жазды. Басқа еңбектерін былай қойғанда, ақынның балаларға арналған шығармаларының өзі – екі том. Рас, ақынды әр-әр жерге қызметке шақырушылар қай кезде де аз болмаған. Бірақ өзі айтпақшы, оның ар жағында бәрібір әдебиет тұрды. Ел егемендігіне дейін де, одан кейін де тоғыз жыл Жоғарғы Кеңеске депутат болған Қадыр ағаны биік мансап та қызықтыра алған жоқ. Ақынның өзі мұның мәнісін «Маған өзі қайсысы тиімді?» дегенде әдебиетке көбірек пайдам тиетінін түсіндім. Егер одан артылып, қолымда бірдеңем болып жатса, әрине, халқыма көмектесемін. Тіпті менің жазған дүниелерімнің өзі де – елге көмек. Шынымен де, халықтың мұңын әдебиет арқылы көрсетсең, ол әлдеқайда жақсы емес пе? Ал билікте жүріп бәрібір ештеңе істей алмас едім» деп түсіндіргені бар. Яғни ақын ұстанымына сүйенсек, әдебиеттің өзі – майдан, жазушылықтың өзі – қайраткерлік. Бұл ретте, Қадыр аға – қазақ әдебиетінің көрнекті қолбасшысы деңгейінен көріне білген санаулы қаламгерлердің бірі. «Осы уақытқа дейін менің кітап шығармаған жылым болған емес» деп өзі айтқандай, ақын бұл ретте, әдебиетке шын мәнісінде ардың ісі деп қарады.
Туындылары таптаурындылықтан, жасандылықтан ада Қадыр Мырза-Әли эссе жанрында да қалам тартып, оқырманға «Иірім», «Жазмыш» атты тың дүниелер ұсынды. Аталмыш еңбектердің жазылу тарихы да қызық. Ол туралы бірде өзі: «Менің ежелден бергі әдетім – кітап оқып отырған кезде өзіме ұнаған жерін қарындашпен сызып отырамын. Онда да «осы маған ертең керек болады» деген оймен. Содан бір кітаптан әлденені іздеп отырып: «Не сыздым екен?» – деп аяғына дейін қарап шықтым. Сөйтсем, бәрі – керекті нәрселер. Келесі кітап та, одан кейінгісі де солай. Сосын: «Әй, мынаның барлығын біреулер білуі керек қой. Бұларды енді қашан пайдаланамын?» – деп ойладым. Сөйтіп, бәрін қағазға көшіріп едім, 500 беттей дүние шықты. Соларды тақырып-тақырыпқа бөліп отырып, үш айда 12 тараудан тұратын «Жазмышты» жазып шықтым. Әйтпесе менде проза жазамын деген ой болған емес, «поэзиямен осы кеткенім – кеткен ғой» деп ойлап жүргем. Ал «Иірім» түгелдей өзіме, өз ортама, болмаса, қазақ әдебиетіне байланысты. Және бәрі рас. Мен оны ешбір кітаптан алған жоқпын, бәрі – өзімнің көрген-білгенім», – дегені бар. Бұл орайда, ақын үшін әдеби ортаның, былайғы ел-жұрттың не ойлайтыны, қабылдау-қабылдамауы емес, ақиқаттың маңызды болғаны анық. Себебі ақынның ойынша, «қаншалықты ащы болса да шындық айтылуы тиіс және ол өте маңызды. Жалпы, айтылмаса, онда оның несі шындық?».
Ал бүгінгі шындық – ақиқатты ту етіп, ақындықтың, адамдық пен азаматтықтың тұғырынан таймай өткен сол марғасқа енді жоқ. Алаш жұртына әлі талай сүбелі дүниелер беруге Қадыр ағаның қаламгерлік қуаты жететін еді. Бірақ жазмышқа не шара?!
Арғымақ өледі,
Артында шаң қалып,
Ақындар өледі,
Бәріне таңғалып!.. –
деп бір кезде өзі жырлағандай, бәріне таңғалумен, тамсанумен бақиға аттанып кете барды. Дәтке қуат етеріміз, қазақ деген жырсүйер халық барда Қадыр ақынның да аты өшпейді, өлеңі өлмейді. Ақын мұрасы – мәңгілік мұра.
