Алаш құрметіне қойылатын ескерткіш қандай болмақ?
Кейінгі үш жылда Семейде тарих және мәдениет ескерткіштері санатынан табылатын үш ескерткіш орнатылды. Бірі жауға қол бастаған Қабанбай батырға арналса, екіншісі ортамызға қайта оралған абыз ақын Шәкерім Құдайбердіұлының мерейтойына орайластырып екінші рет қойылды, үшіншісі саяси қуғын-сүргін құрбаны, абайтанушы алыптардың бірі Қайым Мұхаметқанов ақсақалға арналған.
Олардың қатарын аз уақытта Парижді қазақ әнімен таңғалдырған әнші Әміренің, Алаш қозғалысының негізін қалаушы қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың құрметіне қойылған мүсіндер толықтырды. Бұлардың барлығы өз ісінде халық игілігі үшін жан аямай еңбек етіп, рухани мұра қалдырған, қандай болсын, сый – құрметке лайық тұлғалар. Дегенмен кәсіби шеберлердің, өнер сыншыларының ортақ ойына келсек, кейінгі жылдар аралығында қазақтың өнері мен ғылымының іргетасын қалауға бір кісідей атсалысқан осы азаматтарға арналған мүсін-ескерткіштердің сын көтермейтіндігі жиі айтылып жүр.
Семейдің өз басындағы ескерткіштерді сараптап қарасақ, бәрінің де бүкіл еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар екенін аңғаруға болады.
Ақиқатында, кез келген тарихи, архитектуралық мұраның мән-мағынасын талғам безбеніне салып баға беру үшін сол мұраның дүниеге келген уақытын, дүниеге әкелген қоғамын, қандай себептермен, кім үшін салынғанын анықтау керек. Сонда ғана оның көркемдік құдіреті жарқырай көрінеді. Сонда ғана асыл мұра шын мәнінде халықтың рухани игілігіне айналады. Қандай да болмасын, сәулет өнерінің ескерткішін көрген адамның қызығып, көптеген сұрақтарға жауап іздейтіні ақиқат. Кейінгі бес жылда «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының құрметіне ескерткіш орнату қажеттігі жайлы әртүрлі ұсыныстар айтылып жүр. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының жол бастаушысына айналған «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысы мен Алашорда үкіметінің ұлт тарихын қалыптастырудағы алар орны ерекше. Алашорданың уақытша орны – Семей каласы. Қаланың Заречная слабодка, қазіргі Жаңасемей деп аталатын бөлігін Алаш үкіметінің астанасы ретінде қалыптастыру жөніндегі шешім сол кездегі қала құрылысының бас жоспарына да енгізіліген.
Оның картасы қаланың Қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығында сақталған. Биыл осы ұсыныстарды ескерген ҚР Мәдениет министрлігі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Семейде «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының құрметіне ескерткіш орнату туралы шешім қабылдады. Ол ескерткіштің мазмұны қалай болар екен деп жүргенде, жергілікті әкімшіліктің назарына жоғарыдан бекітілген жоба нұсқасы келіп жетті. Қазақ қоғамының жол бастаушысына айналған қозғалыс басшылығында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбаев секілді көрнекті тұлғалар тұрғанын, қазақ зиялыларының «Алаш» қозғалысын құруының өзіндік ерекшеліктері болғанын, олардың демократиялық бағытты ұстанғанын білетін жұрттың жобада осы мазмұн көрініс бере ме екен деген үмітте болғаны анық.
Нұрбұлан ӨТЕПБАЕВ, ҚР Дизайнерлер одағы Семей бөлімшесінің төрағасы;
– Бүгінде атына заты сай емес біраз дүниелердің қаптап кеткені алаңдатады. Солардың қатарына ел алдында зор еңбегі бар, тарихи тұлғаларға жасалған ескеркішті тұлғаға арнап жасалған қиянат дегеннен басқа амал жоқ. Мәдениетті, эстетикалық талғамы жоғары қоғам өкілдерін тәрбиелеу – инемен құдық қазғандай күрделі іс. Өнерді танып-білудің өзі – өнер, ал оған баға беру тіпті қиын. Көзге іліккен картинаны атүсті шектен тыс мақтап жіберу бейнелеу өнерін танымағандық – делитанттық. Өкінішке қарай, өнер дегенде мамандардан гөрі, биліктің айналасында жүрген жандайшаптардың пікірі өтімді болып кететіні өкінішті.
Бұл мәселені сөз етіп отырғанымызға – «Алаш» ұлттық-демократиялық қозғалысының құрметіне Семейде енді қойылайын деп жатқан ескерткіштің нұсқасы себеп болды. Ескерткіштің жобасындағы жалау көтерген жалаңбас қазақтың қандай идеяны ту етіп тұрғаны белгісіз. Осы жобаның нұсқасын көрсетіп, біраз жастардан «бұл кімге арналған ескерткіш?» деген шағын сауалнама жүргізгенімізде, бірі «кедей, шаруаға шығар» десе, бірі «революционерлердің құрметіне» шығар,ал бірі «қолында жалауы болмаса, Қажымұқан атамызға ұқсайды екен» деген де пікірлер айтқан.
Бірақ бұл жобаны Алаш тарихына арналған деп ешкім дөп басып айта алмады. Тегінде бұл жобаны 32 жұмыстың арасынан таңдап алғанда комиссияның неге мән бергенін түсіну қиын. Әрине, біз мүсінші болмағаннан кейін оның көлемі, формасы, тіпті жасалатын материалы турасында сөз қозғаудан аулақпыз. Бір көргенде аталған дүние тақырыбына, мазмұнына сай болса деген ниет қана. Алаш тарихынан хабары мол, Алаш идеясын құрмет тұтатын, оны зерттеумен, кейінгі ұрпаққа жеткізумен айналысып жүрген азаматтарға да хабарласып, жолыққан едік.
Тұрсын Шаңбай, алаштанушы:
– Алаш деген ұғым бүкіл бауырластықты білдіреді. Сондықтан береке-бірлікке шақырған адамның бейнесі қандай болмақ. Жалпы, Алашқа арналған ескерткіш өзінше асқақ болуы қажет. Ол біздің қаланың образын ашуы керек. Сол жағалау Алаш қаласы деп аталады. Ал егер Алашқа байланысты ескерткіштің мағынасы ашылмай тұрса, кейінгі ұрпаққа не деп түсіндіреміз. Алаш қозғалысын Қазан төңкерісін жасаған революционерлермен салыстырмау керек. Алаштың ірі тұлғаларының әрбіреуі бір-бір ғылымның басында тұрды.
Бір айтарлығы, қаламызда Алаш қозғалысына қатысты ауқымды жоба іске асырылғалы жатқанынан жергілікті ҚР Мүсіншілер және Суретшілер одағы бөлімшесі хабарсыз болып шықты. Тіпті олар жобаның нұсқасын талқылаған жиынға да шақырылмаған.
Білетініміз: оған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне орнатылатын ескерткіш белгілердің бірі ретінде қаржы қарастырылып, көпірге кірме жолдағы шеңберде жер телімі бөлінгені. Жоғарыдан бекітіліп кеткен жоба авторына басшылар «мүсіннің басына баскиім кигізіп, беліне белбеуін тақсаңыз болды» дегендей ғана ескерту жасаған екен.
Осы тұрғыдан алғанда, иісі қазаққа ортақ дүниенің құрметіне қойылатын белгінің алаштанушылардың қатысуынсыз бекітіліп кеткені таңғалдырады. Десек те, жобаға жақсы да мағыналы өзгерістер енгізуге әлі де болса кеш емес.