Үкілі үзінділер
(Қадыр Мырза-Әлидің «Алаш айнасына» шыққан сұхбаттарынан)
***
... Өз басым жомарттықты үлкен қасиет деп есептемеймін. Қолыңнан келгенше көмектессең, әне, сол – керемет қасиет. Тектен-текке ақша шашып жүрген адамды көрсең айтшы, мен содан барып ақша сұрап алайын. Оның бәрі жасанды, өтірік істейді. Менің «Жомарттар қарыз береді, сараңдар қарыз алады» деген бір афоризмім бар. Жомарттар неге қарыз береді? Өйткені олар жинайды, ал аналар шыдамайды, алып қояды. Екеуінің арасы жер мен көктей...
***
... Осы өтпелі дәуірдің өзінде де біз қоғам азаматының образын жасауға тиістіміз. Егер жақсы жазушы болсақ, заманның қалай қарай ағып бара жатқанын түсінсек, ол жасалар да еді. Бірақ мен ондайды әзірге көре қойған жоқпын. Бәлкім, оған уақыт керек шығар. Рас, жамандық, зұлымдық, жемқорлық жағынан небір кейіпкерлерді өмірдің өзі сомдап жатыр. Алайда олар біздің әдебиетімізден әлі көрініс таба қойған жоқ.
***
... Қазақта үлкендердің жастарға қаратып айтатын: «Біз базардан қайтқан адамбыз, сендер базарға бара жатқан адамсыңдар», – деген керемет бір сөзі бар. Бұл – ескі образ. Көп нәрсе біздің ішімізде кетуі де мүмкін. Бірақ біз қолымыздан келгенше біраз нәрсені айтып қалдық. Бір байқағаным, қазір әдебиетке келуші жастардың саны азайып барады. Ал осы салада тер төгіп жүрген бірлі-жарым жастар көзсіз батырлар сияқты. Сондықтан әдебиетімізді өсіреміз десек, дарынды жастарға қолдау көрсетуге, жағдай туғызуға мейлінше тырысқанымыз жөн.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Іргетас
Шежіреміз қию-қию,
Шырғалаң.
Шырғалаңды ұқпай менің жүр балам.
Жер үстінде бір шаһарым ер жетіп,
Жер астында шөгіп жатыр бір қалам!
Ерім менің!
Жерім менің шерменде.
Жырта қалсаң,
Жыр шығады көрден де!
Қырық эпос –
Қырық батыр жайында...
Қазақ жазбай,
Біреу жазып берген бе?!
Таусылмайтын парасат бар термемде,
Термешіге дайын тұрар төр менде.
Тылсым дала басқаныкі болған да,
Тегін тастап, көшіп кете берген бе?!
Опасыздар шындығымды жырмалап,
Ойдағыны бойдағыға жүр балап.
Жеткенімді қалай жазсаң, олай жаз,
Өткенімді жазба бірақ бұрмалап!
Айналайын, арғысынан кім безген!
Ақиқатқа қарау керек бұл көзбен.
Теріс тарих қажет емес Тұныққа
Теріс түскен сұлбадай бір күмбезден!
Өкінішті
Көп нәрсені кеш білген.
Оқымысты!
Көмек күтпе еш тілден!
Тарих қымбат қандай болса, сол күйде
Тәуір тарих сұрамаймыз ешкімнен!
Сарғайдық қой артын күтіп әліптің,
Сырын неге жасырамыз алыптың?!
Жаман болса, жаман болсын
Жарқыным,
Өз тарихын өзіне бер халықтың!
Әр дәуірдің болады өз шайыры
Ақ-қараны алатын тез айырып.
Заманымды қайырмасаң қайырма,
«Жаманымды» берсең еді қайырып!
Елімізге керек емес ертегі!
Ертегіні өз балам да шертеді.
Тарих керек!
Іргетасы ол халықтың,
Іргетассыз қаланбайды Ертеңі!Қадыр Мырза-Әли
• Өмірдерек
Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза- Әли 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. 1962-1965 жж. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры болды.
Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. 200-ге жуық ән мәтіндерін жазып, көптеген өлеңдері оқулықтарға енген. Ұлт поэзиясын жаңа белеске көтерген ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға да ерекше үлес қосты.
1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қадыр ақынға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны мәтінінің авторларының бірі, «Парасат» орденінің иегері. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.
Ақынның өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин т.б. көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петефи сынды әлем классиктерінің жырларын қазақ тіліне аударған.
Сәкен ИМАНАСОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Қадірі бөлек Қадырымыз еді...
– Бұл жалған дүние кімдерге опа беріп еді?! Алаш жұрты тағы да аза тұтып, күңіреніп, аса бір қимас ұлынан, арқалы ақын, абыройлы азаматынан айырылып қалып отыр. Осыдан біраз бұрын Қадекең қатты ауырып жатыр дегенді естіп едім. Өзі де бәріміз секілді оқта-текте аз-кем сырқаттанып барып, емделіп, аяғына тұрып кететін. Рухы мықты жан еді ғой, көп ұзамай дертінен жазылып кетер деп сендік. Бірақ амал не, темір тырнағын ішіне бүгіп келген кәрі ажал Қадекеңді де арамыздан алып кетті. Ол алдына жан салмаған жүйріктеріміздің бірі емес, бірегейі еді. «Халықтың Қадыры, Қазақтың Қадыры» атанып, күні-түні көз майын тауысып көп еңбек етіп, берерін беріп-ақ кетсе де, ардақты қаламгеріміздің қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырып кетті. Қадекең бәріміз үшін, әсіресе, өнер адамдары мен өлең қайраткерлері үшін орны толмас ірі тұлға еді. Ол – нағыз дейтіндей биік деңгейде бағалауға тұрарлық қаламдасымыз, замандасымыз болатын. Амал қанша, біз енді Қадекеңді ұдайы қимастықпен, сағынышпен еске алып жүретін боламыз. Қош бол, Қазақтың Қадыры...Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Санада сілкініс тудырған ақын
– Ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза-Әлидің есімі әр қазақтың жүрегінде жазулы. Өйткені Қадекең өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ деген ұлттың болмысы мен табиғатын ашуға арнап, елдің рухани өсуіне қызмет етті. Кезіндегі Кеңес заманының өзінде-ақ алғашқы жыр жинақтарынан ол өзін шын мәнінде ұлттың ақыны екенін дәлелдеген. Өз ұлтының қадір-қасиетін ардақтап, ұлылығын паш ете білген ақын балалар әдебиетінде де қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ол талғамы жоғары шығармалары арқылы бірнеше буын ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиеледі. Көркем аударма саласындағы еңбектерінің өзі бір төбе еді. Әдебиетте қалам тербей жүріп, бірқатар жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. Қадыр ағамыз кезінде Жоғарғы Кеңестің депутаты болды әрі сол Кеңестің бір комитетіне жетекшілік еткен. Қашанда ақиқаттың алдаспанындай жарқырап шыға келетін Қадекеңнің бойында ақындығымен қоса, елдің сөзін сөйлейтіндей қайраткерлігі де қатар жүретін. Қадыр Мырза Әли қазақ өлеңіне құбылыс болып келіп, өзінің парасаттылығымен, ой-танымының тереңдігімен, асқан білімдарлығымен миллиондаған оқырмандардың есінде қалды. Уықтары түгел шаншылып тұрған биік шаңырағымыз бен бүтін керегеміз, іргелі еліміз барда, Қадекеңдей тұғырлы тұлғамыз ешуақытта ұмытылмайды.Аманхан ӘЛІМ, ақын, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:
Өлеңге адал болатын...
– Күллі қазаққа қадірі артқан үлкен талант иесі, ақын Қадыр Мырза-Әлидің қазасы қалың елдің көңілін жадау етіп, ұлттық поэзиямыздың қабырғасын сөгіп кетті. Қадыр ағамыз өлең өрнегімен алып даламыз бен халқымыздың тыныс-тіршілігінің үлкен панорамасын жасай білді. Әдетте ақындардың жырлары сезіммен әспеттелген болып келсе, Қадағаңның поэзиясында сезім пернелері ақылмен көмкерілген. Ал ақыл мен сезімді ұштастыру тек үлкен таланттардың ғана қолынан келеді. Қадыр ақынның қандай өлеңін алып қарасақ та, оның астарында бір шындық бар. Өлеңге адал болды. Қызыл идеолоүгияның дәурені жүріп тұрған бұрынғы кездерде ұлт тағдырын айту өте ауыр болатын. Әйтсе де Қадағаң сондай қиын тұстарда:
«Біздің тарих о да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», – деген бір ауыз өлеңімен қазақ ұлты мен оның тарихына жасалынып отырған империялық отаршылдық саясаттың қиянатшылдығын ашып көрсете білген азамат ақын. «Қазақ — осы!» деп ұлтымызға тән жақсылы-жаманды қасиеттерімізді саралап, болмыс-бітіміміздің ішіне үңілді. Қадағаң – елін шексіз сүйген талантты ақын, білімді тұлға еді. Өкінішке қарай, қазақ өзінің арқа сүйейтін рухани жанашырынан, сөзін сөйлейтін жанынан айырылды.